📰 Сарапшылар пікірі

Кейбір құрылысшылар нарықтан кетуі мүмкін: Пәтер бағасы қаншалықты өседі?

Кейбір құрылысшылар нарықтан кетуі мүмкін: Пәтер бағасы қаншалықты өседі?

Пәтер алу қиындайды ма? Себебі құрылыс компанияларына қолма-қол ақшаға тұрғын үй сатуға және халыққа да тыйым салынды. Аталмыш өзгерістер құрылыс нарығына қалай әсер етеді? Пәтерлердің бағасы қаншалықты қымбаттайды? Осы сұрақтарға Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікіріне сүйене отырып жауап іздеп көрді. 

Құрылыс нарығы қалай дамыды?

Еліміздің құрылыс саласы соңғы отыз жыл ішінде бірнеше рет құлдырап, қайта жанданды. Осы уақыт ішінде түрлі дағдарыстарды бастан өткерді. Соған қарамастан, қазіргі таңда өзінің ережесі мен ірі ойыншылары бар толыққанды үлкен бизнеске айналды.

Қазір нарық бірнеше ірі ойыншылардың қолында. Олар қалалардағы ең тартымды жер телімдеріне ие болып, элиталық тұрғын үйлер мен миллиардтаған теңгенің мемлекеттік жобаларын жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, нарыққа енді ғана еніп жатқан шағын компаниялар да бар. Олардың көпшілігі жеткілікті капиталдың жоқтығынан күнін әрең көріп отыр. Шығынды жабу үшін компаниялар жиі үлескерлердің қаражатына жүгінеді. Алайда ол ақша да кейде жетпей қалады. Салдарынан халықтың арманындағы пәтерлердің құрылысы  ұзақ жылдарға созылып, тіпті кейде аяқталмай қалып қояды.

«Жеке өзім ондай қиындыққа тап болмадым, бірақ таныстарымда құрылысшы компаниялармен проблема болды. Өте жағымсыз оқиға болды», — дейді тұрғындардың бірі Әлия Амергалиева.

2010 жылы елімізде 1700-ге жуық аяқталмаған құрылыс нысаны тіркелген. Қазір олардың саны 300-ге дейін қысқарды. Десе де аяқталмаған нысандар жетерлік. Сондықтан мемлекет үлескерлерді қорғауға тырысуда. Себебі ақыр соңында бар ауыртпалық жергілікті әкімдікке жүктеледі, олар мұндай ғимараттарды соңына дейін жеткізуге мәжбүр. Ал билік нарықта тәртіп орнатуға тырысып отыр.

Жаңа талап: Қолма-қол төлемге тыйым

Жақында Ұлттық банк жаңа ережені жариялады. Енді құрылыс компанияларына пәтер сату кезінде қолма-қол ақша қабылдауға тыйым салынады.

Жаңа қаулы бойынша, Қазақстанда үлестік құрылыс шарты бойынша жасалатын барлық төлем тек банктер арқылы, яғни, қолма-қол емес формада жүзеге асуы тиіс. Азаматтар ақша төлеуі үшін банктерге барып, ақшаны құрылыс компаниясының арнайы шотына аударуы керек.

Бұл талап тек жаңа салынып жатқан үйлерге қатысты болмақ. Биліктің көздегені - үлескерлердің құқықтарын қорғау және тіркелмеген келісімшарттар арқылы алдану қаупін азайту.

Сонымен қатар, енді төлем жасау кезінде азаматтар арнайы төлем коды мен үлестік келісімшарттың нөмірін көрсетуге міндетті. Ал банктер бұл шарттың мемлекеттік ақпараттық жүйеде тіркелгенін тексереді. Егер келісім тіркелмесе, банк ақшаны қабылдамайды.

«Мұндай заң қажет деп ойлаймын. Себебі заңсыз төлемдер салықтан жалтарудың, ал кейде банкрот болудың көзі болуы мүмкін. Бұл үлескерлердің ақшасын құрдымға жіберуі мүмкін», - дейді тұрғындардың бірі.

Сарапшылар не дейді?

Сарапшылар бастамаға оң пікір білдірді. Десе де таяқтың екі ұшы бар дейді олар.  

«Иә, бұл ереже тиімді болатын шығар. Себебі барлық мәміле енді ашық және бақылауда болады. Бірақ банк комиссиялары мен қосымша рәсімдер шаршы метрдің өзіндік құнын арттырады», - дейді сарапшы Лев Тетин.

Оның айтуынша, кейбір шағын компаниялар талапты орындай алмай, нарықтан кетуі мүмкін. Салдарынан нарық монополистердің қолында қалады. Артынша пәтер бағасы да шарықтауы мүмкін.

Жоғарыда аталған бастамадан бөлек, үлескер қаржысын тартуға қатысты заңнама да өзгеріп жатыр. Бұл өзгерістер де құрылыс саласына өз ықпалын тигізеді.

Құрылысшылар не ойлайды?

Мұндай өзгерістерге құрылысшылардың көзқарасы қандай? Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев пікір білдірді.

«Жалпы, құрылысшылар үшін бұл қалыпты жағдай. Қолма-қол ақша ма немесе банктік аударым ба, үлкен айырмашылығы жоқ. Жақсы жұмыс істейтін, адал компаниялар үшін бәрі ашық, бәрі бухгалтерия арқылы өтеді», - деді ол.

Сарапшының пікірінше, нарыққа жаңадан келген, қысқа мерзімді пайда көздейтін компаниялар ғана бұл өзгерістен зардап шегуі мүмкін. Ол сондай-ақ құрылысшыларды алаңдататын басты мәселе төлем әдісі емес, қаржыландыру тапшылығы екенін атап өтті.

«Қазір 7-20-25 бағдарламасы жоқ, зейнетақы жинағымен пәтер алу мүмкіндігі де азайды. Банктер құрылысшылармен жұмыс істеуге аса құлықты емес. Және ең бастысы инженерлік инфрақұрылым құрылыстан қалып жатыр. Осы мәселелер әлдеқайда маңызды», - деді ол.

Тағы бір маңызды өзгеріс

Ұлттық банк қабылдаған қаулыда тағы бір маңызды жаңалық бар. Төтенше жағдай кезінде мемлекеттен алған өтемақылар, мысалы, баспанасын су басқан, өрт шыққан азаматтар үшін берілетін төлемдерді банктер мен коллекторлар тарапынан өндіріп алуға болмайды. Енді бұл ақшаны ешқандай қаржы институты борышын өтеу үшін алып қоя алмайды.

Жауапты орган мұндай шара тұрғындар үшін керек дейді. Яғни тұрғындар ақшаны нақты қажеттілікке, атап айтқанда баспана, азық-түлік, ем-дом және қалпына келтіру жұмыстарына пайдалана алуы үшін қорғау.

Бұл тұрғын үй құрылысы және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған заңдардың бір бөлігі. Аталған қаулыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Барлық жаңалық