Қазақстанда көпқабатты үйлердің жаппай жылу жаңғыртуы жылдар бойы тек сөз жүзінде қалып келеді. Жыл сайын тарифтер өсіп жатқанымен, үйлер сол баяғы ескі күйінде: терезелерінен жел уілдеп, төбеден су тамшылап, жертөлелер суға толы. Ал осының бәрі әр ай сайынғы коммуналдық төлемге қосымша сандар ретінде қайтып оралады. Енді не істеу керек? Жауапты сала мамандары мен тәжірибесімен дәлелдеген кәсіпкерлер не дейді?, деп сараптайды Ozgeris.info.
Жылу далаға кетіп жатыр
KazGBC Қазақстанның жасыл құрылыс жөніндегі кеңесінің техникалық директоры Айман Шопаева еліміздегі тұрғын үйлердің энергия тиімділігі өте төмен екенін айтады. Оның пікірінше, жылу оқшаулау сияқты кешенді жұмыстарды қарапайым тұрғындар өз бетімен жасай алмайды, тым қымбатқа түседі. Алайда қолжетімді, шағын қадамдар бар: терезе ауыстыру, подъездердегі жарық жүйесін жаңарту, құбырларды оқшаулау, автоматтандырылған жылу жүйесін енгізу.
«Менің ойымша, жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламаларын енгізе алады, ал бизнес пен үкіметтік емес сектор инновациялық шешімдер мен қаржыландыру тетіктерін ұсына алады», дейді ол.
Бағдарламалар болды, нәтиже жоқ
Айман Шопаева еске салады: 2011 жылы басталған «ТКШ 2020» бағдарламасы тұрғын үйлердің энергия тиімділігін 10-30%-ға арттыруды көздеген еді. Бірақ тұрғындар қорқып, модернизацияға бармады. Ең бастысы төбеден су ағып тұрса, қандай энергия үнемі болсын? Ақырында бағдарлама шатыр мен жертөле жөндеумен ғана шектелді. Оқшаулау, АТП орнату секілді шаралар мүлде ескерусіз қалды.
«Қазір тарифтер екі есеге өсті. Яғни тұрғындарға жылу шығынын азайту шаралары өмірлік қажеттілікке айналып отыр», дейді Шопаева.
Бастысы – ниет пен ұйымдасу
Жаңғырту бастау үшін тұрғындар ең алдымен үйдің қазіргі жағдайын бағалап, энергия аудит жүргізуі керек. Одан кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, тиісті мемлекеттік органдармен келісу қажет. Бұл — үлкен жұмыс және үлкен инвестиция.
«Сондықтан біз әрдайым салыстырмалы түрде арзан шаралардан бастауды ұсынамыз», деп кеңес береді сарапшы.
Ескі үйді оқшаулауға қанша кетеді?
Шопаева нақты мысал келтіреді. 80 пәтерлі бесқабатты үйдің сыртқы қабырғаларын оқшаулау – 30 млн теңге. Шатырды жөндеу – 15–20 млн теңге. Жертөлені оқшаулау – тағы 5 млн. Автоматтандырылған жылу жүйесі – 5–10 млн. Бұған құрылыс материалдары мен жұмыс күші қымбаттағанын қоссақ, сома одан да көп болуы мүмкін.
Сарапшының пікірінше, тұрғындар мен құрылысшылар энергия тиімділікке назар аударса ғана жағдай өзгереді. Қазір адамдар үшін бастысы – үйдің түрі, асүйдің көлемі, төбенің биіктігі. Ал энергия тиімділік класы ешкімді қызықтырмайды. Сондықтан Шопаева энергия тиімділік белгілерін үйдің қасбетіне жапсыруды ұсынады.
Оның айтуынша, Қазақстанда жасыл ғимараттардың саны өте аз. 2014 жылдан бері небәрі 101 нысан ғана сертификатталған, оның ішінде 74-і – тұрғын үйлер.
«Құрылыс саласында энергия тиімділікке басымдық төмен. Жобалаудан бастап пайдалануға дейінгі тізбекте энергия тиімділікті міндетті түрде ескеретін механизмдер жетіспейді», деп ашық айтады Айман Шопаева.
Бір кәсіпкердің тәжірибесі
Ал Қарағандыдағы кәсіпкер Сергей Полещук бұл мәселені баяғыдан түсініп, өз бизнесін дәл осы салада дамытып келеді. Ол 1990-жылдары бірінші болып жылыту есептегіштерін орнатып, мемлекеттік мекемелердің жылу төлемін екі-үш есеге азайтқан. Қазір оның кеңсесі еліміздегі «алтын» санаттағы алғашқы жасыл ғимараттардың бірі.
«Мен әрдайым айтамын: басқаларға үнемдеуді үйреткің келсе, алдымен өзің баста. Біз кеңсеміздің күн жағындағы қабырғасын шынылап, сол арқылы жылудың 20%-ын жинаймыз. Ал солтүстік жақ мүлде терезесіз, максималды оқшауланған. Яғни жылуды сырттан аламын, бірақ оны жоғалтпаймын», дейді ол.
Полещук кеңсесінің жылыту жүйесі 100% жылытқыш еденге негізделген. Арнайы автоматтандырылған жылу торабы ғимарат ішіндегі температураны сыртқы ауа райына қарай автоматты түрде реттеп отырады.
«Тариф өскен сайын жұрттың қызығушылығы да арта түседі деп сенемін. Жылуға ақша шашқанша, оны дұрыс пайдалануды үйренген абзал», – дейді кәсіпкер.