Қазір ел ішінде «кредитті 5 жылға шегеруге болады» деген сөз жиі айтылады. Біреу бір жерден естіген, біреу таныстан сұрап алған, енді бірі мұны банк өзі жасап береді екен деп ойлайды. Бірақ осы түсініктің бәрі шындықтан алыс. Заңгер Рауан Есберген осы мәселенің түбін тарқатып, нақты не дұрыс, не бұрыс екенін қарапайым тілмен түсіндіріп берді, деп жазады Ozgeris.info.
Заңгердің айтуынша, халық айтып жүрген 5 жылдық шегеру банктің жасайтын жеңілдігі емес. Бұл – заңда көрсетілген арнайы құқықтық рәсім. Оның атауы – төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі. Рәсім тек сот арқылы бекітіледі. Банкке барып, өтініш жазып, «маған 5 жыл бер» деп сұрасаңыз, банк оны беру міндетті емес. Заңда банктің 5 жылдық шегерім жасауға тиіс деген талап мүлде жоқ. Сондықтан көп адамның өтініші банк тарапынан қабылданбай жатады. Рауан Есберген осыны былай деп кеңінен түсіндіреді:
«Халық 5 жылға шегеруге болады дегенді естісе, оны банк жасайды деп ойлайды. Бұл өте қате түсінік. Банк ешкімге міндетті емес. Банк тек өз ішкі ережесімен жұмыс істейді. Ал төлем қабілетін қалпына келтіру деген – мүлде басқа тетік. Ол тек соттың шешімімен ғана жүреді. Егер сот бекітсе, онда сіз қарызды 5 жылға бөліп төлей аласыз. Бұл рәсімнің күші мүлде бөлек. Банк те, коллектор да оған араласа алмайды. Сондықтан адамдар осыны түсінуі керек. Бұл – банкке жалынатын нәрсе емес, заңмен бекітілетін мүмкіндік».
Сот рәсімі бекітілген кезде борышкердің өмірінде үлкен өзгеріс болады. Ең бірінші артықшылығы – адамның есеп шоттары жабылмайды. Айлығы толық түседі. Банктік карталар бұғатталмайды. Kaspi болсын, Halyk болсын, кез келген карта қалыпты жұмыс істейді. Көп адам үшін бұл – ең үлкен жеңілдік.
Екінші артықшылығы – осы рәсім жүріп жатқан кезде банктер де, коллекторлар да борышкерді сотқа бере алмайды. Яғни адамның үйіне хат келмейді, телефоны тынымсыз шырылдамайды, қорқыту, қысым көрсету тоқтайды. Бұл борышкердің психологиялық жағдайына үлкен демеу. Заңгер бұл жайында ойын былай жеткізеді:
«Адам қарызға батқан кезде ең бірінші жоғалтатыны – көңілдің тыныштығы. Телефонын өшіреді, бейтаныс нөмірден қорқады. Ал төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі бекітілгенде ешкім сізге дауыс көтеріп, қысым жасай алмайды. Бұл заңмен бекітілген тыныштық кезеңі. Осы кезде адам тыныстап, басын қалпына келтіріп, қарызын жоспарлауға мүмкіндік алады».
Үшінші артықшылығы – қарыз ісі сот орындаушыға өтпейді. Бұл да өте маңызды. Себебі сот орындаушысы адамның шотын бұғаттайды, жалақысының белгілі бір бөлігін ұстап қалады, мүлікке тыйым салады. Ал сот бекіткен рәсім кезінде мұндай шаралардың ешқайсысы қолданылмайды. Адам өзінің қаражатын өзі басқарады.
Тағы бір жеңілдік – 3 пайыздық шығын төленбейді. Өйткені сотқа берілген кезде қосылатын қосымша шығындар бұл рәсімде болмайды. Сонымен қатар қарыз сомасы да өспейді. Қанша төлеу керек деп көрсетілсе, адам дәл соны ғана төлейді. Пайыз үстіне пайыз, айып үстіне айып қосылмайды.
«Көп адам қарыздың сомасы жылдан жылға көбейіп кеткенін көргенде қорқып кетеді. Бір төлесе, екі өсіп кетеді. Бұл адамды қажытады, психологиялық тұрғыдан күйретеді. Ал бұл рәсімде қарыз ұлғаймайды. Қанша төлеу керектігі нақты жазылады. Адам сол соманы төлейді де, бітеді. Ең ауыр нәрсе – қарыздың өсуі. Міне, осының бәрі тоқтайды. Сотта іс қаралып жатқан кезде де адамның шоттары ашық болады. Шетелге шығуға тыйым салынбайды. Ең маңыздысы – адамның үстінен мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмайды. Бұл заңның 22-бабында тайға таңба басқандай жазылған», дейді сарпшы.
Заңгер өзінің тәжірибесінде көптеген адам осы рәсім арқылы қайтадан аяққа тұрғанын айтады. Бұрын қарыздан қашып, телефонды сөндіріп, пәтерден шықпай жүруден шаршаған адамдар сот бекіткеннен кейін біртіндеп өмірін реттеп, қарызын төлеуді бастайды.
«Мен талай адамның осы рәсім арқылы қайтадан тыныс алғанын көрдім. Бұрын қарыздан қорқып жүретін, коллектордан қашып, телефонын өшіріп тастайтын азаматтар заңды жолға шықты. Қарызын жоспарға сай төлей бастады. Шоты ашық, айлығы түгел, ешкім мазаламайды. Ең бастысы – адам өз өмірін қайта басқара бастайды. Сондықтан бұл рәсім дұрыс қолданылса, талай адамға нақты көмектеседі», деді заңгер.