Астанада өткен кәсіпкерлермен кеңесте Үкімет өкілдері жаңа Конституция жобасынан бастап, салық реформасы, тексерулерді шектеу, цифрландыру және қаржылай қолдау мәселелеріне дейін кеңінен тоқталды. Кездесуде бизнесті дамыту, отандық өндірушілерді қолдау және кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы нақты қадамдар айтылды. Бұл бастамалар қарапайым кәсіпкерлерге қалай әсер етеді және алдағы уақытта не өзгереді?
Премьер-министр Олжас Бектенов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында ірі жиын өткізді. Бұл кездесуге мұнай мен газ саласында жұмыс істейтіндер, энергетика, тау кен, металлургия, ауыл шаруашылығы саласының кәсіпкерлері, түрлі қауымдастық мүшелері мен өңірлерден келген сарапшылар қатысты. Басқосу барысында елдегі кәсіпкерлікті қалай дамыту керек, салық жүйесін қалай өзгерту керек, бизнеске қандай қолдау қажет, ақпараттық жүйелерді қалай жеңілдетуге болады деген мәселелер ашық талқыланды.
Жиынның басында Премьер-министр кәсіпкерлік ел дамуының ең маңызды бағыттарының бірі екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекет қандай да бір экономикалық өзгеріс жасаса да, оны іске асыратын ең алдымен кәсіпкерлер. Сондықтан бизнес пен мемлекет әрдайым бір бағытта жұмыс істеуі керек. Бұл жерде «Атамекен» палатасының да рөлі үлкен. Өйткені ол кәсіпкерлердің мәселесін билікке жеткізіп, екі тараптың арасында көпір болып отыр.

Кездесу барысында Олжас Бектенов жаңа Конституцияға да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, қазір елде маңызды өзгерістер жүріп жатыр. Бұл өзгерістер тек заң үшін емес, әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер етеді.
«Біз бүгін өте маңызды кезеңде бас қосып отырмыз. Соңғы жарты жыл бойы қоғамда Конституцияны өзгерту мәселесі қызу талқыланып жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Олардың бәрі мұқият қаралып жатыр. Бұл біздің елімізде халықтың пікіріне мән берілетінін көрсетеді. Жаңа Конституцияның басты мақсаты – Тәуелсіздігімізді күшейту. Барлығыңызды Президентімізді және жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын. Сіздерде мыңдаған адам жұмыс істейді. Сол адамдарға болып жатқан өзгерістерді дұрыс түсіндіру өте маңызды», деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі талқылаулар елдегі демократияның дамып келе жатқанын көрсетеді. Халық өз ойын ашық айтып, билікке ұсыныс беріп жатыр. Бұл бұрын болмаған жағдай. Сондықтан әрбір азаматтың пікірі ескеріліп отыр. Сонымен бірге Олжас Бектенов кәсіпкерлерге де үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты. Себебі бизнес өкілдері тек табыс табумен ғана шектелмей, елдегі өзгерістерге де белсенді қатысуы керек. Әр кәсіпкер өз ұжымына реформалардың мәнін түсіндіріп, ел болашағы үшін бұл қадамдардың не үшін қажет екенін жеткізуі тиіс.
Жиында жаңа Конституция жобасының кәсіпкерлерге қандай әсері болатыны да кеңінен айтылды. Құжатта Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен Тәртіпке негізделген Әділетті Қазақстан» құру бағыты нақты көрсетілген. Бұл дегеніміз, енді бизнес те заңды сақтап, адал еңбек етіп, елге жанашыр болуға көбірек мән беруі керек деген сөз. Мемлекет кәсіпкерлерден тек табыс табуды емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті де талап етеді.
Жаңа Конституцияда әділдік пен заңдылық басты қағида ретінде бекітілмек. Осы арқылы мемлекет пен бизнес арасында сенім артады. Ұзақ мерзімді серіктестік қалыптасады. Яғни, кәсіпкер де ертеңіне сенімді болып, жұмысын қорықпай жоспарлай алады.
Кеңес барысында салық мәселесі де негізгі тақырыптардың бірі болды. Президенттің жаңа салық ережелерін бірден емес, біртіндеп енгізу туралы тапсырмасы қалай орындалып жатқаны талқыланды. Кәсіпкерлерге ауыр тимеуі үшін өтпелі кезеңнің маңызы айтылды. Салықты есептеу, төлеу, тексеру тәртібін жеңілдету жолдары қаралды.

Үкімет кәсіпкерлердің жаңа жүйеге бейімделуі үшін арнайы шаралар қабылдады. Соның нәтижесінде шағын және микробизнес 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тексерулерден, камералдық бақылаудан және әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Бұл дегеніміз, кәсіпкерлерге уақыт беріліп отыр. Осы кезеңде олар жұмысын ретке келтіріп, жаңа талаптарға үйрене алады. Сонымен қатар биылғы 1 сәуірге дейін қарызын өтеген кәсіпкерлерге өсімпұлдар мен айыппұлдарды кешіру тәртібі қолданылып жатыр. Кәсіпорынды жабу немесе уақытша тоқтату рәсімдері де қайта қаралды. Мұның бәрі бизнеске артық салмақ салмау үшін жасалған.
Ал 2026 жылдың соңына дейін шағын және микробизнес үшін арнайы өтпелі кезең сақталады. Осы уақытта жіберілген қателер үшін айыппұл салынбайды. Мемлекет алдымен үйретіп, бағыт көрсетуді көздеп отыр. Тек содан кейін ғана талапты күшейтпек.
Кеңесте Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазіргі салық жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқанын түсіндірді. Оның айтуынша, арнайы Жобалық кеңсе бір мезетте 250 мыңға дейін салық төлеушіге қызмет көрсете алады. Барлық өтініштер «бірыңғай терезе» қағидаты арқылы қабылданады. Яғни, кәсіпкер бірнеше мекемеге бармай, бір жерден-ақ мәселесін шеше алады. Соңғы үш аптада келіп түскен өтініштер саны 19,5 мыңнан 7,1 мыңға дейін азайған. Бұл техникалық жүйенің тұрақталып, жұмыс ретіне түсе бастағанын көрсетеді. Сонымен қатар «Халық бухгалтері» акциясына 17 мыңнан астам адам қатысқан. Олар тегін кеңес алып, салық мәселесін түсінуге мүмкіндік алған.

Салық жүйесінде тіркелген азаматтар мен кәсіпкерлер саны да көбейіп келеді. Жыл басынан бері 41,2 мыңнан астам адам қайтадан есепке алынған. Ал өзін өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим арқылы бұрын тіркелмей жүрген 187,2 мыңнан астам адам заңды ортаға шыққан. Бұл олардың ресми түрде жұмыс істеп, мемлекетпен ашық қарым қатынас орнатуына жол ашты.
Мемлекет тарапынан бизнеске қаржылай қолдау да күшейтіліп отыр. 2025 жылы түрлі бағдарламалар аясында жалпы құны 365 млрд теңге болатын 3,4 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобасына субсидия берілген. Бұл кәсіпкерлердің жұмысын кеңейтуіне және жаңа жобаларды іске асыруына мүмкіндік берді.
Кеңесте «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев та сөз сөйледі. Ол мемлекет пен бизнес арасындағы байланыс жылдан жылға нығайып келе жатқанын айтты. Президент тапсырмасына сәйкес, «Атамекен» ішкі инвесторларды қолдауға ерекше мән беріп отыр. Қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтуге, жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобалар жинақталып жатыр.
Ал «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жаңа Салық кодексіне қатысты бизнес өкілдерінің пікірін жеткізді. Ол арнайы салық режимдерін қолдану тәртібін жеңілдету және денсаулық сақтау саласына салық салу тәсілдерін қайта қарау қажет екенін айтты. Бұл ұсыныстар кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

Кеңес барысында қазақстандық тауар өндірушілердің арнайы тізілімін іске қосу мәселесі де талқыланды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, қазіргі таңда бұл жүйеге 5 608 компания тіркеліп үлгерген. Сонымен қатар 13 533 өтінім қабылданған. Бұл кәсіпорындардың жаңа жүйеге белсенді түрде қосылып жатқанын көрсетеді.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов та осы бағыттағы жұмыстарды түсіндірді. Оның айтуынша, бұрын индустриялық сертификаты бар 1 924 кәсіпорын автоматты түрде жаңа тізілімге көшірілген. Қазір бұл жүйеге күн сайын шамамен 100-ге жуық өндіруші тіркеліп жатыр. Бұл отандық тауар өндірушілердің бірыңғай базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кездесуде бизнес өкілдері де өз пікірін білдірді. «Алматы бояулары» ЖШС директоры Римма Салықова мен «Қазэлектромаш» ЖШС директоры Виталий Распопин бірқатар ұсыныс айтты. Олар шағын және орта бизнеспен жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру, мемлекеттік сатып алу жүйесін реттеу және салалық талаптарды ескеру қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар кәсіпорындарды өндіріс көлемі мен жұмыс ауқымына қарай бөлу, мемлекеттік қолдау мен тапсырысты инвестиция көлемімен байланыстыру мәселесі көтерілді. Сондай-ақ тізілімге енгізілген өнімдердің қалай пайдаланылып жатқанын әділ әрі ашық цифрлық бақылау арқылы қадағалау керектігі айтылды. Бұл отандық өндірушілерге әділ жағдай жасауға көмектеседі.
Кеңес соңында Премьер-министр бизнес өкілдерінің ұсыныстарына пікір білдірді. Ол мемлекеттік органдарға «Атамекен» ҰКП-мен бірге бұл бастамаларды жан-жақты қарастырып, нақты нәтиже шығаруды тапсырды. Қабылданатын шешімдер экономиканың тұрақты өсуіне, нақты сектордың дамуына, экспортты арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі керек екенін атап өтті.