Қазақстан Үкіметі Каспий теңізін зерттеумен айналысатын Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтына қосымша 305 млн теңге бөлді, деп жазады Ozgeris.info.
Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес, қаржы институттың материалдық-техникалық базасын жаңартуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталмақ.
Институт Каспийдің қазақстандық бөлігін зерттеп, балық қорының көлемін анықтау, ихтиофаунаны сақтау, теңіз итбалықтарының жаппай қырылу себептерін зерттеу, теңіз деңгейінің өзгерісін бақылау сияқты экологиялық маңызды міндеттерді атқарады. Сондай-ақ су сапасы, биологиялық алуантүрлілік пен климаттың экожүйеге әсері бойынша деректер жинайды.
Бұған дейін де институтты қолдауға қомақты қаржы бөлінген. Жабдық сатып алуға жергілікті бюджеттен 518 млн теңге, штат пен инфрақұрылымды ұстауға республикалық бюджеттен 328 млн теңге берілген. Қазір мекемеде 91 адам жұмыс істейді, ал болашақта флот толықтырылса, кемелерде 15-20 адам қызмет атқарады.
Бұл шаралар Каспий теңізінің таяздану мәселесін зерттеуді күшейтуге бағытталған. Экология министрлігінің мәліметінше, соңғы бір жылда теңіз деңгейі 26 сантиметрге төмендеген. Осыған байланысты премьер-министр Каспий маңы мемлекеттерін экологиялық қауіпке қарсы бірлесе әрекет етуге шақырған.