Жезқазған медициналық орталығы халықаралық әріптестікті кеңейтіп, заманауи нейрохирургиялық тәжірибелерді енгізуді жалғастыруда. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Түркияның Medicana Health Group желісімен бірлескен жұмыс аясында әлемге танылған нейрохирург, профессор Erdinç Özek-тің келуі болды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Сапар 13 наурыз күні дәрігерлерге арналған білім беру дәрісінен басталды. Профессор балалар нейрохирургиясындағы заманауи тәсілдермен бөлісіп, күрделі неврологиялық ауруларды анықтау мен емдеудің жаңа әдістерін таныстырды. Әсіресе аутизм, spina bifida және балалар церебралды сал ауруы сияқты диагноздарға ерекше назар аударылды. Клиникалық жағдайларды талдау мен практикалық ұсыныстар жергілікті мамандардың қызығушылығын арттырды.
14-15 наурыз күндері профессор 80-ге жуық науқасты қабылдады. Өңір тұрғындары білікті маманнан кеңес алып қана қоймай, халықаралық емдеу стандарттарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Сапар барысында нейрохирургиядағы озық бағыттар да ұсынылды. Олардың қатарында дің жасушалары арқылы емдеу, гидроцефалияға қарсы терапия, бас және жұлын ауруларына жасалатын операциялар, сондай-ақ миды терең стимуляциялау (DBS) және VNS-терапия сияқты нейромодуляция әдістері бар.
Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер тәжірибе алмасуды күшейтіп қана қоймай, заманауи медициналық технологияларды өңірлерге жедел енгізуге мүмкіндік береді. Ал орталық өкілдері халықаралық байланыстарды дамыту халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.