💰 Экономика

Ломбардқа баратындар неге көбейді: Микроқарыз нарығында не болып жатыр?

Ломбардқа баратындар неге көбейді: Микроқарыз нарығында не болып жатыр?

Қазақстандықтардың ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) баруы жиілеп кеткен сыңайлы. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылдың қорытынды есебін жариялады. Ондағы деректерге қарасақ, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, бұл саладағы жалпы активтер 3,5 трлн теңгеге жеткен, деп жазады Ozgeris.info.

Тек соңғы үш айдың өзінде (4-тоқсанда) көрсеткіш 2,2%-ға өссе, бір жылдың ішінде өсім тіпті 17,2%-ды құраған. Бұл қарқынды өсудің басты себебі – халықтың ломбардтардан алатын несиесінің көбеюі болып тұр.

Егер бұл миллиардтар мен триллиондарды бөліп қарасақ, қызық жағдайды көреміз. Нарықтың ең үлкен үлесі, яғни 47,4%-ы (1,7 трлн теңге) әлі де микроқаржы ұйымдарына тиесілі. Екінші орында 36,0% үлеспен (1,3 трлн теңге) кредиттік серіктестіктер тұрса, қалған 16,5%-ы (0,6 трлн теңге) ломбардтардың еншісінде. Бірақ халық арасында дәл осы ломбардтардың қызметіне деген сұраныс ерекше артып отыр.

Мәселен, қарапайым жұртқа берілген қарыз көлемі бір жылда 19,4%-ға өсіп, 2026 жылдың басында 1,3 трлн теңгеге жетті. Бұл жерде басты «қозғалтқыш» – ломбардтар. Олар ұсынған тұтынушылық несиелер тек соңғы тоқсанда 12,2%-ға бір-ақ секірген. Ал бизнес саласына келсек, керісінше төмендеу байқалады. Кәсіпкерлерге берілген микрокредиттер 2025 жылдың соңында 1,8 трлн теңгеге дейін азайды. Бұған 2 ірі микроқаржы ұйымының мәртебесі өзгеріп, екінші деңгейлі банкке айналуы себеп болған.

Әрине, қарыз алған соң оны қайтара алмай, басы қататындар да аз емес. Дегенмен, мамандардың айтуынша, жағдай аздап жақсарған. 90 күннен астам уақыт бойы төленбеген қарыздардың (NPL90+) үлесі 2025 жылдың басында 4,6% болса, биыл 3,9%-ға түскен. Жеке тұлғалар арасында да бұл көрсеткіш 6,3%-дан 5,0%-ға төмендегені байқалады. Бұл – қарыз алғандардың жауапкершілігі аздап болса да артқанының белгісі.

Осы тұста нарықтағы шулы оқиғаларды да айта кеткен жөн. «Актив Ломбард» желісінің иесі Койновтың қамауға алынуы жұртты елең еткізді. Ол комиссиялық қызметті желеу етіп, адамдарға жасырын түрде заңсыз микрокредит беру схемасын құрды деген күдікке ілініп отыр. Бұл оқиға микроқарыз саласында әлі де реттелмей жатқан тұстардың бар екенін көрсетсе керек.

Ал бұл ұйымдардың өздері ақшаны қайдан алады? Олардың міндеттемелері бір жылда 14,8%-ға өсіп, 2,3 трлн теңге болған. Оның басым бөлігі, яғни 66,2%-ы (1,5 трлн теңге) – сырттан алынған қарыздар. Сонымен қатар, бұл ұйымдардың меншікті капиталы 2025 жылдың соңғы үш айында 3,0%-ға азайып, 1,3 трлн теңгені құрады. Мамандар мұны таза пайданың азаюымен байланыстырып отыр, дегенмен бір жылдық динамикаға қарасақ, капитал 21,7%-ға өскен.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда микроқарыз нарығы, әсіресе ломбард сегменті қарыштап дамып жатыр. Халық тез әрі кепілмен ақша алуды жиілеткен. Бұл экономикадағы қаржылық белсенділіктің бір түрі болғанымен, қарыз алушылар үшін жауапкершілік жүгін де ауырлата түсетіні анық.

 

Барлық жаңалық