Елімізді зейнетақы жүйесіне қатысты маңызды өзгеріс күтіп тұр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары өз жинағын қалай басқару керектігін өздері шеше алады. Яғни, әр салымшы өзінің зейнетақы жинағы үшін жеке инвестициялық стратегияны таңдай алады, деп жазады Ozgeris.info.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған қаулыға сәйкес, басқарушы компаниялар салымшыларға әртүрлі деңгейдегі тәуекел мен табыстылықты ұсынатын бірнеше нұсқа көрсетеді. Бұл жаңа тәсіл зейнетақы активтерін басқару жүйесін ашық етуге бағытталды. Жаңа жүйе үш негізгі стратегияны қамтиды. Бірінші стратегия консервативті бағытқа жатады. Бұл тәсіл зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған. Екінші стратегия теңгерімді бағыт. Оны зейнетке шығуына үш жылдан көп уақыты бар салымшылар қолданады. Үшінші стратегия агрессивті тәсіл, ол жас салымшыларға арналған. Бұл бағытта тәуекел жоғары болғанымен ұзақ мерзімді табыс мүмкіндігі де көбірек.
Сонымен бірге салымшылардың қаражаты салына алатын қаржылық құралдардың тізімі кеңейеді. Жаңа жүйеде активтердің тиімділігін бағалау үшін композиттік индекстер қолданылады. Бұл индекстерде Қазақстан нарығымен бірге әлемдік қаржы нарықтарының динамикасы да ескеріледі. Реформа салымшыларға өз жинағын әртүрлі басқарушы компаниялар арасында бөліп орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл активтердің қауіпін азайтады және ұзақ мерзімді табыстылықты арттыруға ықпал етеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің пікірінше, мұндай өзгеріс басқарушы компаниялар арасында шынайы бәсеке қалыптастырады.
Жаңашылдық іске қосылғаннан кейін салымшылар өз ақшасының болашағын бағамдауда кең мүмкіндікке ие болады. Бұл реформа Қазақстанның зейнетақы жүйесін жаңа сапалық кезеңге шығарады.

Демек Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары өз жинағы қалай инвестицияланатынын өздері таңдай алады. Үш түрлі бағыт ұсынылады: консервативті, теңгерімді және агрессивті.
Бұл жаңалық жеңіл көрінгенімен, көп адамның санасында «Бұл нені білдіреді?» деген сұрақ бар. Адамдар үшін ең бастысы осы таңдау болашақ зейнетақыға қалай әсер ететіні. Бұрын зейнетақы қаражаты барлығына бірдей схема бойынша басқарылды. Енді әрбір адам өзінің жасына, тәуекелге деген көзқарасына, өмірлік жоспарына қарай өзгеше бағытты таңдай алады.
Консервативті тәсіл жайлы айтсақ, бұл стратегияда ақша сенімді құралдарға салынады. Мұнда облигация көбірек болады, акция аз болады. Тәуекел деңгейі минималды. Құбылмалылық та аз. Экономистер бұл бағыттың жылдық орташа табысы үш бес пайыз шамасында болуы мүмкін дейді. Аман Әлімбаев осы бағытты түсіндіру кезінде былай деді:
“Консервативті стратегия зейнет жасына жақындаған адамдар үшін қауіпсіз нұсқа. Мұнда ең бастысы пайда емес, тұрақтылық. Бірақ нағыз стратегиялар ұсынылғанда олардың табыстылығын депозитпен салыстырған дұрыс. Егер айырмашылық шамалы болса, артық тәуекелге барудың қажеті жоқ. Ал егер валюталық стратегия жылына екі үш пайыз артық көрсетсе, бұл жинақты әртүрлі валютада ұстап, тәуелділікті азайтуға жақсы мүмкіндік болады”, деді.
Теңгерімді стратегия орта жолды ұстанатындар үшін. Мұнда облигация, акция және алтын теңдей бөлінеді. Бұл бағыт зейнетке дейін бес он бес жыл уақыты бар азаматтарға ұсынылады. Жылдық табысы алты тоғыз пайыз аралығында болуы мүмкін. Кейбір жылдары портфель аздап төмендегенмен, ұзақ мерзімде депозит пен инфляциядан артық нәтиже көрсетеді. Көпшілік үшін бұл ең қолайлы нұсқалардың бірі.

Агрессивті стратегияға келсек, бұл бағыт ұзақ мерзімге ойлайтындарға арналған. Мұнда акционерлік құралдар басым. Олардың үлесі жетпіс пайыздан да көп болуы мүмкін. Сондықтан жиырма жиырма бес пайыздық уақытша құлдыраулар болуы қалыпты жағдай. Жылдық табыс он он екі пайыз және одан да жоғары болады. Бұл бағытты таңдаған адам нарықтағы құбылмалы жағдайды сабырмен қабылдай алуы керек.
“Бірінші кезекте уақыт көкжиегін анықтау қажет. Пенсия алыс болса, тәуекелге баруға болады. Егер пенсия жақын болса, тәуекелді азайту керек. Екінші кезекте өзіңді түсіну маңызды. Егер шоттағы сома он он бес пайызға төмендегенде мазасыздансаңыз, агрессивті тәсіл сізге жарамайды. Үшінші ретте әртараптандыру қажет. Бір компанияға тәуелді болмай, активтерді бірнеше басқарушы арасында бөліп қойған дұрыс. Зейнетке он жылдан аз уақыт қалғандар үшін активтерді консервативті және агрессивті бағыттар арасында тең бөлген ыңғайлы”, деді сарапшы.
Жаңа жүйеде композиттік индекстер қолданылады. Бұл индекстер Қазақстанда да, әлемдік нарықтарда да активтердің қалай қозғалғанын көрсететін көрсеткіштер. Басқарушы компаниялар алдағы уақытта осы индекстер бойынша есеп беріп отырады. Салымшы да осы есеп арқылы компанияның жұмысын бағалай алады.
“Көп адам жеке басқарушы компанияларға ақша беруге болатынын білмейді. Сол себепті олардың ақшасы қозғалыссыз жатады. Инфляция мен девальвация жинақты баяу кеміте береді. Ал дұрыс таңдалған стратегия ақшаны өсіреді. Егер адам 35 пен 45 жас арасында болса, оның алдында жиырма жылға жуық жинақтау уақыты бар. Орташа немесе агрессивті портфельден қорықпау керек. Дәл осы тәсіл кейінгі өмір сапасына үлкен айырмашылық береді”, дейді А. Әлімбаев.
Ал 50 мен 55 жас аралығындағы адамдар үшін басты міндет жиналған ақшаны сақтау. Бірақ сақтау деген тоқтап қалу деген сөз емес. Теңгерімді немесе консервативті стратегияны таңдау арқылы салымшы ақшаның тұрақтылығын да, өсімін де сақтай алады. Осылайша, жаңа реформа әр адамға өз жинағының болашағын саналы түрде жоспарлауға мүмкіндік береді. Адам уақытты да, тәуекелді де, нарық жағдайын да ескеріп шешім қабылдай алады. Бұл өзгеріс зейнетақы жинағының қалай жұмыс істейтініне алғаш рет нақты бақылауға жол ашады.