📰 Сарапшылар пікірі

Инфляция – көрінбейтін салық па?

Инфляция – көрінбейтін салық па?

Қағаз жүзінде табыс өсіп жатқандай көрінеді. Банктегі қаражат көбейеді, жалақы да аздап артқандай. Бірақ күнделікті өмірде ақша жетпей қалады: азық-түлік қымбат, жалдау ақысы өсіп жатыр, бұрынғыдай демалысқа шығу да қиындай түсті. Осы қарама-қайшылықтың астарында қарапайым, бірақ көпшілік ескере бермейтін бір құбылыс жатыр. Ол – инфляция, деп жазады Ozgeris.info.

Қаржыгер Тұрар Әбдидің айтуынша, инфляция – ең алдымен табысы төмен адамдарға ауыр тиетін «жасырын салық».

«Инфляция – көзге көрінбейді, бірақ күн сайын қалтаға әсер етеді. Әсіресе қарапайым халық үшін. Адам жалақысының бір бөлігін депозитке салып, болашағын ойлап жинайды. Қаражат көлемі өсіп жатқандай көрінеді. Бірақ уақыт өте келе сол ақшаға алатын дүниелер азайып кетеді. Себебі ресми инфляция бір басқа, ал өмірдегі нақты баға өсімі мүлде басқа. Мемлекет беретін көрсеткіш – орташа есеп қана. Ал шын өмірде адамдар күнде алатын азық-түлік, ет, коммуналдық қызметтер әлдеқайда жылдам қымбаттайды. Мысалы, ресми дерек 11 пайыз десе, азық-түлік 13-13,5 пайызға, ал ет бағасы 20 пайыздан асып кетуі мүмкін. Мұны статистика толық көрсете бермейді, бірақ оны әр отбасы өз қалтасынан сезінеді», дейді ол.

Шынында да, ресми инфляция мен «сезілетін инфляцияның» арасында айырмашылық бар. Бұған тағы бір құбылыс – «шринкфляция» әсер етеді. Яғни өндірушілер бағаны өзгертпей, өнімнің көлемін азайтады. Мысалы, бұрынғы 1 литр сүттің орнына 900 миллилитр құяды. Баға сол күйі қалғанымен, тұтынушы іс жүзінде көбірек төлеп отыр.

Изображение пина-истории

Бұл жағдай әсіресе жинақ мәселесіне әсер етеді. Көпшілік депозитті сенімді құрал деп санайды. Алайда мәселе банктің пайызында емес, ақшаның нақты құнында.

«Қаржыда 72 ережес3 деген бар. Егер сіздің жеке шығыныңыз жылына шамамен 15 пайызға өссе, 72-ні 15-ке бөлесіз – сонда 5 жылға жетпей-ақ ақшаңыздың құны екі есе кемиді. Яғни бүгінгі 10 миллион теңгеге алатын дүниені бірнеше жылдан кейін сол ақшаға жартылай ғана ала аласыз. Бұл өте тез жүретін үдеріс. Сондықтан депозиттің пайызы жоғары көрінгенімен, егер ол сіздің шығындарыңыздың өсуінен қалып қойса, сіз пайда таппайсыз, керісінше ақшаңыз үнсіз азайып жатыр», дейді қаржыгер.

Инфляцияның тағы бір қыры – ол табысты қайта бөледі. Яғни біреуге тиімді болса, енді біреуге зиян. Мысалы, қарызы бар адамдар ұтады. Егер ипотека немесе несие төмен пайызбен алынған болса, инфляция сол қарызды «жеңілдетеді». Себебі сіз бұрын алған қарызды уақыт өте арзандаған ақшамен қайтарасыз. Мемлекетке де бұл белгілі бір деңгейде тиімді. Сондай-ақ актив иелері – жылжымайтын мүлік, акция, алтын ұстайтындар да инфляциядан қорғана алады. Өйткені мұндай активтердің бағасы инфляциямен бірге өседі, кейде одан да жылдам қымбаттайды. Ал ең осал топ – жинағын тек ақша күйінде ұстайтындар.

«Инфляция кезінде ең көп ұтылатындар – ақшасын тек депозитте немесе қолма-қол сақтайтын адамдар. Себебі олардың капиталы инфляциямен бірге өспейді. Сондықтан инфляцияны “жасырын салық” деп атайды. Ол ешкім сұрамай-ақ сіздің ақшаңыздың құнын азайтады. Біз мұны Қазақстанда талай көрдік. Мысалы, 2015 жылғы девальвация кезінде теңгедегі жинақ бір сәтте шамамен 35 пайызға құнсызданды. Мұндай тәуекел әрдайым бар», дейді Тұрар Әбди.

Изображение пина-истории

Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайда ең бастысы – қаржылық әдетті өзгерту. Инфляциядан толық құтылу мүмкін емес, бірақ оның әсерін азайтуға болады.

Біріншіден, нақты табысты есептеу қажет. Яғни банк ұсынған пайыздан ресми инфляцияны емес, өзіңіздің күнделікті шығыныңыздың өсуін шегеру керек. Сонда ғана шынайы табысты көресіз. Екіншіден, қаражатты әртараптандыру маңызды. Ақшаны бір ғана құралда сақтау қауіпті. Депозит – қысқа мерзімге арналған қауіпсіз қор. Ал валюталық активтер, акциялар мен облигациялар – ұзақ мерзімде инфляциядан қорғайтын құрал. Үшіншіден, табысты инфляцияға сай арттырып отыру қажет. Егер жалақы жыл сайын қайта қаралмаса, адам іс жүзінде жыл сайын аз табыс таба бастайды.

Қазіргі жағдайда қаржыгер өз тәжірибесіне сүйене отырып, қаражатты бірнеше бағытта бөлуді ұсынады. Қысқа мерзімге – теңгелік депозиттер, орта мерзімге – доллармен номинирленген облигациялар, ұзақ мерзімге – акциялар мен нақты активтер. Сонымен қатар алтын мен өзге де шикізаттық активтер ұзақ кезеңде қорғаныс құралы бола алады.

 

Барлық жаңалық