Жаңалықтар

Олжас Бектенов медицинадағы озық технологиялардың дамуын тексерді

Олжас Бектенов медицинадағы озық технологиялардың дамуын тексерді

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) және Nazarbayev University Биомедициналық зерттеу орталығының жұмысымен танысып, Президенттің медицинадағы озық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын қарады деп хабарлайды Оzgeris.info сайты UKIMET сайтына сілтемемен.

 

Үкімет басшысы Президент тапсырмасымен салынған ҰҒОО-ның жаңа корпусындағы жабдықталу деңгейін тексерді. Мұнда пациенттерге жоғары технологиялық емнің түрлері көрсетіледі.

 

ҰҒОО – радиациялық онкология саласындағы еліміздегі жетекші орталық. Мұнда жыл сайын 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу, жедел оталар, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы, сондай-ақ 330-ға дейін ағза мен сүйек кемігін трансплантациялау жүргізіледі.Онкологиялық көмек толықтай ТМККК және МӘМС аясында тегін көрсетіледі. Бұл мақсатқа мемлекет жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаржы бөледі. Соңғы үш жылда онкологиялық қызметке арналған бюджет 6 есеге артқан.

 

Кездесу барысында ҰҒОО-ға «АЭХА-ның зәкірлік орталығы» мәртебесін беру бойынша жұмыстар таныстырылды. Бұл мәртебе орталықты Орталық Азиядағы радиациялық онкология мен ядролық медицина бойынша жетекші аймақтық хабқа айналдыруға мүмкіндік береді.

 

Сонымен қатар радиациялық технологиялар орталығында обырды ерте анықтауға және емдеуге арналған радиофармпрепараттардың толық циклін өндіру жолға қойылғаны хабарланды. Қазіргі таңда 18F-FDG препараты өндіріледі, ол ПЭТ/КТ және елімізде алғаш рет қолданылатын ПЭТ/МРТ диагностикасына қажет. Жақын уақытта тағы 13 жаңа препарат шығару жоспарланып отыр.

 

Радионуклидтік терапия бөлімшесінде қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеуге арналған йод-131 препараты қолданылады. Оны қабылдаған пациенттер 5–7 күн оқшауланған палаталарда емделеді. Биылдың 5 айында мұнда 80 адам емделген, бөлімшенің жылдық қуаты – 300 пациенттен астам.

 

Денсаулық сақтау министрлігі радиофармпрепараттармен емдеуді қолжетімді ету мақсатында Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында арнайы сәулемен емдеу палаталарын қамтитын 6 өңірлік орталық құруда.

 

 

 

 

Барлық жаңалық