Адамзаттың ең көне сұрағының бірі – «ақша бақыт әкеле ме?» деген сұрақ. Бір қарағанда жауабы айқын сияқты: қалтаң қалың, тұрмысың жақсы болса, неге бақытты болмасқа? Алайда ғылым бұл пікірді біржақты қолдамайды. Өткен ғасырдың 70-жылдары америкалық экономист Ричард Истерлин зерттеу жүргізіп, таңғаларлық қорытындыға келді. Әр елде бай адамдар шынымен де кедейлерге қарағанда өздерін бақытты сезінеді. Бірақ елдің табысы артқан сайын бүкіл халық бірдей бақытты бола бермейді екен. Бұл ой кейін «Истерлин парадоксы» деген атау алды, деп сараптайды Ozgeris.info.
Бай ел – бақытты ел бола ма?
Истерлиннің тұжырымынан кейін экономистер арасында үлкен пікірталас басталды. Кейбірі бұл парадоксты қолдады, кейбірі терістеді. Мәселен, АҚШ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдегі ең бай елге айналды, бірақ халықтың бақыт деңгейі айтарлықтай өспеген. Ал табысы АҚШ-тың сегізден бір бөлігіне тең ғана Куба сол кезде «ең бақытты елдердің» қатарына кірді.
Бүгінгі күнгі деректер де осыны дәлелдейді. Мысалы, Люксембург, Ирландия, Швейцария – жан басына шаққандағы табысы ең жоғары елдер. Бірақ бақыт деңгейі бойынша алғашқы орындардан көрінбейді. Керісінше, Финляндия мен Дания сияқты елдер әлемде бақыт бойынша көш бастап тұр, ал табысы Люксембургпен салыстырғанда бірнеше есе аз.
Осыған қарап-ақ, ақша – бақыттың жалғыз кілті емес екенін байқаймыз.
Жеке адамның бақытына не әсер етеді?
Истерлин де, кейінгі ғалымдар да мына нәрсені мойындайды: жеке деңгейде ақша көп болған сайын бақыт та артады. Мысалы, Қазақстанда да табысы жоғары адамдардың өмірге қанағаттану деңгейі табысы төмендерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл түсінікті: қаржы жеткілікті болса, тамақ, киім, баспана сияқты негізгі қажеттіліктер шешіледі.
Бірақ табыс өскен сайын оның әсері азая береді. Бай адам табысын екі еселесе де, өмірі түбегейлі өзгеріп кетпейді. Ал кедейдің табысы артса, ол үшін үлкен серпіліс әкеледі.

Ел деңгейіндегі бақыт: әлеуметтік факторлардың рөлі
Лондон экономика мектебінің профессоры Ричард Лэйард бастаған ғалымдар бақытқа әсер ететін басқа да факторларды анықтады. Олардың ойынша, ұлттық деңгейде ақша тек белгілі бір шекке дейін ғана бақытты арттырады. Одан кейінгі басты рөлді мыналар атқарады:
денсаулықтың сапасы – ұзақ әрі сау өмір сүру мүмкіндігі;
әлеуметтік байланыстар – қиын кезде сүйенетін отбасы, дос-жаран;
еркіндік – өз өмір жолыңды, мамандығыңды, өмір салтыңды еркін таңдау құқығы;
сенім мен әділдік – жемқорлықтың аз болуы, қоғамдағы әділ қатынастар;
қоғамдағы бірлік пен қолдау – адамдардың бір-біріне қамқорлығы.
Міне, осы факторлар бай елдердің бақытты болуына көп ықпал етеді.

Ғалымдар мынадай қорытындыға келді:
Кедей елдер үшін табыс – басты шарт. Себебі, ақша жетпесе, ең қарапайым қажеттіліктер орындалмайды.
Ал бай елдерде табыс артқанымен, адамдардың бақыт деңгейі одан әрі өспейді. Мұнда сапалы денсаулық сақтау, жақсы білім, еркін қоғам, әділдік пен сенім сияқты құндылықтар әлдеқайда маңызды болып шығады.
Қазақстанға қандай сабақ бар?
Қазақстан үшін бұл тұжырымдар да маңызды. Қазір еліміз дамушы мемлекет ретінде әлі де экономикалық өсімге тәуелді. Халықтың тұрмыс деңгейін көтеру үшін табыс артқаны абзал. Бірақ уақыт өте келе, біз үшін де әлеуметтік факторлар шешуші рөл атқара бастайды.
Егер тек экономикаға ғана сүйеніп қойсақ, қоғамдағы сенімсіздік, жемқорлық, әділетсіздік бақыттың алдын бөгейді. Сондықтан мемлекет үшін басты мақсат – тек табысты арттыру емес, өмір сапасын жақсарту болуы тиіс.