Әнші Жасұлан Базарбаев әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің туған күніне орай әсерлі жазба жариялады. Өнер иесі балалық шағы, әкесінің берген тәрбиесі және бүгінде оның қадірін бұрынғыдан да терең түсініп жүргені туралы айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
Әншінің сөзінше, әкесі оны жастайынан еңбекке баулып, қатаң тәрбиелеген. Базарбаев өзі әке атанғаннан кейін бұл тәрбиенің мәнін тереңірек сезіне бастағанын жеткізді.
«Қызым айтпақшы, әкем туған күніңізбен! Әкем жастайымнан еңбекке баулып, қатал тәрбиелеп, ерте есейтті. Бірақ сол тәрбиеден жаман болған жоқпын. Ұлдарым өскен сайын әкемнің қадірін бұрынғыдан да терең түсініп келемін.
Кезінде адуынды, бір ауданға танымал, айтысқа қатысып, тойда асаба болып, жүгері егіп, трактор айдап — істемегені жоқ әкем бүгінде қарттықтың төрінде отыр. Денсаулық сыр беріп қазір осылай отырамыз. Бала күнімде мені моншаға апарып шомылдыратын еді, енді мен әкемді шомылдырып, сақал-шашын алып, соңынан батасын сұраймын. Бір қуанарым кейде есін білмей жатсада Жасұланды табыңдар деп мені іздейтіні қуантады. Менің жеткен жерім болса — әуелі Алланың қалауымен, сосын әке-шешемнің дұғасымен. Інілеріме де үнемі: «Әке-шешеміздің көзі тірісінде қызметіне жарап қалайық» деймін», – деп жазды әнші.
Жасұлан Базарбаев ата-анасы бар адамның өзін бақытты санауы керегін айтып, олардың көзі тірісінде батасын алып қалуға шақырды. Сондай-ақ ол бүгінде әкесінің денсаулығына байланысты әрбір сөзінің өзіне ерекше әсер ететінін жасырмады.
«Әке-шешесі бар адам — бақытты адам. Барында батасын алып қалыңыздар.
Бауыржан Өскембековтың бір әніндегі:
«Қызығымды көрсетем деп жүргенде,
талқанымды тағдырым шашып кетпе…» деген сөз бар еді. Бұрын әннің бір жолы ретінде тыңдайтынмын, қазір мағынасы жүрегіме мүлде басқаша тиеді.
Қазір үй салып жатырмын. Әкемнің анда-санда: «Сенің сол үйіңе кіріп үлгереміз бе екен?..» деген бір ауыз сөзі маған өте ауыр», – деп жазды Жасұлан Базарбаев.
Әншінің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларына ерекше әсер етті. Ол әке-шешенің қадірін көзі тірісінде бағалап, оларға қызмет етудің маңызын еске салды.