«Қазақмыс» корпорациясы алдағы жылдарға арналған ғылыми стратегиясын бекітті. Компания технология мен инновацияны дамыту үшін шамамен 8 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат өндірісті цифрландыруға, жұмыс сапасын арттыруға және ең бастысы кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалмақ деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Корпорация басшысы Руслан Өскенәлінің айтуынша ғылыми жобаларға ақша бөлу тек жаңа құрылғылар сатып алу емес. Бұл өндірістегі қауіп-қатердің алдын алудың тиімді жолы. Қазір компания жасанды интеллектті іске қосуға ерекше мән беріп отыр. Бұл технология кеніштер мен байыту фабрикаларындағы жұмыстың қалай жүріп жатқанын нақты уақыт режимінде көрсетіп тұрады. Мысалы "машиналық көру" жүйесі металл алу барысын талдап, қателік жібермеуге көмектеседі.
Тағы бір маңызды жаңалық байыту фабрикаларына қатысты. Енді заманауи жүйелер қандай да бір ақау шықпай тұрып, оны алдын ала болжай алады. Бұл техниканың тоқтап қалмауына және жұмыстың өнімді болуына жағдай жасайды. Сонымен қатар шикізаттың сапасын онлайн бақылайтын шешімдер де мақұлданды.
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Кеніштердегі газ мөлшері көп учаскелерді зерттеу жұмыстары жалғасады. Бұл жер астындағы апаттардың алдын алу үшін өте маңызды. Сондай-ақ компания экологияға зиянды азайтуды көздеп отыр. Жаңа технологиялар қалдықтарды қайта өңдеп, қоршаған ортаға шығатын шығарындыларды қысқартуға мүмкіндік береді.
Осылайша «Қазақмыс» ғылым мен технологияны ұштастыра отырып, өндірісті мүлдем жаңа деңгейге шығармақ. Бекітілген жоспарлар компанияның нарықтағы орнын нығайтып, жұмысшылардың қауіпсіз ортада еңбек етуіне жол ашады.