Қоғам

«Кінә мұғалімдерде»: Депутат әскердегі әлімжеттіктің себебін атады

«Кінә мұғалімдерде»: Депутат әскердегі әлімжеттіктің себебін атады

«Хабар» арнасында өткен «Қоғам пікірі» бағдарламасында Қазақстандағы әскердегі тәртіпсіздік мәселесі көтеріліп, оның негізгі себептері талқыланды, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz-ке сілтеме жасап.

 

Бағдарлама барысында Мәжіліс депутаты Болат Керімбек қазіргі әскердегі тәртіпсіздіктің түп-тамыры мектеп қабырғасынан басталатынын айтып, алғашқы әскери дайындық пәнін оқытатын мұғалімдерді сынға алды. Оның айтуынша, жастардың әскерге барудан қашқақтауы осы пәннің тиісті деңгейде оқытылмауымен тікелей байланысты.

 

«Неге біздің жастар мектеп бітірген соң әскерге барғысы келмейді? Біз бұл сұрақтың жауабын іздеп, арнайы зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде мәселенің түп-төркіні мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің дұрыс оқытылмауынан болып шықты. Өкінішке қарай, осы пәнді оқытатын мұғалімдердің жартысынан көбі әскерде қызмет етпеген», — деді депутат.

 

Сондай-ақ Болат Керімбек өздерінің мектепте оқыған кезіндегі алғашқы әскери дайындық сабақтарын еске алып, ол уақытта тәртіп пен жауапкершілікке баса мән берілгенін атап өтті.

 

Алайда депутаттың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Мұғалімдер қауымы оның сөзін орынсыз айыптау деп бағалап, әскердегі мәселелерді тек білім беру саласымен байланыстыру дұрыс емес екенін айтты. Олар әскердегі тәртіпсіздікке командирлердің жауапкершілігі, бақылаудың әлсіздігі және жүйелік кемшіліктер де әсер ететінін алға тартуда.

Барлық жаңалық