Қоғам

Масқара жағдай: Бағасы шетелмен, сапасы ауылмен тең отандық демалыс орындары

Масқара жағдай: Бағасы шетелмен, сапасы ауылмен тең отандық демалыс орындары

Соңғы жылдары қазақстандықтар ел ішінде демалуды жиі таңдай бастады. Алакөл мен Балқаш, Бурабай мен Сайран, Алматының таулы аймақтары  ерекше танымал. Қазақстанның табиғаты әсем екені айтпаса да белгілі, десе да халық өз елінде демалудан көңілі қала бастады. Шешілмей келе жатқан мәселелер әсіресе жаз айларында ашылады. Бағасы шарықтаған, сервис жоқ, инфрақұрылым дамымаған, тазалық тіпті мүшкіл жағдайда. Одан қала берді қауіпсіздік те сақталмай отыр. Жаздың екі айында бірнеше адам өлімі тіркелді.

Алакөл демалыс орны емес, ұят жағдай

Алакөл ішкі туризмнің інжу-маржаны саналады. Алайда соңғы уақытта демалыс орны емес, қонақтарға күйініш сыйлайтын ортаға айналды. Жуырда мемлекет басшысы туристік маусымға дайындықты қатаң сынға алды. Ол санитарлық жағдай, қызмет көрсету деңгейі мен қауіпсіздіктің жоқтығын бас айтып, ұятқа теңеді. Осыдан кейін шенеуніктер шұғыл түрде өңірге аттанып, тексеру жүргізе бастады Жағдайды жақсартамыз деп уәде де берді. Десе де туристерден түсіп жатқан шағымдарға қарап, әзірге ешнәрсенің өзгермегенін байқаймыз. 

“Өткен демалысымда жағажайда бірде-бір қоқыс жәшігін таппадым, бүкіл қоқыс судан екі метр жерде үйіліп жатты. Бірде-бір құтқарушыны көрмедім, дәретханалар да сұмдық жағдайда еді. Ал скутер мен катерлер шомылып жүрген адамдардың арасымен жүйткіп жүрді», - дейді туристердің бірі.

Баға қайда шарықтап барады?

Маусым қызған тұста көлге жетудің өзі бөлек мәселе. Поезд бен ұшақ билеттері бітіп қалады. Салдарынан ыстықтан қашқан адамдар жеке көлікпен жолға шығып, бірнеше шақырымдық кептелісте тұруға мәжбүр. Ал демалуға келгендердің көңілін судай басатын тағы бір мәселе бар. Жоғары баға мен сапасыз қызмет. Соңғы екі жылда Алакөлдегі демалыс 40–50%-ға қымбаттаған. Бұрынғыдай 10–15 мың теңгеге орын табу қиын. Қазір тіпті қарапайым жатын орынның өзі 13–22 мың теңге тұрады, оның өзінде ас-ауқат кірмеуі мүмкін. Кейбір жерлер толық қызмет ұсынады, енді бірі тек жататын орын қана береді. Туристер нақты қанша төлейтінін де алдын ала білмейді.

Балқаш пен Бурабай: табиғаты әсем, сервисі нөл

Балқаштың да жағдайы мәз емес. Бұл жерде жатын орын алу 15–60 мың теңге аралығындатұрады. 2–3 күндік турпакеттердің бағасы 27–51 мың теңге. Бірақ көрсетілетін қызмет сапасы мүлде сәйкес келмейді.

“Осынша ақша төлеп, ең болмағанда ыстық су мен бөлме таза болатын шығар деп ойлап едім, түбінде жағдайы нашар төсек қана берді”, - дейді бір турист.

Инфрақұрылым дамымаған, тазалықты қадағалап отырған ешкім жоқ, ал қызмет көрсету сапасыбазаның иесіне байланысты өзгеріп отырады.

Ал Бурабай ішкі туризмнің ең танымал өңірі болып есептеледі. Алайда мұнда да мәселе жетіп артылады. Келушілердің шағымдарын ескерсек, қызметкерлер өте дөрекі, тамақ ішетін орындар жұмыс істемейді, автотұрақтар өте аз,  жай қарапайым қызмет үшін жоғары баға сұрайтын көрінеді. Мысалы Катамаранды жалдаудың бағасы Түркиядағыдай, ал сәйкес сервис жоқ.

«Әдемі жер, бірақ әр келген сайын бір проблема шығады да тұрады. Біресе бөлме тазаланбайды, бірде су өшеді, кейде кафеде тапсырыс бір сағаттан кейін беріледі», - дейді Астанадан келген турист.

Қауіпсіздік қайда? Сайран пен Қапшағайдағы трагедия

Кезінде «жарық болашақ үшін» деген уәдемен Сайран көлі екі жылға жөндеу жұмыстарына жабылды. Алматыда ыстыққа тұншығып жүрген халық үшін Сайран жалғыз тыныс алатын орын еді. Бірақ есігі жабық тұрды. 

Уәде етілген жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Бірақ көлге су жіберілді. Ыстық күндерде адамдар тағы сол бұрынғы әдетімен Сайранға ағылды. Су көрген жұрт шыдай ма? Балалар да, ересектер де шомыла бастады. Бірақ шілде айында бұл жерде 17 және 48 жастағы екіазамат суға кетті. 

Осыдан кейін ғана билік қозғала бастады. Көлдің айналасына қоршау орнатылып, суға түсуге болмайтыны туралы ескертулер пайда болды. Құтқарушыларға ұқсайтын адамдар жүре бастады. Бұл шаралар неге алдын ала жасалмады?

Сайрандағы жағажай әкімдікке қарайды. Олар, бәлкім, жағажай жабық, жөндеу жүріп жатыр деп, қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қараған шығар. Ал аптап ыстықта қала тұрғындары қайда барады? Бұл сұрақты қою үшін көріпкел болу міндет емес. Адам баласының мұндайда не істейтінін алдын ала ойлау  биліктің міндеті. Өкінішке қарай, билік ойламады.

Бұл жерге көп адам келеді, бәрі шомылады. Бірақ ешқандай жағдай жоқ,  дәретхана, душ, киім ауыстыратын орындар қарастырылмаған. Адамдар баннердің артында тұрып шешініп жатыр. 90-шы жалдардағыдай”,-  дейді бір демалушы.

«Тыйым салса, билік басқасын ұсынсын. Ұсынатындары жоқ. Біз де осы елдің азаматтарымыз ғой», - дейді тағы бір келуші.

Қапшағайда да қайғылы оқиға орын алды. Депутат Бақытжан Базарбектің көзінше жас қыз суға батып кетті. Халық қалаулысы жағажайдың кімге тиесілі екенін анықтап, тексеріс жүргізуді талап етті. Қайғылы жағдай уақытында жағажайда қауіпсіздік қызметкерлері болмаған. Қыздың денесін судан куәгерлер алып шыққан. 

«Жағалауда қауіпсіздікке жауапты ешкім болмады. Құтқарушылар, бейнебақылау камералары, құтқару құралдары және медициналық қызметкер жоқ. Су қоймасының жағасы жеке кәсіпкерлерге берілген. Қызды судан куәгерлер алып шығып, алғашқы көмек көрсетуге тырысты», – дейді Бақытжан Базарбек. 

Ол жағажайлардың кімге тиесілі екенін анықтайтынын, заң талаптарын бұзғандарды жауапқа тарту үшін тексеріс жүргізуді талап ететінін ашық айтты. 

Ал полиция департаменті қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. 

«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер құтқару техникасының және кезекші құтқарушылардың бар-жоғын, демалыс аймағының белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтайы», – делінген хабарламада.

Жыл сайын қайталанатын хаос

Бұл проблемалар жыл сайын қайталанады. Проблема бұрыннан белгілі, тақырып жиі айтылады, бірақ еш өзгеріс жоқ. Үкімет мемлекет басшысының сынынан кейін шұғыл шаралар қабылдауға кірісіп кеткендей болып көрінді. Олар санитарлық жағдайды жақсартамыз, бағаны бақылаймыз, инфраструктураны дамытамыз деген құрғақ уәделерін берді. Жаздың екінші айы аяқталуға жақын, бітірген жұмыстары байқалмайды. Ал шенеуніктер әлі іске кірісе алмай жатқанда, көңілі қалған халық шетелге баруды дұрыс деп санауға көшіп жатыр.

«Түркияға немесе Грузияға барғанымыз Балқашқа немесе Алакөлге қарағанда арзан, оңай және қауіпсіз», - дейді Қазақстандықтар.

Ақша бар, қызмет жоқ

Бағалар өсіп жатыр, ал сервис сол баяғыдай. Мысалы, Щучье-Бурабай аймағында бөлме бағасы 90–110 мың теңге, ал 3 күндік демалыс – бір адамға 200 мыңға дейін. Алматы маңындағы таулы аймақта коттедждер 70–140 мың, ал басқа өңірден келген адам үшін толық сапар құны  шамамен 200 мың теңге.Тіпті ең арзаннын таңдау да тиімсіз. Мысалы, Маңғыстауда 2 000 теңгеге хостел табуға болады, бірақ Алматыдан ол жаққа ұшақпен бару – 150 000 теңгеге дейін шығады.

«400 000 теңгеге Катон‑Қарағайда бір күн жату  өте қымбат. Барлық отбасымызбен бұл ақшағаКатарға баруға болады».

«Әдемі, бірақ сервис жетпейді. Сол ақшаға шетелге демалуға болады».

“Алакөлде адам лық толы, лас, құтқарушы жоқ. Қауіп сезімі кетпейді”,- дейді демалушылар.

Туризм экономиканың бір бөлігі

2024 жылы қазақстандықтар туризмге 1 триллион теңгеге жуық ақша жұмсаған. Соның 583 миллиарды ішкі туризмге кеткен. Бірақ сыртқа демалатын туристердің саны артып келеді: 2021 жылы 30% болса, 2024 жылы 39%-ға жеткен. Халықтың ақшасы Қазақстан қазынасына емес, басқа елдің пайдасына кетіп жатыр.

Мәселе тек мемлекетте емес. Сарапшылар атап өткендей, сапа стандарттарын енгізу, базалар мен қызметтердің жауапкершілігін анықтау, экологиялық бақылауды күшейту, сервис мәдениетін дамыту қажет. Сондай-ақ демалушылардың өзі табиғатты қорғауға, қоқыс тастамауға жауапты болу керек.

Мамандар демалысты 3–6 ай бұрын брондауға кеңес берді. Бұл шығынды 40%-ға дейін үнемдеуге көмектеседі. Адамдар Қазақстанда демалуды патриоттық тұрғыдан емес, әдемі, жайлы әрі жайлы жағдайда өткізгісі келеді. Ол үшін таза су, дәретханалар, құтқарушылар, қауіпсіздік және ақылға қонымды бағалар қажет.

Барлық жаңалық