🤖 Digital

NVIDIA таңдаған Қазақстан: Екібастұзда не салынады?

NVIDIA таңдаған Қазақстан: Екібастұзда не салынады?

Қазақстан жасанды интеллект саласындағы ең ірі жобалардың бірін қолға алмақ. Үкімет америкалық Firebird компаниясы мен әлемдік технология алыбы NVIDIA-мен жалпы құны 10 млрд доллар болатын келісімдер пакетіне қол қойды. Жоба аясында Екібастұзда жоғары өнімді есептеу жүйелері мен заманауи деректер орталықтарын біріктіретін «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» құрылмақ, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл жоба іске асса, Қазақстан Орталық Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың біріне айналып, жасанды интеллект инфрақұрылымы дамыған әлемдегі жетекші елдер қатарына қосылуы мүмкін.

Премьер-министр Олжас Бектенов NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянмен және Firebird негізін қалаушылар Размик Овакимян мен Александр Есаянмен кездесті. Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин және АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джули Стаффт қатысты.

Екібастұз неге таңдалды?

Кездесу барысында ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Әңгіме жоғары өнімді есептеу қуаттарын қалыптастыру, жаңа буындағы деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру және халықаралық технологиялық серіктестерді тарту жайында өрбіді.

Олжас Бектенов жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының біріне айналғанын айтты.

«Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы аптада Digital Qazaqstan цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазіргі таңда негізгі цифрлық жобалардың бірі – Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы". Біздің мақсатымыз – жаһандық цифрлық инфрақұрылымды орналастыруға арналған алаң қалыптастыру. Біз Firebird және NVIDIA серіктестерімен жасалған келісімдерді жоғары бағалаймыз», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, жобаның негізгі артықшылықтарының бірі – Екібастұздағы энергетикалық әлеует. Мұнда ауқымды жер қоры бар, инвесторларға арналған жеңілдіктер қарастырылған және электр энергиясының бағасы бәсекеге қабілетті деңгейде.

Қазір жобаға қажетті 300 мегаватт қуат қолжетімді. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен 1 гигаваттқа дейін ұлғайтылмақ.

«Қазақстанды әлемдегі үздік он елдің қатарына қоса алады»

Firebird компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Размик Овакимян Қазақстанның әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, жасанды интеллект саласында көшбасшы болу үшін тек технология ғана емес, саяси ерік-жігер, таланттар және ұзақмерзімді стратегия қажет.

«Президенттің 2026 жылды Жасанды интеллект жылы деп жариялау жөніндегі көреген шешімін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанға алғаш келген кезде-ақ елдің биік мақсаттары, технологиялық тәжірибесі мен адами капиталы әлемдік деңгейде екені бірден байқалды. Бүгінде жасанды интеллектінің озық есептеу қуаттарына, таланттарды дамытуға және инновациялық экожүйелерге инвестиция салып жатқан елдер ертеңгі экономикалық мүмкіндіктерді қалыптастырады. Firebird АҚШ-тың озық технологияларын енгізу тәжірибесін, жаһандық жасанды интеллект экожүйесіндегі серіктестік байланыстарын және ірі инфрақұрылымдық жобаларды қысқа мерзімде жүзеге асыру қабілетін біріктіреді. 2027 жылы жобаны іске қосу Қазақстанды әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосуы мүмкін», деді Размик Овакимян.

NVIDIA Қазақстанның басты артықшылығын атады

NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян жобаның технологиялық тұжырымдамасын таныстырып, Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект экожүйесіндегі орны туралы айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллект саласының іргетасы – энергия.

«Жасанды интеллектті дамыту үшін біз "бес қабатты торт" деп атайтын құрылым қажет. Ең төменгі қабат – энергия. Егер энергия болмаса, қалғанының бәрі тоқтайды. Қазақстанның басты артықшылығы – мол энергия ресурстары. Сондықтан бұл бағытты дамыту үшін өте қолайлы орын. Мен көргенім, оқығаным және осы жерде байқағаным бойынша, Қазақстанның рухы мен жігері табиғи ресурстарын да, адами капиталын да жаңа технологиялық дәуірге бағыттауға дайын екенін көрсетеді», деді ол.

100 мың чип пен миллиардтаған доллар табыс

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, әлемде мұндай жобаларға сұраныс күрт өсіп келеді. Сарапшылар алдағы жылдары жасанды интеллект нарығының көлемі жүздеген миллиард долларға жететінін болжайды. Ал AI модельдерін оқытуға қажетті есептеу қуаттарына сұраныс жыл сайын екі есеге жуық артып келеді.

Сол себепті мемлекеттер бүгінде тек бағдарламашылар мен технологиялық компаниялар үшін емес, деректер орталықтары мен есептеу инфрақұрылымы үшін де бәсекеге түсіп жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жоба аясында соңғы буындағы 100 мың графикалық процессор негізінде ауқымды есептеу кластері құрылады.

«10 млрд доллар көлеміндегі инвестициялар NVIDIA GB300 және Vera Rubin чиптерін қоса алғанда, соңғы буындағы 100 мың GPU-чип негізінде ауқымды есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, жоба жыл сайын кемінде 3 млрд доллар экспорттық кіріс әкеледі. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, әлемдік технологиялық компаниялар тартылады. Бұл Қазақстанның Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың бірі ретіндегі орнын нығайтады», деді Жаслан Мәдиев.

Қазақстанға қандай пайда береді?

Жоба деректер орталықтарын ғана емес, тұтас технологиялық экожүйені қалыптастыруды көздейді. Заманауи есептеу платформалары инвестиция тартуға, цифрлық сервистерді ел ішінде орналастыруға, инженер мамандар даярлауға және жаңа экспорттық бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғары өнімді инфрақұрылым ғылыми зерттеулер жүргізуге, стартаптарды қолдауға, бұлтты сервистерді кеңейтуге және қазақстандық компаниялардың жасанды интеллект шешімдерін кеңінен пайдалануына жол ашады.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл жоба ондаған жылға арналған технологиялық негіз қалыптастырады.

«Біз ондаған жылдарға есептелген инфрақұрылымды қалыптастырып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру заманауи есептеу ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жасанды интеллект технологияларын енгізуді жеделдетуге және жаһандық технологиялық компанияларды тартуға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Қазақстанда Еуразиядағы ең ірі цифрлық кластерлердің бірін қалыптастыру», деді ол.

Қандай құжаттарға қол қойылды?

Кездесу қорытындысында жалпы көлемі 10 млрд доллар болатын келісімдерге қол қойылды. Олардың бірі – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Firebird арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім. Құжат жасанды интеллект экожүйесін дамытуға және Alem.ai базасында Firebird Labs Kazakhstan орталығын құруға бағытталған.

Сондай-ақ «КТ-ТЕЛЕКОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Firebird арасында «ДӨО алқабы» жобасын іске асырудың техникалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайтын келісім жасалды.

Үкіметтің бағалауынша, бұл келісімдер Қазақстанда жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және жаңа буын цифрлық сервистеріне арналған заманауи технологиялық база қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар әлемдік технологиялық алпауыттардың Қазақстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанын және еліміздің Орталық Еуразиядағы цифрлық хаб ретіндегі позициясы күшейіп жатқанын көрсетеді.

 

Барлық жаңалық