Жасанды интеллект бүгінде тек болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің де шындығына айналып келеді. Қазақстан осы жаһандық толқыннан шет қалмай, цифрлық трансформацияны ұлттық басымдық деңгейіне көтеруде. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың алуан саласына жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі нақты міндеттер мен жетістіктер жан-жақты талқыланды, деп жазады Ozgeris.info.
Отырысқа Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, Астық консорциумы және «Ascle» IT-стартап өкілдері қатысып, баяндама жасады.
«Digital Qazaqstan»: ұлттық стратегияның жаңа арнасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясының жобасы әзірленді. Ол жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын барынша кең ауқымда ендіруді мақсат етеді. Мемлекет жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы – бұл саладағы серпінді жеделдетудің нышаны.
«Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз экономиканы цифрлық трансформациялауға айтарлықтай серпін беруіміз қажет. Аталған құжат алдағы уақытта саланың ұзақмерзімді даму бағдарына мүлдем жаңа көзқарасты қалыптастырып, қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру шараларын үйлестіруге мүмкіндік береді», деді Олжас Бектенов.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел IT-қызметтер экспортын 1 миллиард доллардан астам деңгейге жеткізді. Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 триллион доллардан асады.

AI-First қағидаты
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің сөзінше, технологияларды жүйелі ендіру мақсатында елімізде 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 Цифрлық трансформация картасы бекітілді. Олардың әрқайсысында 2027 жылға дейін AI-шешімдерді және KPI ендіру жоспары нақты белгіленген. Барлық жұмыс AI-First қағидатына, яғни, үдерістерді жобалауда жасанды интеллектіні бірінші орынға қоюға негізделген.
«Үдерістерді жобалауда жасанды интеллектіні қолдануды басым ететін AI-First қағидатына сәйкес бірыңғай архитектуралық тәсіл іске асуда. Бұл тәсіл «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында баршаға қолжетімді. Барлық орталық мемлекеттік органдардың бекітілген карталарды орындауы міндетті», деді министр Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін инфрақұрылымның дамуы шешуші рөл атқарады. Елімізде Alem.Cloud пен AL Farabium өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері жұмыс істейді, олар жаһандық TOP-500 рейтингіне кіреді. Алайда мемлекеттік органдар мен бизнестің есептеу қуаттарына деген сұранысы күн санап артып келеді.
Cerebra AI инсульт диагностикасын өзгертті
Жасанды интеллектінің адам өміріне тікелей әсері медицина саласында анық байқалып отыр. Осының айқын дәлелі – инсультті ерте диагностикалауға арналған Cerebra AI жүйесі. Дәрігерлер бұрын компьютерлік томография нәтижесін талдауға 30 минут жұмсаса, енді бұл үдеріс бар-жоғы 5-10 минутқа қысқарды.
«Cerebra AI – инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдайды, диагностиканы едәуір жылдамдатады және дәлдігін арттырады. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілді», деп хабарлады министр Жаслан Мәдиев.
Cerebra AI бірқатар өңірде инсульттан болатын өлім-жітімді 40 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Медициналық саладағы тағы бір жаңалық «Ascle» стартабы. Жүйе дәрігердің пациентпен диалогын тіркеп, сөйлеуді автоматты түрде медициналық картаға айналдырады, алдын ала диагноз қояды және оңтайлы емдеуді ұсынады.
«Жүйе медициналық құжаттаманы жүргізуге кететін уақытты 50 пайызға қысқартады. Дәрігерге науқаспен тікелей байланысқа басым уақыт бөлуге, клиникаға пациенттерді көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі стартап елімізде 38 клиникада және төрт өңірде сынақтан өткізілген», деді стартап жетекшісі Сұлтан Жұмабаев.
Бақылаудан бастап болжауға дейін
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жасанды интеллектінің өз ведомствосының барлық салаларына ендіріліп жатқанын айтты. Жоспарлаудан бастап құрылыс барысын бақылауға дейінгі кешенді үдерісте «компьютерлік көру» технологиясы пайдаланылып жатыр.
«Жүйе нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен салыстырады. Бұл сәйкессіздіктерді анықтау уақытын 3 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқартуға және заңсыз құрылыс қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Қазақтелекоммен» бірлесіп қалалардың цифрлық сыңарларын жасау үшін дрондарды пайдалану қолға алынуда», деді Ерсайын Нағаспаев.
Жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM-жобаларды тексеруге жасанды интеллект ендірілмек. Ол үшін құрылыс нормативтері машинамен оқылатын форматқа ауыстырылады. Бұл өңірлік айырмашылықтарды жойып, бүкіл ел бойынша сараптаманың бірыңғай ережесін орнатады.
Геология саласында да ірі жұмыстар қолға алынды. Бастапқы геологиялық ақпараттың 97 пайыздан астамы шамамен 250 терабайт деректер сканерленді. Осы деректер негізінде жер қойнауының интерактивті картасы жасалды. Жүйе перспективалы учаскелерді жедел анықтауға, ақпаратты ыңғайлы форматта сүзіп талдауға мүмкіндік береді.

Smart Cargo шекарадан өту уақытын 8 есе қысқартты
Елдің транзиттік әлеуетін арттыру стратегиялық міндет. Осы бағытта Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бірқатар цифрлық жобалардың іске асырылып жатқанын баяндады. Трансформацияның басты тетігі мемлекеттік органдар мен бизнесті біріктіретін Smart Cargo платформасы. QR кодтары арқылы жүк деректеріне қол жеткізетін, құжаттарды автоматты тексеретін, маршруттар құрайтын бұл жүйе шекарадан өту уақытын 4 сағаттан бар-жоғы 30 минутқа дейін қысқартады деп күтілуде. Теміржол секторындағы KinetiX жүйесі де диагностиканы 2 сағаттан 8 минутқа дейін жеткізді. Жүйе вагондарды 9 негізгі параметр бойынша нақты уақыт режимінде автоматты тексереді, дефектілерді алдын ала болжайды. Бұл қауіпсіздік пен пойыз қозғалысының жылдамдығын бірге арттырады.
«Бірыңғай интеллектуалды е-Көлік жүйесі барлық көлік түрлерін біріктіреді, деректерді жинауға, өңдеуге, көлік ағындарын болжауға және шешімдерді автоматты қабылдауға мүмкіндік береді. Әлемдік бағалау бойынша көлік саласы деректердің ең ірі генераторларының бірі жасанды интеллект оларды өңдеудің негізгі құралына айналмақ», деп атап өтті министр Нұрлан Сауранбаев.
Жасанды интеллект егінді 15%-ға молайтты
«Қазақстанның астық консорциумы» ЖШС басшысы Бақтияр Оспанов холдингте бірыңғай цифрлық басқаруға толық көшкенін мәлімдеді. Нақты уақыт режимінде 5 мың қызметкердің жұмысын және техниканың қозғалысын бақылайтын жүйе деректерді минут сайын жаңартып отырады.
Дәлме-дәл егіншілік шеңберінде NDVI халықаралық спутниктік мониторинг жүйесі ендірілген. Жасанды интеллект дақылдардың жай-күйін талдап, өсімдіктерге қажет су мөлшерін және егу кезіндегі ауытқуларды анықтайды. Нәтижесінде егін сапасы алқап сайын 10-15%-ға өсті.
«Біздің цифрлық платформа тек есеп жүйесіне ғана емес, агробизнесті интеллектуалды басқару құралына айналуда. Операциялық шығындар 5-10 пайызға төмендеді, өндіріс тиімділігі 10-20 пайызға артты, адами фактордың ықпалы айтарлықтай азайды», деп атап өтті Бақтияр Оспанов.
Суперкомпьютерлер желісі кеңейтілуде
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин еліміздегі деректерді өңдеу инфрақұрылымының жедел дамып жатқанын хабарлады. Компания ел бойынша 1700-ден астам серверлік тірек, 25 МВт қуаттылықпен нарықтың 47 пайызын иеленеді.
Өткен жылдың қазанында Алматыда өнімділігі 1,5 петафлопс болатын AI-Farabium суперкомпьютері іске қосылды, ол қазір әлем суперкомпьютерлері рейтингінде 103-ші орында тұр және есептеу қуаты 100 пайыз жүктелген жағдайда жұмыс істейді.
«Биыл қараша айында Қосшы қаласында Алматыдағы орталықтан үш есе қуатты суперкомпьютерді іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар «Қазақтелеком» Екібастұз қаласында Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын салу жобасының операторы болып белгіленді. 20-дан астам гиперскейл-компаниямен келіссөздер жүргізілуде, 100 МВт-тан астам алдын ала сұраныс жасақталды», деді Бағдат Мусин.
Жеке сектор, деректер және заңнама
Бизнесте технологиялық икемділік пен жылдам іске асыру тәжірибесі бар, сондықтан экономикалық ынталандыру тетіктерін әзірлеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды.
«Біз жасанды интеллект саласында мемлекеттік бастамалармен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Жеке сектор мен оның бастамаларын белсенді тарту мақсатында экономикалық ынталандыру құралдарын әзірлеу қажет. Мұндай мысалдар экономиканың барлық саласында міндетті түрде кеңінен таратылуы керек. Қаржы институттары, ең алдымен, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану деңгейі жоғары жобаларға қолдау көрсеткені жөн», деді Олжас Бектенов.
Жасанды интеллектіні жаппай ендірудің міндетті шарты сапалы деректердің қолжетімділігі. Шашыраңқы деректерді реттеу, бизнеске мемлекеттік деректер қорын ашу, бірыңғай стандарттар мен салалық «data-lake» жасау міндеттердің ірі тобын құрайды. Ұлттық экономика министрлігіне Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп экономикалық үдерістер дамуын болжауда нақты тетіктер ендіру тапсырылды. Шағын және орта бизнес үшін жасанды интеллект әлі күрделі болып қала бергендіктен, оны ендіруді ынталандыру тәсілдерін жасау да басымдықтар қатарында.
«Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына серпін беріп, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын айқындайды. Қазір заңнамада жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау қажеттілігі де көзделген», деді Олжас Бектенов.
