Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы тағы төмендеді. Brent маркалы қара алтынның бір баррелі 2,3 пайызға арзандап, 61 доллар болды. Ал америкалық WTI бағасы 2,4 пайызға төмендеп, 58 долларға түсті. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріске Халықаралық энергетикалық агенттіктің жаңа шаралары әсер еткен. Агенттіктің болжамынша, биыл мұнай өндіру көлемі артып, ал сұраныс керісінше баяулайтын сияқты. Соның салдарынан баға төмендеп отыр.
Соңғы жылдары мұнай арзандап жатса да, жанармай бағасы көп елде төмендеген жоқ. Керісінше, кей өңірлерде керісінше өскен. Мысалы, Еуропада да, Азияда да бензин құны артқан. Сарапшылар мұның себебін әр елдің ішкі саясаты мен экономикалық жағдайынан іздейді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегінше, келесі жылы мұнай нарығындағы ұсыныс көлемі 4 миллион баррельге жетуі мүмкін. Бұл мұнай бағасының тағы түсуіне әсер етеді. Бірақ баға арзандағанымен, одан өндірілетін өнімнің арзандауы міндетті емес. Индонезияда үкімет субсидияны қысқартқан соң жанармай керісінше қымбаттаған. Сол сияқты Филиппинде де бензин бағасы 11 пайызға көтерілген.
Қаржы сарапшысы Бауыржан Ысқақтың айтуынша, «мұнай арзандаса, жанармай да арзандайды» деген түсінік қате. Ол бұл мәселені былай түсіндіреді:
«Мұнай бағасы төмендегенімен, ішкі нарықтағы түрлі салықтық және экономикалық саясат бағаның түспеуіне әсер етеді. Тасымал шығыны мен фискалдық саясат сияқты факторлар бағаны ұстап тұрады. Сол себепті мұнай арзандаған кезде бензиннің арзандауы міндетті емес. Мұның бәрі ішкі экономиканың қалай құрылып отырғанына тікелей байланысты».
Жанармай саудасынан қай елдер пайда көріп отыр дегенде, ОПЕК ұйымының дерегі назар аударарлық. Ұйым басшылығының айтуынша, мұнай экспорттамайтын, бірақ жанармайды тұтынатын дамыған елдердің өздері де үлкен пайда табады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің бюджетіне жыл сайын шамамен 2 триллион доллар қосымша кіріс түседі. Себебі бұл елдерде өндіруші компаниялар бензиннен 40-60 пайыз көлемінде салық төлейді.
Еуропа мен АҚШ-тағы жанармай бағасы да әртүрлі. Еуропада бензин қымбат болса, Солтүстік Америкада керісінше арзанырақ. Мысалы, Франциядағы жанармай құю бекеттерінде Special-95 маркалы бензиннің бір литрі 1 еуро 70 цент тұрады. Бұл шамамен 1060 теңге. Ал АҚШ-та дәл осындай бензиннің бағасы 82 цент немесе біздің ақшамен 444 теңге шамасында.
Бауыржан Ысқақ мұның себебін былай түсіндіреді:
«АҚШ – әлемде мұнай экспортынан алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Олар сланец мұнайын өндіреді. Оның өзіндік құны төменірек, сондықтан баға да арзан. Экономикасы осы түрге бейімделген, өндіріс шығыны аз. Сол себепті жанармай да қолжетімді».
Мәселен, электромобильдердің саны күрт өсіп келеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің есебі бойынша биыл электр қуатымен жүретін тағы 20 миллион көлік сатылады. Бұл жағдай жанармай нарығына әсер етуі мүмкін деген пікірлер жиі айтылады.
Қазақстан биылғы жылдың басынан бері мұнай мен газ саласынан 8 триллион теңгеден астам салық түсімін жинады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Ведомствоның дерегінше, үш тоқсанның қорытындысы бойынша саладан түскен жалпы түсім көлемі 8,4 триллион теңгеге жеткен. Бұл өткен жартыжылдықтағы көрсеткіштен екі жарым есеге көп. Салық түсімдерінің ең үлкен бөлігі елдегі үш ірі жоба – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан түскен. Олардың ішінде ең көп үлесті «Теңізшевройл» компаниясы қамтамасыз еткен. Биыл компания қазынаға 2 триллион 568 миллиард теңге аударып, жалпы түсімнің 30 пайыздан астамын берген. Екінші орында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» тұр. Бұл компанияның төлеген салығы шамамен 1 триллион теңге немесе жалпы түсімнің 12 пайызын құраған. Ал Қашаған жобасын іске асырып отырған «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» 341,6 миллиард теңге салық төлеген, бұл жалпы көрсеткіштің шамамен 4 пайызына тең.
Экономистердің пікірінше, мұнай мен газ секторы бұрыннан Қазақстан экономикасының тірегі саналады. Сарапшылардың бірі былай дейді:
«Энергетикалық сектордан түскен салық – ұлттық бюджет үшін негізгі табыс көзі. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған жобалары елдің экспорттық әлеуетін де, қаржылық тұрақтылығын да қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан бұл саланың тиімділігі тек шикізат көлемімен емес, қаржы ағынымен де өлшенеді».