💰 Экономика

Мұнай 150 долларға жетсе, тоқырау бастала ма?

Мұнай 150 долларға жетсе, тоқырау бастала ма?

Әлемдік нарықта кейінгі апталарда болған өзгерістер көпті алаңдатып отыр. Teniz Capital сарапшыларының бағалауынша, егер Ормуз бұғазы бірнеше айға жабылып қалса, мұнай бағасы 150 доллардан асып кетуі әбден мүмкін. Мұндай сценарий тек энергетика саласына ғана емес, бүкіл әлем экономикасына әсер етеді. Сарапшылар бұл жағдай АҚШ экономикасын тығырыққа тіреп, бағаның күрт өсуіне және өндірістің баяулауына алып келуі ықтимал екенін атап отыр, деп жазады Ozgeris.info.

2026 жылдың ақпан айының соңында басталған геосаяси қақтығыстар қысқа уақыт ішінде-ақ мұнай нарығын шайқалтты. Небәрі 2 апта ішінде мұнай бағасы 70 доллардан 120 долларға дейін бірақ көтерілді. Бұған басты себеп – әлемдік мұнайдың шамамен төрттен бірі өтетін Ормуз бұғазының бұғатталуы. Бұл жағдай тарихтағы ең белгілі энергетикалық дағдарыстардың бірі –1973 жылғы «мұнай шогын» еске түсіреді. Ол кезде де мұнай бағасының күрт өсуі бүкіл әлем экономикасын тұралатқан еді.

Қазіргі таңда сарапшылар ең қауіпті сценарий ретінде стагфляцияны атап отыр. Бұл – бір мезетте бағаның шарықтауы мен экономиканың баяулауы. Яғни, жанармай, азық-түлік және қызмет көрсету бағасы өседі, ал кәсіпорындар шығынды көтере алмай, өндірісті қысқартады, жұмыс орындары азаяды. Мұндай жағдайда халықтың табысы өзгермейді, бірақ шығыны еселеп артады. Teniz Capital сарапшылары бұл жағдайды былай сипаттайды:

«Егер Ормуз бұғазы ұзақ уақытқа жабылса, мұнай бағасының 150 долларға дейін көтерілуі – өте нақты сценарий. Мұндай жағдайда әлемдік экономикада классикалық стагфляция белгілері байқалады: баға өседі, бірақ өндіріс баяулайды. Бұл ең қауіпті комбинация, өйткені ол бір мезетте халықтың да, бизнестің де жағдайын қиындатады».

Бұл жағдайда АҚШ-тың Орталық банкі – Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) өте күрделі таңдаудың алдында тұр. Егер пайыздық мөлшерлемені көтерсе инфляцияны тежейді, бірақ бизнеске ауыр тиеді. Ал пайызды төмендетсе кәсіпкерлерге жеңілдік береді, алайда бағаның одан әрі өсуіне жол ашады. Яғни, екі шешімнің де салдары бар. Сарапшылар бұл жағдайды да ерекше атап өтеді:

«ФРЖ қазір екі оттың ортасында тұр. Пайызды көтерсе – инфляцияны ұстайды, бірақ экономиканы тежейді. Пайызды түсірсе – бизнеске жеңілдік береді, бірақ инфляцияны күшейтеді. Мұндай жағдайда дұрыс шешім қабылдау өте қиын, ал қателік бүкіл экономикаға әсер етеді».

Тарих көрсеткендей, мұндай кезеңдерде саяси қысым жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. 1970-жылдары АҚШ президенті Ричард Никсон сайлау алдында экономиканы «жақсарту» үшін Орталық банкке қысым жасап, пайыздық мөлшерлемені төмендетуді талап еткен. Банк басшылығы бұл қысымға көнген. Нәтижесінде инфляция бақылаудан шығып, үлкен дағдарысқа алып келген.

Бүгінгі жағдай да сол кезеңді еске түсіреді. Қазіргі АҚШ президенті Дональд Трамптың ФРЖ басшысы Джером Пауэллге пайыздық мөлшерлемені төмендету жөнінде қысым жасап жатқаны айтылып отыр. Сарапшылар мұндай әрекеттердің қауіпті екенін ескертеді. Teniz Capital бұл туралы да өз бағасын береді:

«Саяси қысым арқылы экономиканы қысқа мерзімде “жақсартуға” тырысу – бұрын да болған қателік. Никсон кезеңінде мұндай шешімдер инфляцияны бақылаудан шығарып, ұзаққа созылған дағдарысқа алып келді. Қазіргі жағдайда да осындай тәуекел бар. Егер ақша-несие саясатына саяси ықпал күшейсе, оның салдары ауыр болуы мүмкін».

Қазіргі дағдарыстың тағы бір ерекшелігі – әлемнің цифрлық технологияларға тәуелділігі. Бұрын мұнай тек өндіріс пен көлікке әсер етсе, қазір оның ықпалы әлдеқайда кең. Интернет, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар – барлығы үлкен көлемде электр энергиясын қажет етеді. Ал энергияның негізгі көзі – мұнай мен газ.

Сондықтан мұнай бағасының өсуі тек жанармай бағасына әсер етпейді. Ол Google, Microsoft сияқты ірі технологиялық компаниялардың шығынын арттырады. Ал бұл өз кезегінде біз күнделікті қолданатын цифрлық қызметтердің қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Сарапшылардың пайымынша, егер Ормуз бұғазы жабық қала берсе, мұнай бағасының 150-200 долларға дейін көтерілуі – нақты қауіп. Мұндай жағдайда экономиканы тұрақтандыру үшін қатаң әрі тәуелсіз шешімдер қажет болады. Тарих көрсеткендей, дағдарыстан шығудың жалғыз жолы – қысқа мерзімді саяси шешімдер емес, ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылыққа негізделген саясат.

Ал қарапайым халық үшін бұл кезең – сақтықты талап ететін уақыт. Себебі мұнай бағасының өсуі тек бір саланы емес, бүкіл экономиканы бірге қозғайды. Баға өседі, шығын артады, ал табыс бұрынғы деңгейде қалуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда әр адам қаржысын есептеп, үнемдеуге көбірек көңіл бөлуі қажет.

 

Барлық жаңалық