Қазір отбасын құрып жатқан жұптар арасында неке келісімін жасау көбейіп келеді. Бұрын мұндай құжатты тек ажырасу алдында ғана ойлайтындар бар еді, ал қазір үй алу кезінде де, бірнеше жыл некеде тұрған соң да рәсімдей береді. Заңгер Алмаз Отаровтың айтуынша, себебі неке келісімі ерлі-зайыпты адамдардың қаржысы мен мүлкіне тәртіп орнатып, ертең дау шықпас үшін алдын ала жасалатын қадам, деп жазады Ozgeris.info.
Заңгердің айтуынша, неке келісімі дегеніміз – нотариус куәландырған жазбаша келісім. Онда отбасының қандай мүлкі ортақ, қандай мүлкі жеке екені, табыс пен шығын қалай бөлінетіні, кредит пен ипотеканы кім төлейтіні сияқты нақты талаптар жазылады. Құжат болмаса, заң бойынша некеде табылған барлық мүлік екеуіне тең үлеспен тиесілі деп есептеледі. Сондықтан жұрт соңғы жылдары осы мәселені алдын ала реттеп алғанды жөн санайды.
«Келісімді некеге дейін де, некенің ішінде де жасауға болады. Егер неке тіркелмей тұрып жасалса, ол тек АХАЖ-да неке ресми тіркелгеннен кейін күшіне енеді. Ал некеде тұрған кез келген уақытта, тіпті 20 жыл өмір сүргеннен кейін де ресімдеуге рұқсат. Неке келісімінде көрсетілетін тармақ көп. Мысалы, қандай мүлік ортақ, қайсысы жеке. Жұбайлар табыс пен шығынды қалай бөліседі? Ипотека мен кредитті кім төлейді? Балалардың шығынын кім қанша өтейді? Ажырасқан жағдайда пәтер, көлік немесе жер телімінің кімге қалатыны да алдын ала жазылады. Неке келісімінде тараптар міндеттемені орындамаған жағдайда жауапкершілікті де енгізе алады. Бұл айыппұл болуы мүмкін, күн сайын есептелетін өсімпұл болуы мүмкін. Мұндай талап екі жақтың да келісімге қаншалықты салмақпен қарайтынын көрсетеді. Ең бастысы жауапкершілікті арттырады», дейді заңгер.
Ал келісімге жазуға болмайтын жағдайлар да бар. Үй шаруасын кім атқарады, кім ыдыс жуады дегенді көрсетуге тыйым салынады. Баламен кездесудің тәртібін де келісімге енгізуге болмайды. Алимент тек заңмен және сотпен белгіленеді. Ешкімді сотқа жүгіну құқығынан айыруға рұқсат жоқ.
Тәжірибе көрсеткендей, неке келісімінің көмегі көп жерде байқалады. Мысалы, некеге дейін алынған ипотеканы алайық. Құжат бойынша ол пәтер жеке мүлік болып саналса да, өмірде екінші жұбай жөндеуге ақша салып немесе ай сайынғы төлемге көмектесіп, кейін дау туындайды. Келісім осыны алдын ала нақтылап береді. Ал некеде жүріп алынған пәтер автоматты түрде екеуіне ортақ. Сол үшін тараптардың үлесін және кредитті кім төлейтінін келісімде көрсету кейін соттағы даулардың алдын алады.
«Ұзақ жыл некеде болып, бірнеше мүлік жинап алған отбасылар да балаларға жеңіл болсын деп неке келісімін жасап жатады. Ал жұбайлардың бірі шетел азаматы болса, келісім одан да маңызды. Себебі әр елде мүлікті бөлу ережесі әртүрлі. Сондықтан ҚР заңына сүйеніп, кімге қандай үлес тиесілі екенін бекітіп қойған дұрыс. Бизнесі бар адамдар да неке келісімін жиі жасайды. Себебі кәсіптің тәуекелі отбасының мүлкіне әсер етпеуі керек. Осылайша екінші жұбайдың атына тіркелген пәтер не көлік кредиторлардың талабынан қорғалады. Бұдан бөлек, бұрынғы некеден туған балалар болса, келісім мұрагерлік даулардың алдын алады. Ата анасы көмек беріп алған пәтер не көліктің нақты кімге тиесілі болатынын да неке келісімімен бекітіп қойған дұрыс. Бұл туыстар салған қаржыны қорғауға көмектеседі. Ал жұбайлардың бірі уақытша жұмыс істемесе, мысалы декретте отырса, келісім арқылы оның да материалдық қауіпсіздігін бекітуге болады. Неке келісімі жасалмаса, заң бойынша некеде табылған барлық мүлік ортақ болып саналады. Кімнің атына жазылғаны маңызды емес. Тек некеге дейінгі мүлік, сыйлық немесе мұра ғана жеке деп танылады», дейді заңгер
Құжатты рәсімдеу күрделi емес. Қажетті құжаттар дайындалады. Мүлікке қатысты шарттар ойластырылады. Жоба жасалып, нотариус куәландырады. Бағасы 10 АЕК шамасында. Келісімді өзгерту не тоқтату үшін де екі тараптың бірдей келісімі қажет.