Қоғам

Халық күнін әрең көріп отырғанда: Мемлекет сотталғандарды үлде мен бүлдеге орап отыр

Бір сотталушыны асырауға мемлекет қанша қаражат жұмсайды? Осы тақырыпты зерттеген сарапшының айтуынша, барлық шығындар құжаттарда жасырылған, шындығында үкімет сотталғандарға қыруар ақша жұмсайды, олардың бар жағдайын жасап отыр. Бұл ретте елімізде экономикалық қиындықтар орын алып отырғанын ескерген жөн. Халық жылдан жылға кедейленіп барады, табыс аз, инфлялция шарықтап тұр, ал теңге күннен күнге құнсызданып барады. Шындығында мемлекеттің саясаты қандай? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді. 

Сотталғандарға – 225 мың, халыққа – 80 мың

Мәселеге терең үңілу үшін, сарапшылар салыстырмалы түрде мысал келтірді. Мысалы, бастауыш сынып оқушысының бір реттік түскі асы 500-850 теңге аралығында. Өңірлерге қарай бұл баға 1000 теңгеге дейін баруы мүмкін. Ал сотталған адамды асырау үшін мемлекет күн сайын 7500 теңге бөледі. Аталған соманың ішіне тамақ қана емес, күзет, коммуналдық қызметтер, киім-кешек, төсек-орын және тағы басқа өмір сүруге қажетті шығындар кіреді. Яғни, мемлекет бір сотталған адамға ай сайын орта есеппен 225 000 теңге жұмсайды.

Енді елдегі орташа жалақыға тоқталайық. Ең төменгі жалақы – 80 000 теңге. Ресми түрде бекітілген тұтыну қоржыны – 46 228 теңге. Бұл адамның бір айда азық-түлік пен ең қажетті тауарларға жұмсауы тиіс деп саналатын ғылыми негізделген көрсеткіш. Шындығында, мемлекет бекіткен ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Ал сотталған адамға бөлінетін 225 мың теңге – еліміздегі орташа зейнетақыдан да, орташа жалақыдан да жоғары. Орташа жалақы шамамен 150 000 теңгені құрайды, ал орташа зейнетақы – 143 522 теңге. Зейнетақы қорынан түсетін 30–40 мың теңге көлеміндегі сыйақыны қоссақ та, ол бәрібір сотталған адамға жұмсалатын айлық шығыннан төмен.

Сарапшылар статистиканы әлеуметтік әділетсіздіктің көрінісі деп есептейді. Яғни, түрмеде жазасын өтеп отырғандардың жағдайын мемлекет жасап қойған. Ал зейнеткер, жалғызбасты ана немесе ең төменгі жалақы алатын жұмысшы қылмыскерден де сорақы күн кешуге мәжбүр. Әрине, бостандығынан айыру өте үлкен жаза. Түрмедегі өмірдің оңай еместігі де белгілі. Десе де, мамандардың түсінбейтіні мынау. Мемлекет сотталғандарды асырауға ресурсы жетіп отыр, ал қарапайым халықтың жағдайы неге мүшкіл?

Кедейлік - жоспарланған саясат па?

2023 жылы отандық блогер ең төменгі жалақыға өмір сүріп көрді. Алайда, екі аптадан соң ақшасы бітіп, экспериментін тоқтатуға тура келді. Сол уақыт ішінде оның өмірі нашарлап кеткен. Жейтін тағамдары азайған, тіпті достарымен де сирек араласа бастаған. Одан басқа, әлеуметтік желіде қоғамның наразылығына ұшыраған. Бұл туралы ол кейінгі қалдырған жазбасында айтты. Ең сорақысы, ол табыс табуды емес, үнемдеу жолдарын іздеумен болған. Аталмыш эксперимент елдегі мыңдаған отбасының шынайы өмірінің көрінісі дейді мамандар.

Тұтыну қоржыны ақылға қонбайтын көрсеткіш. Мамандардың айтуынша, бұл мемлекеттің әдейі жүргізіп отырған саясаты. Әлеуметтік төлемдерді азайту үшін министрліктер тұтыну нормаларын «басқарылатын деңгейде» ұстап отырады. Өйткені ең төменгі жалақы мен жәрдемақылар осы көрсеткіштер негізінде есептеледі. Яғни, мемлекет шығынын үнемдеу үшін, кедейлікті заңдастырып отыр. Тұтыну қоржыны кедей халықтың нақты қажеттілігін емес, олардың орташаланған тұтыну мөлшерін көрсетеді. Биліктің тәсілі кедейлікті «норма» ретінде қалыптастырып, оны ресми түрде бекітеді. Ең сорақысы, көрсеткіштерді қайта қарау процесі жабық өтеді. Оған тәуелсіз сарапшылар, диетологтар, әлеуметтанушылар немесе азаматтық қоғам өкілдері қатыспайды.

Мысалы, Қазақстанда етті тұтыну нормасы жылына 30 кг-нан аспайды, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 70–80 кг ұсынады. Көкөністер – 95 кг (ал халықаралық норма – 146–200 кг), жеміс-жидек – 30 кг-дан аз (норма – 100 кг), сүт өнімдері де екі есеге аз. Яғни, қарапайым азамат толыққанды тамақтана алмайды, ал түрмеде отырған адам физиологиялық нормаға жақын тамақ ішіп отыр.

Сотталғандардың рационы халықтан да жақсы 

Биыл мамыр айының соңында сотталғандарға арналған жаңа азық-түлік нормалары бекітілді. Әдетте мұндай құжаттарға ешкім мән бере қоймайды. Десе де, биылғы бекітілген нормалар қоғамның сынына ұшырады. Себебі қарапайым халықтың нормасынан әлдеқайда жоғары болып шыққан. Мәселен, қара бидай мен аралас нан – азаматтарға күніне 400 грамм болса, сотталғандарға – 850 грамм. Көкөніс – азаматтарға 408 грамм, сотталғандарға – 970 грамм. Май – азаматтарға 13 грамм, сотталғандарға – 30 грамм. Жұмыртқа – екі топқа да бірдей – күніне 0,7 дана. Қант – азаматтарға 90 грамм, сотталғандарға 80 грамм. Қарақұмық жармасы бойынша айырмашылық көп емес – жылына 7,4 кг мен 7,2 кг. Сондай-ақ, сотталғандарға қосымша қияр, жеміс-жидек шырыны, лимон, жаңа ауланған балық, лавр жапырағы мен қыша ұнтағы секілді өнімдер де берілуі тиіс.

Енді айлық өлшемге көшейік: бір сотталған адамға айына 25,5 кг нан, 30 кг көкөніс, 5 кг ет, 3 кг балық, 3,5 кг жарма, 2,5 кг қант, 20 жұмыртқа және шамамен 1 кг май берілуі тиіс. Мұндай көлемдегі азық-түлікті зейнеткерлер де ала алмай отыр.

Айта кету керек, мәселе түрмедегі сотталғандардың өмірі туралы емес. Түрмедегі жағдай әлі де кеңестік ГУЛАГ жүйесінен алыс емес. Олар қара жұмысқа жегілетіні де бар. Десе де, сарапшылардың айтуынша, үкімет сотталғандар мен бостандықтағы халыққа деген қарым-қатынасы жер мен көктей.

Ғылыми негізделген физиологиялық нормалар бойынша, бостандықтағы азамат күн сайын 146 г нан, 350 г көкөніс, 138 г ет, 87 г жарма, 50 г қант, 0,7 жұмыртқа және 13 г май тұтынуы тиіс. Тағы бір таңғаларлық факт: ауруханада жатқан науқастардың тамақтану нормасы сотталғандардан екі есе төмен. Мүмкін, «ауру адамға осы да жетеді» деген ескі түсінік сақталып қалған шығар. Шындығында, сырқат адам жақсы тамақтанып, күш жинап, сауығуы тиіс екенін ескерген жөн.

Бюджеттің қазіргі жағдайы нашар. Осыны ескерсек, жақын арада тұтыну нормаларының немесе халықтың табысының көтерілуі екіталай. Қорытындылай келе, сарапшылар мемлекеттің ақшасы қайда және кімге бөлініп жатқанын қайта қарау керек дейді. Себебі, құжаттарда белгіленген нормалар тым көп.

Барлық жаңалық