Бүгінде жасанды интеллект жай ғана технологиялық тренд емес, мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын институционалдық күшке айналды. Қазақстан бұл бәйгеде өз орнын айқындап, теориялық талқылаудан нақты құрылымдық өзгерістерге көшті. Елдің цифрлық болашағын қалыптастыруда заң үстемдігі, техникалық әлеует және интеллектуалды ұлт тәрбиелеу мәселелері қалай тоғыспақ? Халықаралық майталмандар мен отандық сарапшылардың пайымына сүйене отырып, еліміздің технологиялық даму жолындағы басымдықтарына үңіліп көрдік, деп жазады Ozgeris.info.
Қазақстан жасанды интеллектіні қалай дамытады?
Қазақстан жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын ұлттық экономиканың ажырамас бөлігіне айналдыру жолында кешенді жұмыстарды бастап кетті. Жақында өткен «Freedom Inside ’26» форумында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еліміздің бұл бағыттағы стратегиялық басымдықтарын жария етті. Үкімет ЖИ-ді жай ғана технологиялық жаңалық емес, халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын институционалдық құрал ретінде қарастырып отыр. Дамудың негізгі тіректері ретінде заңнамалық база, қуатты инфрақұрылым және білікті адами капитал таңдалды.
Саланы дамытудың алғашқы қадамы ретінде арнайы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, бес жылдық даму жоспары бекітілді. Бүгінде «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект туралы» заң бұл саланың құқықтық шеңберін айқындайтын негізгі құжаттарға айналды. Жаслан Мәдиев институционалдық дамудың маңызын былайша түсіндіреді:
«Институционалды дамыту тұрғысынан келер болсақ, осы салаға арнайы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, арнайы бес жылдық жоспар қабылданған. «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект» туралы заң негізгі құқықтық шеңберді айқындап берді. Біздің мақсатымыз – саланы шектен тыс реттеу емес, керісінше, мемлекеттік органдарға жаңа технологияларды тиімді енгізуге көмектесетін терминологиялық және этикалық негізді қалыптастыру. Осы ретте азаматтарды түрлі цифрлық манипуляция мен алаяқтық әрекеттен қорғау үшін жасанды интеллект өнімдерін міндетті түрде таңбалау секілді нақты талаптар енгізілді», деді министр.
Институционалдық ортаны нығайту үшін Президент жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі халықаралық сарапшылар кеңесі іске қосылды. Оның құрамында Google-дың зерттеу бөлімінің бұрынғы басшысы Питер Норвиг, белгілі AI-футуролог доктор Ли Кайфу, БАӘ-нің Жасанды интеллект жөніндегі министрі Омар Сұлтан Әл-Олама сынды әлемдік деңгейдегі майталмандар бар. Жасанды интеллектіні дамыту үшін қуатты есептеуіш техника мен сапалы интернет байланысы қажет. Бұл бағытта мемлекет жеке сектормен бірлесіп ауқымды жобаларды қолға алды. 2027 жылдың соңына қарай еліміздегі ауылдардың 90 пайызы талшықты-оптикалық байланыс жүйесімен қамтылмақ.
«Цифрлық инфрақұрылым деген – талшықты-оптика жүйесі, жер-жерде интернеттің дұрыс ұстауы, спутник интернеті. Қазір ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Каспий түбінен жүргізілген талшықты-оптика жүйесі биыл ІІІ тоқсанда іске қосылады. Бұл жүйе Қытай мен Еуропа арасындағы интернет трафиктегі Қазақстанның рөлін одан әрі арттыра түспек. Сонымен қатар суперкомпьютерлер алынып, оларды мемлекеттік органдар, стартаптар, зерттеу институттары пайдаланып, KazLLM (үлкен тілдік модель) тілдік моделін дамытып жатыр», деді Жаслан Мәдиев.
Қазірдің өзінде мемлекеттік аппаратта 20-дан астам ЖИ-агенті жұмыс істеп тұрса, 2026 жылдың соңына қарай олардың санын 50-ге жеткізу жоспарланған. Технологияның игілігін көру үшін оны басқара алатын мамандар мен қолдана білетін халық қажет. Сондықтан білім беру мәселесі басты орынға шықты. Былтырдың өзінде 1 миллионға жуық адам цифрлық дағдылар мен жасанды интеллект негіздерін үйренді. Министр оқыту үдерісіне де тоқталды:
«Былтыр 1 миллионға жуық адам, оның ішінде мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметшілер мен мамандар цифрлық дағды мен жасанды интеллект негізін үйренді. Оның ішінде 60 мыңнан астам мемлекеттік қызметші арнайы оқыту курстарынан өтті».

Халықаралық сарапшылар қалай бағалайды?
Әлемдік технологиялық бәйгеде Қазақстан жасанды интеллектіні жай ғана зерттеп қоймай, оны мемлекеттік басқару мен экономиканың барлық саласына батыл енгізуге көшті. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы еуропалық үлгіден өзгеше. Әсіресе еліміз этикалық шеңберлерді талқылап уақыт жоғалтпай, нақты атқару тетіктерін құруға басымдық беріп отыр.
Белгілі халықаралық сарапшы, PhD докторы Гленн Агунг Хоул Қазақстанның жасанды интеллект бағытындағы қадамдарын жоғары бағалап, еліміздің стратегиялық артықшылықтарын жіпке тізді. Оның пайымдауына сүйенсек, Қазақстанның тәсілі – жай ғана технологияны иемдену емес, институционалдық қуатты қалыптастыру.
«Мен 2025 жылы Астана халықаралық форумында Жасұлан Мәдиевпен кездескенде жай ғана кеңесшімен немесе бюрократпен емес, бүкіл ұлттық экономикаға жасанды интеллектіні енгізуге жауапты мемлекеттік шенеунікпен тікелей сөйлестім. Сол кезде бір нәрсе айқын болды. Қазақстан жасанды интеллектіні талқылап жатқан жоқ, оны іс жүзінде іске асырып жатыр. Еуропадағы осындай жоғары деңгейдегі кездесулерден айырмашылығы, бұл принциптер, этикалық негіздер немесе реттеуші амбициялар туралы әңгіме емес, нақты орындау туралы диалог болды. Онда не істеу керектігі емес, оның қалай, кіммен және қандай реттілікпен жасалатынына басымдық берілді. Бұл риторикалық емес, құрылымдық айырмашылық», дейді сарапшы.
Хоулдың пікірінше, жақында іске қосылған «AI Leaders 2026» (2026 жылғы ЖИ көшбасшылары) бағдарламасы бұл жүйелі мемлекеттік стратегияның жемісі. Бастама технологияны шеткері енгізу емес, ұйымдардың жұмыс істеу тәсілі мен экономикалық үйлестіруді қайта ұйымдастыру әрекеті. Сарапшының пайымдауынша, жасанды интеллект – шешім қабылдау инфрақұрылымы.
«Қазақстанның көзқарасының ерекшелігі жасанды интеллект стратегиясының болуында емес (ол көптеген елдерде бар), институционалдық әлеуетті мақсатты түрде құруында. Стэнфорд университетінің Адамға бағытталған жасанды интеллект институтымен және OpenAI академиясымен бірлесіп әзірленген «AI Leaders 2026» бастамасы инженерлерге емес, көшбасшыларға арналған. Көптеген батыс экономикаларында жасанды интеллект стратегиялық басқарудан бөлек, техникалық бөлімдердің шеңберінде қалып қойған. Қазақстан бұл логиканы кері айналдырып, технологиялық құзыреттілікті стратегиялық шешімдер қабылданатын деңгейге енгізеді», деп атап өтті PhD докторы Гленн Агунг Хоул.
Сонымен қатар сарапшы Қазақстанның цифрлық сауаттылықты арттырудағы ауқымды еңбегіне тоқталып, бір миллионға жуық азаматты қамтыған бағдарламалардың маңыздылығын айтты. Бұл мемлекеттік басқаруды, білім беру жүйесін және жастар саясатын қамтитын жүйелі қайта құру болып табылады. Хоулдың айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні қолданыстағы жүйеге жай ғана қосып қоймайды, ол жасанды интеллект төңірегінде жаңа жүйе құруға тырысуда.
«Геоэкономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстан технологиялық алпауыттармен тікелей бәсекелеспей, өзін жаһандық желілердегі стратегиялық торап ретінде көрсетіп отыр. Кремний алқабының экожүйелерімен байланыс орнату, жетекші академиялық сараптаманы біріктіру және Орталық Еуразиядағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту арқылы ел өзінің маңыздылығын арттыруда. Альберт О. Хиршманның терминдерімен айтсақ, билік тек бақылаудан ғана емес, өзара тәуелділік желілеріндегі позициядан туындайды. Қазақстан үстемдікке ұмтылмайды, ол таптырмас серіктес болуға ұмтылады. Еуропалық Одақпен салыстырғанда контраст айқын: Еуропа реттеуде көш бастағанымен, іс жүзінде енгізу қабілеті жағынан артта қалуда. Қазақстан, керісінше, реттеуден бұрын әлеуетті құруда», дейді PhD докторы.

Ғылым мен жасанды интеллект тоғысқанда...
Рас, ел болашағы – білім мен ғылымның тереңдігінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытуды елдік басымдық ретінде айқындап, ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен зерттеулерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуді тапсырған болатын. Алайда, жасанды интеллект дәуірі басталған қазіргі кезеңде бұл реформалардың қарқыны қандай? Біз технологияны жай ғана тұтынушы болып қала береміз бе, әлде өз білімімізді әлемдік нарыққа ұсына алатын жасампаз елге айналамыз ба? Білім беру жүйесі мен ғылыми ортаның трансформациясы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып отыр.
Бұл бағытта білім сарапшысы, «Amansultan.kz» платформасының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов отандық ғылымның бүгінгі аяқ алысы мен жасанды интеллекттің рөлі туралы салмақты ойларымен бөлісті. Оның пайымдауына сүйенсек, Президент реформалары дұрыс бағыт алғанымен, бізге нақты «ғылыми экономикаға» өту үшін әлі де үлкен серпіліс қажет.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсындағы білім беру саласындағы реформалар жасанды интеллект дамыған жағдайда ғылымның ел болашағының негізіне айналуына қаншалықты бағытталған? Президент өз Жолдауында ғылымды дамытуды ең маңызды басымдық деп атап көрсетті. Жетекші ғалымдарға лайықты базалық жалақы төлеуді және тым қысқа 3 жылдық гранттардан қаржыландырудың ұзақ мерзімді көжиегіне көшуді тапсырды. Жаһандық деңгейде біз ғылыми күн тәртібіне және зерттеу инфрақұрылымын дамытуға назардың күшейгенін көріп отырмыз. Реформалар дұрыс бағытты белгіледі, бірақ әзірге бұл нақты ғылыми экономикаға көшуден гөрі, сол бағытқа баруға деген «ниетті» көбірек білдіреді. Жасанды интеллект дәуірінде ғылым елдің негізі болуы үшін бізге инвестицияны кемінде 5-10 есе арттыру қажет – біз Оңтүстік Корея немесе Израиль секілді ІЖӨ-нің (Ішкі жалпы өнім) 3-5 пайызын емес, небәрі 0,2 пайызын ғана жұмсаймыз. Бізге ғылымды бизнес пен өнеркәсіпке кіріктіру, университеттерді зерттеу орталықтарына айналдыру және жасанды интеллект кадрларын жаппай даярлау керек. Әйтпесе, Қазақстан технологияларды жасаушы емес, тек тұтынушы болып қалу қаупі бар», дейді Нұрлан Қиясов.
Шынымен, жасанды интеллект – бұл ғылымды алға сүйрейтін қуатты құрал. Бірақ сарапшының айтуынша, технология қаншалықты озық болғанымен, ол сапалы білімнің орнын толтыра алмайды. Білім негізі әлсіз жерде жасанды интеллект те дәрменсіз.
«Жасанды интеллект Қазақстандағы ғылымның дамуын тездете ала ма, әлде күшті білім беру базасынсыз бұл мүмкін емес пе? Жасанды интеллект ғылымды жеделдете алады, бірақ әлсіз білім беру базасын алмастыра алмайды. Ол зерттеулердің логикасын өзгертуде: деректерді талдауды жылдамдатады, гипотезаларды (ғылыми болжамдарды) қалыптастыруға көмектеседі, эксперименттерді автоматтандырады. Осы мағынада ол Қазақстанға «кезеңдерден аттап өтуге» және ғылыми нәтижені тезірек арттыруға мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ бір шектеу бар: жасанды интеллект мықтыларды күшейтеді, ал әлсіздерді ілгерілетпейді. Математикадан базалық дайындығы төмен, сыни ойлау деңгейі немесе зерттеу мәдениеті нашар, күшті ғылыми мектептері жоқ елдерде жасанды интеллект білім жасаудың емес, тұтынудың құралына айналады. Қазір біз айрық жолда тұрмыз: бір жағынан жасанды интеллектіні білім мен ғылымға тез енгізуге болады, екінші жағынан – сапалы білім мен дайындықсыз бұл шектеулі ғана әсер береді. Жасанды интеллект – бұл үдеткіш, бірақ іргетас емес», деп түсіндірді сарапшы.
Демек, біздің білім жүйеміз тек орындаушы мамандарды емес, жаңалық ашатын зерттеушілерді тәрбиелеуге көшуі тиіс. Нұрлан Қиясовтың пайымдауынша, бүгінгі заман талабы – жаппай ғалым жасау емес, әрбір азаматтың бойында инженерлік және зерттеушілік ойлау қабілетін қалыптастыру.
«Бүгінде білім беру жүйесін тек мамандарды емес, болашақ зерттеушілер мен ғалымдарды даярлайтындай етіп өзгерту керек пе? Жүйені әрқашан, заман ағымына сай әр 5 жыл сайын өзгертіп отыру қажет. Бірақ бәрін бірдей ғалымға айналдыру емес – барлығында зерттеушілік немесе инженерлік ойлауды қалыптастыру маңызды. «Мамандарды даярлау» моделі ескірді. Жасанды интеллект дәуірінде күнделікті рутиндік білім тез құнсызданады. Қазіргі уақытта сұрақ қоя білу, гипотезаларды тексеру, белгісіздікпен жұмыс істеу және жаңа дүние жасау құнды болып саналады. Сондықтан білім беру жүйесінің міндеті – ғалымдарды жаппай даярлау емес, зерттеушіге немесе инженерге тән ойлау типін тәрбиелеу. Білім беру жай ғана орындаушыларды емес, білім жасай алатын адамдарды дайындауы тиіс. Әйтпесе, жасанды интеллект әлемінде ел өзгелердің технологиясына тәуелді болады – қоғамның артқы шебінде аянышты күн кешеді. Ал біз бұлай өмір сүргіміз келмейді», деп түйіндеді Нұрлан Қиясов.