📰 Сарапшылар пікірі

Өнеркәсіп тағдыры таразыда тұр

Өнеркәсіп тағдыры таразыда тұр

Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, жағдай аса дабыл қағарлық болмаса да, маңызды мәселелер қайтадан алға шығып отыр. Ол Kazakhmys пен Kazcink активтерін қайта сатып алу әрекеті жасалғанын, сонымен бірге Карметке қайта оралғанын атап өтті. Бұл процестердің әрқайсысы ел экономикасы мен аймақтардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді, деп жазады Ozgeris.info.

Айтуынша, Kazakhmys, Кармет және Kazcink кәсіпорындарының қызметі шамамен 1 млн адамға әсер етеді. Бұл отбасылық коэффициентті есептегенде ел халқының 5 пайызына жуық. Сонымен қатар бұл компаниялар 5 немесе 6 өңір үшін бюджетті қалыптастыратын негізгі тірек болып отыр. Сондықтан оларды дұрыс басқарудың бағасы өте жоғары. Мұндағы әрбір дұрыс шешім немесе қателік әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін. Экономистің сөзінше, бұл жай ғана миллиард доллардың қозғалысы емес, бұл өңірлердің гүлденуі немесе керісінше ауыр әлеуметтік дағдарысқа ұшырауы мүмкін тағдырлы мәселе.

 «Бұл бір миллиард долларды оңға немесе солға жылжыту емес. Бұл елдің индустриялық қаңқасы. Дұрыс басқарылса өңірлер дамиды, ал қате болса адамдар жұмыссыз қалады, көш басталады, ішкі көші қон күшейеді. Мұның әлеуметтік әсерін бағалау өте қиын. Компаниялардың есептілігіне де қайта үңілетін болсақ, оның ішінде автокөлік өндіруші Allur, аймақта бірнеше жүз мемлекеттік нысан салған Qazaqstroy және ең ірі мемлекеттік мердігер Integra бар. Allur автокөлік өнеркәсібі үшін елеулі субсидия алып отыр. Ал құрылыс компаниялары мен мемлекеттік мердігерлерге қатысты субмердігерлер тарапынан төлем толық жүргізілмеді деген алдын ала шағымдар бар. Сонымен қатар бұл компаниялар арқылы 1 трлн теңгеден астам мемлекеттік келісімшарт өткен», дейді ол.

 Осы тұста қаржыландыру мәселесі туындайды. Р.Рысмамбетов Кармет бойынша ақпараттың әлі ашылмағанын айтады. Оның сөзінше, шамамен 1 млрд доллардың қайдан келгені әзірге белгісіз. Ал Qazaqstroy мен Integra ішкі нарықтан мұндай көлемде қаржы жинай алмайды, өйткені Қазақстан ішінде дайын ақша жоқ. Сондықтан қаржы көзі ретінде мемлекеттік қаражат немесе шетелдік қарыз тартылуы мүмкін.

 «Осыған байланысты ол тағы бір сұрақ қояды. Неге TauKen Samruk үнсіз отыр? Бұл ұлттық тау кен компаниясында Integra мен Qazaqstroyға қарағанда білікті мамандар көп. Олардың пікірі қандай? Иә, олардың да проблемалы активі бар, ол ShalkiyaZinc. Бірақ ол жаққа мемлекет қаржы бөледі деген әңгіме бар. Бөле ме, бөлмей ме, жағдай тез өзгеріп жатыр. Кармет, Kazakhmys және Kazcink активтерінің үшеуі де күрделі жағдайда. Олардың әрқайсысы терең реструктуризация мен жоғары кәсіби басқаруды талап етеді. Теміртау халқы таза ауаны күтуде. Өскемен тұрғындары химиялық әсерден шаршаған. Ұлытау облысына инфрақұрылым мен тұрақты жұмыс орындары ауадай қажет», дейді ол.

Ол сондай ақ бұл активтерге Қытай мен Ресей тарапынан қызығушылық барын жасырмайды. Бірақ мәселе жаңа жұмыс орындарын ашуда емес, жер қойнауындағы байлыққа қол жеткізуде екенін айтады. Оның сөзінше, Қытай үшін Қазақстан мемлекеттік мүдде аймағы болып саналады, ал Ресейде артық капитал бар және бұл да олардың қызығушылық аймағы. Сонымен бірге ел ішінде бұл активтерді ескі Қазақстаннан сатып алып, кейін шетелдік инвесторларға қайта сату керек деген ойдағы адамдар да бар екенін айтады.

 «Бұлай болмауы керек. Бұл активтерді сатып алып, дамыту тек қазақстандық ойыншылардың қолында болуы тиіс. Біздің компаниялар Ресей мен Қытайдың ақшасын алмауға барынша тырысуы керек. Синдикатталған қарыздар арқылы әрекет еткен дұрыс. Әйтпесе 4 немесе 5 жылдан кейін қайта жекешелендіру, қайта тәркілеу басталып, құқық қорғау органдары тағы бәрінің соңынан жүреді», дейді сарапшы.

 Экономист бұл кәсіпорындардың алдағы жылдары жылдам табыс әкелмейтінін де ашық айтады. Оның айтуынша, экологияға, жаңа технологияларға және шикізатты өңдеуге ірі инвестиция қажет. Сондықтан Kazakhmys те, Kazcink те, Кармет те жақын арада пайда әкелмейді. Қазір бұл активтерде қаржы жағу кезеңі жүріп жатыр. Алдағы 2 немесе 3 жыл реструктуризацияға, жаңа жабдық алуға және өндірісті жаңартуға кетеді.

 «Қателіктің бағасы өте жоғары. Бұл бірнеше өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық. Оның салдары 1,5 жыл ішінде сезілуі мүмкін. Сондықтан барынша ашықтық, есеп беру, тіпті Қауіпсіздік кеңесімен, парламентпен және президентпен келісу қажет», деп түсіндірді сарапшы.

Барлық жаңалық