💰 Экономика

Инвестиция тапшылығы: экономика өсіп жатыр ма, әлде өшіп жатыр ма?

Кейінгі кездері ел экономикасының өсуі туралы ресми мәлімдемелер жиі естіліп жүр. Бірақ бұл өсімнің артында кімнің қаржысы жатыр? Қандай инвестициялық тетік жұмыс істеп тұр?, деп сараптайды Ozgeris.info. 

Экономист Алмас Чукин бұл мәселеге сын көзбен қарап отыр. Оның айтуынша, қазіргі экономикалық «өрлеу» – мемлекеттің өз есебінен жасалып жатқан жасанды жетістік.

 «Экономика 6 пайызға өсіп жатыр дейді. Бірақ ол өсімнің көбі бюджеттік қаражаттың арқасы. Үкімет мектеп салады, әскери жалақыны көбейтеді, солай сұраныс артады. Ал ұсыныс артпайды. Яғни, ақша бар, бірақ тауар мен қызмет аз. Айналып келгенде, тікелей инфляцияға соқтырады», дейді сарапшы.

Сарапшының пайымынша, біз қазір үкімет есебінен ғана қозғалып келеміз. Ал жеке инвестиция үшін ең басты шарт – сенімді орта, тұрақты ереже және қолжетімді қаржы. Чукин нақты капиталдың қайда құрылатынын да еске салады:

«Шын мәнінде капитал қор биржасында жасалмайды. Ол нарықтан тыс, өндірісте, инновацияда, еңбек өнімділігінде пайда болады».

Осы пікірді экономист Ғалым Құсайынов та жалғастырады. Оның айтуынша, Қазақстанда ұлттық валютаға сұраныс артып жатқандай көрінгенімен, капитал елден кетіп жатыр.

«Кейінгі үш жылда жеке сектор шетелге 12,6 млрд доллар апарған. Бұл шамамен 6,5 трлн теңге. Салыстыру үшін: елдегі барлық валюталық депозиттер көлемі 8-9 трлн теңге ғана. Яғни халықтың жарты қаржысы қазір елден тыс жерде жұмыс істеп тұр», дейді сарапшы.

Оның пікірінше, халықтың теңгеге сенімі төмен. Сол себепті олар өз қаржысын АҚШ, Еуропа, Түркия, БАӘ сияқты тұрақты елдердің нарығына бағыттайды. Ал Ұлттық банктің 1%-дық табыс шектеуі бұл үрдісті тоқтатудың орнына үдетіп отыр. Халық банкі VIP клиенттерге жылдық 3,5% табысы бар валюталық облигациялар ұсынуда. Бірақ бұл да нақты экономикаға ақша бағыттап жатқан жоқ.

«Түйінді мәселе – шектеуде емес, сенімде. Теңгеге деген сенім әлсіз болған сайын, халық валюталық активтерге жүгінеді. Бірақ бұл қаражат ел ішінде емес, шетелде жұмыс істейді. Біз девальвациялық тәуекелдерді халықтың мойнына жүктеп отырмыз. Ал бұл сенім жоғалтуға, ақшаның сыртқа кетуіне және ішкі инвестиция тапшылығына алып келеді»,  дейді Құсайынов.

Инвестиция дегенде, жұрттың жеке қызығушылығы да артқан. Бірақ сарапшы Дана Молдақұлова бұл қызығушылықтың артында көбіне қаржылық сауаттың жетіспеушілігі тұрғанын айтады.

 «Адамдар ақшасын салады, бірақ не сатып алғанын да, қандай компания екенін де білмейді. Қарап тұрсаң, өзгенің ақылына сеніп берген. Артынша алданып, өзін емес, сол адамды кінәлайды», дейді ол.

Молдақұлованың айтуынша, елімізде кеңес берушілер институты да әлі қалыптаспаған. Кеңесші атын жамылғандардың көбі нақты сарапшы емес, өзіне тиімді өнімді ұсынуға ғана мүдделі.

 «Мысалы, адамның несиесі бар. Ал оған «саған инвестиция керек» деп тағы бір қаржы құралын ұсынып, жағдайын қиындатып жібереді. Бұл – инвестиция емес, абайсыз қаржылық батпаққа батудың жолы»,  дейді сарапшы.

Сонымен қатар вайнерлер мен блогерлер жарнамалаған жобалар да көбіне сенімсіз болып шығады. Көрермен инфлюенсерге сенеді, бірақ жобаға емес. Инвестицияның шынайы табиғаты – тәуекел мен жауапкершілік екенін көпшілік ескере бермейді.

«Сіз инвестиция жасаған кезде, ол ақша сіздікі екенін естен шығармаңыз. Оның тағдырына тек сіз жауаптысыз»,  деп түйіндейді Дана Молдақұлова.

Бұл пікірлердің бәрі бір түйінге саяды: экономика өсу үшін ел ішінде жеке капитал айналуы керек. Бірақ оның алғышарты – сенім.

Барлық жаңалық