Елімізде соңғы уақытта жұмысын өзгерткісі келетін адамдар саны көбейіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2026 жылы 170 мыңнан астам азамат қазіргі қызметінен кетіп, басқа жұмысқа ауысуды жоспарлап отыр. Бұған ең басты себеп – табыстың төмен болуы, деп жазады Ozgeris.info.
Бүгінгі таңда көп адам өз еңбегінің лайықты бағаланбай жатқанын сезінеді. Сауалнамаға қатысқандардың 72,5-і, яғни 41 %-ы жалақының аздығын негізгі мәселе ретінде атаған. Олардың айтуынша, қазіргі табыс күнделікті шығынды жабуға әрдайым жетпейді. Сондықтан жақсырақ жалақысы бар жұмыс табу – басты мақсатқа айналған.
Ал еңбек жағдайына байланысты жұмысын тастауға ниеттілер әлдеқайда аз. Бұл себепті бар болғаны 11 % адам көрсеткен. Яғни көпшілік үшін жұмыстың ауырлығы емес, айлықтың мөлшері маңыздырақ болып тұр. Адамдар қиындыққа шыдауға дайын, тек еңбегі дұрыс бағаланса болғаны.
Тағы бір маңызды мәселе – мамандыққа сай жұмыс табу. Респонденттердің 26 %-ы, шамамен 46 мың адам, өз мамандығы бойынша еңбек еткісі келетінін айтқан. Көпшілігі қазіргі таңда алған біліміне сәйкес келмейтін салада жұмыс істеп жүргенін мойындаған. Бұл да жұмыс ауыстыруға итермелейтін себептердің бірі.
Жұмысын өзгертуге ниетті азаматтардың басым бөлігі қалаларда тұрады. Қала тұрғындары арасында мұндай адамдардың саны 123 500-ге жеткен. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш шамамен екі есе аз. Мұның өзі ауылда балама жұмыс орындарының аз екенін аңғартады. Таңдау шектеулі болған соң, ауыл тұрғындары көбіне бар жұмысына қанағат етуге мәжбүр.