Қазақтың танымал әншісі Нұрлан Өнербаев Қасым Аманжол жүргізетін "Қасқа Жол" YouTube арнасының қонағы болды. Студияда өткен әңгімеде негізінен қазақ тілінің жағдайы мен қоғамдағы орны сөз болды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Өнер иесі әсіресе қазақтардың өз баласымен өзге тілде сөйлесуін сынға алып, мұндай жағдайдың жиіркеніш туғызатынын айтты.
"Өзіміздің қазақ азаматтары баласымен шүлдірлеп басқа тілде сөйлеп жатқандарға жиіркенішпен қараймын. Өте жиіркенішті жағдай. Өзіміз қазақтың баласы бола тұра, туғаннан бойымызға ананың сүтімен қазақтың тілі дамыса да өзге тілді құп көріп тұрамыз. Өз ұрпағыңа өз ана тіліңде сөйлей алмау деген, біріншіден өз ата-анаңды тәрк ету, өз болмысыңды тәрк ету және өз ұлтыңды тәрк ету, яғни бәрін жоққа шығару деген сөз. Мен енді ондай адамдарға алғашқы кезде ескерту де жасап көрдім, жұрттар өте ашуланып, қарсы сөйлейді. Сол себепті қазіргі кезде ешкімге ескерту жасауды да қойдым", – деді ол.
Әнші бұл мәселенің шешімі биліктің ерік-жігеріне байланысты екенін де тілге тиек етті. Оның пікірінше, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін оны ел рәміздерімен тең дәрежеге шығару қажет.
"Менің түсінігімде біз мемлекеттік тілді рәміздер қатарына көтеру керекпіз. Бізде әнұран, мемлекеттік ту, елтаңба – мемлекеттік рәміз. Мемлекеттік рәміздер туралы арнайы заң бар. Сол заң арқылы олар қорғалған. Міне, сол деңгейге біз қазақ тілін көтеру керекпіз, мемлекеттік рәміз ретінде. Сонда сол заңмен тіл қорғалатын болады", – деді Өнербаев.
Оның айтуынша, егер билік шын қаласа, елдегі барлық сала бір күнде қазақша сөйлеп кетуге қауқарлы.