Жаңалықтар

Жезқазғаннан Балқашқа дейін: «Қазақмыс» өндірістік инфрақұрылымды жаңартады

Жезқазғаннан Балқашқа дейін: «Қазақмыс» өндірістік инфрақұрылымды жаңартады

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кәсіпорындардағы конвейер шаруашылығын жоспарлы жаңарту бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарламаның кезекті кезеңі Жезқазған байыту фабрикасы мен «Батыс» кенішіндегі конвейер желісінің тозығы жеткен учаскелерін ауыстыруды көздейді, деп жазады Ozgeris.info.

Жезқазған байыту фабрикасына ені 1200 мм болатын 338 метр конвейер таспасы жеткізілді. Ол ұсақталған кенді диірмендерге тасымалдайтын №2 бас корпустың ең көп жүктеме түсетін көлбеу конвейерін жөндеуге пайдаланылады. Жалпы, фабрикада ұзындығы 100 метрге дейін жететін 52 конвейер жұмыс істейді. Пайдалану ерекшелігіне қарай конвейер таспасының қызмет ету мерзімі көлбеу учаскелерде орта есеппен бір жылды, ал көлденең учаскелерде бір жарым жылды құрайды.

«Батыс» кенішіне 1500 метр шахталық, қиын жанатын және антистатикалық резеңке-тросты конвейер таспасы сатып алынды. Ол жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын №4 конвейерге күрделі жөндеу жүргізу үшін пайдаланылады. Жаңарту жұмысы жабдықтың пайдалану сипаттамасын қалпына келтіріп, жерасты өндірісі жағдайында оның сенімді жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Конвейер таспасын жоспарлы түрде ауыстыру өндірістік жабдыққа техникалық қызмет көрсету жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Бұл жұмыс конвейер желісінің жұмысқа қабілеттілігін дер кезінде қалпына келтіруге, жоспардан тыс тоқтап қалу қаупін азайтуға және технологиялық үдерістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Конвейер шаруашылығын жаңарту «Қазақмыс» кәсіпорындарының өндірістік инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға бағытталған кешенді шараларының бірі болып табылады. Компания жабдықтың техникалық жағдайын жақсартуға жүйелі түрде инвестиция салып, өндірістік нысандардың қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуіне тиісті жағдай жасауда.

Конвейер шаруашылығының тасымалдау таспасын жаңарту жұмысы одан әрі жалғасады. Жеткізу жоспарына сәйкес, жақын арада «Қазақмыс» кәсіпорындарына тағы да 15,8 мың қума метр конвейерлік және резеңке-тросты таспа жеткізіледі деп күтілуде. Оның шамамен 11,9 мың метрі Жезқазған өңіріне, 2 мың метрі Қарағандыдағы кәсіпорындарға және 1,9 мың метрге жуығы Балқашқа арналған. Жаңа таспаларды жеткізу конвейер жабдығының тозған учаскелерін жоспарлы ауыстыру жұмысын жалғастыруға және шикізат пен материалдарды тасымалдау жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Барлық жаңалық