🤖 Digital

Telegram енді сағатта да жұмыс істейді

Telegram енді сағатта да жұмыс істейді

Telegram ауқымды жаңартуын ұсынып, пайдаланушыларға ондаған жаңа мүмкіндік ұсынды. Ең басты жаңалықтардың бірі – көптен күткен ақылды сағаттарға арналған қосымшаның іске қосылуы. Сонымен қатар мессенджерде топтарды басқаратын жасанды интеллект модераторлары, боттарға арналған кеңейтілген форматтау құралдары, сауалнама жауаптарына сілтеме қосу және Markdown пішімін қолдау сияқты жаңашылдықтар пайда болды, деп жазады Ozgeris.info.

Telegram қосымшасы Apple Watch пен Android Wear OS платформасындағы ақылды сағаттарға қолжетімді болды. Енді пайдаланушылар сағат арқылы мәтіндік және дауыстық хабарламалар жібере алады, аудиохабарламаларды тыңдайды, фотосуреттер мен бейнехабарламаларды көреді, кез келген көлемдегі жазбаларды оқиды, геолокацияны бақылайды, стикерлер жібереді және чаттарды басқара алады.

Әзірге Android пен iOS жүйелеріндегі функциялар толық бірдей емес. Android нұсқасында хабарламаларды уақытша өшіру, чаттарды бекіту және жазбаларды жою мүмкіндігі қарастырылған. Ал Apple Watch пайдаланушылары геолокация мен стикерлерді пайдалана алады.

Telegram әзірлеушілері келесі жаңартуда платформалар арасындағы айырмашылықтарды жойып, барлық функцияны біріздендіруге уәде берді. Компания сондай-ақ Wear OS қосымшасы іске қосылмайтын Huawei сағаттарының иелеріне әзірлеушілерге тікелей хабарласуды ұсынды.

Жаңартудан кейін Telegram боттары күрделі әрі көрнекі форматтағы хабарламалар жібере алады. Енді боттар мәтінмен қатар медиафайлдарды, карусельдерді, коллаждарды, кестелерді, дәйексөз блоктарын, хабарлама ішінде жылдам навигация жасауға арналған тақырыптарды, жиналмалы бөлімдерді, түсіндірме сілтемелерді, математикалық формулаларды, үстіңгі және астыңғы индекс мәтіндерін пайдалана алады.

Тағы бір маңызды өзгеріс – бір хабарламаның көлемі айтарлықтай ұлғайды. Бұрын мәтін ұзындығы 8 мың таңбамен шектелсе, енді бұл көрсеткіш 32 768 таңбаға дейін жетті. Алғашқы 8 мың таңбадан кейін пайдаланушыларға «Әрі қарай оқу» батырмасы көрсетіледі. Жаңартылған техникалық құжаттама әзірлеушілерге қолжетімді болып үлгерді.

Telegram әкімшілері енді жасанды интеллект негізіндегі боттарды модератор ретінде пайдалана алады.

Мұндай боттарға жаңа қатысушыларды топқа қабылдамас бұрын тексеру міндетін жүктеуге болады. Жүйе Telegram-ның шағын қосымшалар интерфейсі арқылы жұмыс істейді. Соның арқасында әр қауымдастық өз ережесіне сай сүзгі құра алады. Мысалы, топқа қосылғысы келген пайдаланушы арнайы сұрақтарға жауап беруі немесе шағын тест тапсыруы мүмкін. Егер талаптар орындалмаса, бот оны чатқа қоспайды.

Қажет болған жағдайда дәл осы боттар топтағы тәртіп бұзушыларды анықтап, оларды автоматты түрде шығарып тастай алады.

Telegram сауалнамалары да жаңа мүмкіндікке ие болды. Енді әр жауап нұсқасына жеке сілтеме бекітуге болады. Бұл пайдаланушыларға қосымша ақпарат көздерін көрсетуге немесе белгілі бір жауаптың негіздемесін ұсынуға мүмкіндік береді. Әсіресе ақпараттық арналар мен үлкен қауымдастықтарды басқаратын әкімшілер үшін бұл функция пайдалы болмақ.

Telegram ішіндегі браузер енді .md форматындағы файлдарды толық форматталуымен көрсете алады. Markdown форматы бағдарламашылар мен контент жасаушылар арасында кең таралғандықтан, бұл жаңалық көптеген пайдаланушы үшін қолайлы шешім саналады.

Сонымен қатар сілтемелерді ашу тәртібі де жаңартылды. Енді пайдаланушы кез келген сілтемені ұзақ басу арқылы оны қай браузерде ашатынын өзі таңдай алады. Бұрын мұндай әрекет жасау үшін сілтемені көшіріп, басқа қосымшаға өту қажет болатын.

Android және iOS құрылғыларында пайдаланушылар арнайы тізім құрып, белгілі бір сайттардың Telegram ішіндегі браузерде әрдайым ашылуын немесе керісінше ешқашан ашылмауын белгілей алады. iPhone құрылғыларында бұл баптау «Құпиялық» бөлімінде орналасса, Android жүйесінде «Чат баптаулары» арқылы реттеледі.

Соңғы жаңарту Telegram-ның тек хабар алмасу платформасы ғана емес, жасанды интеллект пен автоматтандыру құралдарын біріктіретін көпфункциялы цифрлық экожүйеге айналып келе жатқанын көрсетті. Ақылды сағаттарға арналған қосымшаның іске қосылуы, ЖИ-модераторлардың пайда болуы және боттардың мүмкіндіктерінің кеңеюі мессенджердің дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады.

 

Барлық жаңалық