Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы матчта Кипрдің «Пафос» командасымен тең түсті, деп хабарлайды ozgeris.info Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Ойынға Англиядан келген төрешілер тобы, бас төреші Крис Каванах жетекшілік етті.
Ойынның төртінші минутында кипрлік Джоао Корреа Луиш Матамен дөрекі ойнағаны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бір ойыншысы кем «Пафос» қорғанысқа көңіл бөлсе, «Қайрат» бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды.
Бірінші таймда қонақтар қарсы шабуылдан есеп ашуға тырысқанымен, қақпашы Темірлан Анарбеков бірнеше рет команданы құтқарып қалды.
Екінші таймда «Қайрат» шабуылды күшейтіп, Тапаловтың орнына Азамат Тұяқбаевты шығарды. Израильдік Офри Арадтың айып добынан ұрған добы штангаға тиіп кері серпілді.
Ойын барысында екі команда да жеңіске жетуге тырысқанымен, матч 0:0 есебімен аяқталды. Осылайша, алматылық клуб Чемпиондар лигасында өзінің алғашқы тарихи ұпайын еншіледі.
Келесі матчта «Қайрат» 6 қараша күні Италияның «Интер» командасымен кездеседі.