Ақтөбе облысы

«Мағажан» бөгетінің жарылуы: Ақтөбе облысында әкімдік қызметкері жауапқа тартылды

Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы «Мағажан» бөгетінің жарылуына байланысты әкімдік қызметкері жауапқа тартылды. Ол гидротехникалық нысанның жағдайына тиісті бақылау жүргізбей, қажетті тексерулерді уақтылы ұйымдастырмағаны және апаттың алдын алу үшін шара қабылдамағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.

 

Оқиға 2024 жылғы 5 сәуірде орын алған. Сол күні қар суының мол көлемде келуі салдарынан бөгет жарылып, төңіректегі елді мекендерде төтенше жағдай туындады. Атап айтқанда, Алға ауданына қарасты Бесқоспа, Қызылту және Табантал ауылдарынан, сондай-ақ Ілек пен Қарғалы өзендерінің бойында орналасқан саяжайлардан және Ақтөбе қаласының шет аймағынан 215 адам, оның ішінде 96 бала қауіпсіз жерге көшірілді.

 

Тергеу нәтижесінде белгілі болғандай, 2014 жылы бұл бөгет жеке меншік компанияның сенімгерлік басқаруына балық шаруашылығын дамыту мақсатында берілген. Алайда ұйым нысанның техникалық жағдайына тиісті күтім жасамаған, оның салдарынан бөгеттегі ақаулар уақыт өте келе асқынып, апатқа алып келген.

 

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында әкімдік өкілі тарапынан бақылау шараларының жүргізілмегені, техникалық тексерулердің өткізілмегені және жалпы қауіптің алдын алу үшін ешқандай әрекет жасалмағаны анықталды.

 

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 211 миллион теңгеден асты. Сот бұл іс бойынша кінәлі деп танылған шенеунікке 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

 

Бұған дейін дәл осы оқиғаға қатысты бөгетті басқарған «Тұлпар ТК» ЖШС-нің директоры да сотталған болатын. Ол қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 2 жыл 6 ай мерзімге бостандығы шектеліп, жауапқа тартылды.

Барлық жаңалық