Елімізде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін жекеменшік, соның ішінде шетелдік компаниялардың басқаруына беру жөніндегі бастама кең талқыға түсіп жатыр. Бұл ұсынысты жуырда Ұлттық банк төрағасы жариялаған болатын. Мәселе қоғам мен сарапшылар арасында қызу пікірталас туғызды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
Экономист Ербол Төлегеновтің айтуынша, бүгінде әрбір салымшы жинақтарының жартысына дейін сенімгерлік басқаруға жекеменшік компанияларға тапсыра алады. Дегенмен, мұндай басқарушылардың табыстылығы көбіне БЖЗҚ-ның өз көрсеткішінен аса бермейді, ал комиссиялар артықшылықты азайтады.
«Пилоттық жоба көрсеткендей, жекеменшік басқарушылар айтарлықтай жоғары табыс бере алмады. Ұлттық қор активтерін басқаруда да олардың нәтижесі айтарлықтай өскен жоқ. Зейнетақы қаражатының басты міндеті – алдымен сақтау, содан кейін ғана көбейту», – дейді ол.
Төлегеновтің айтуынша, БЖЗҚ – экономика үшін ұзақ мерзімді теңгелік қаржы көздерінің бірегейі. Қордың қаражаты жылу электр станциясы секілді инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
«Иә, мұндай жобалардың табысы төменірек болуы мүмкін, бірақ біз өз экономикамыздың дамуына үлес қосамыз», – деп толықтырды ол.
AERC бас директоры Жәнібек Айғазин керісінше, бәсекелестіктің пайдасына тоқталды.
«1998 жылдан бері қаржы нарығы айтарлықтай дамыды. Бізде білікті мамандар, тәжірибе бар. Бәсекелестік әрдайым баға мен сапаның тиімді арақатынасын қамтамасыз етеді. Таңдау аясын кеңейту үшін шетелдік басқарушыларды да тартқан жөн», - дейді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық банк зейнетақы қаражатын негізінен мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырып, оны «үкіметтің әмиянына» айналдырып отыр. Ал жекеменшік басқарушылар портфельді шетелдік активтер мен биржалық қорлар арқылы әртараптандырып, елдік және корпоративтік тәуекелдерді азайта алады.
«Мемлекет ережені белгілейтін тарап болса, жекеменшік компаниялар табыс іздейтін тарап. Бұл – классикалық нарықтық модель», - дейді Жәнібек Айғазин.
Бұл ретте халықтың бір ғана сұрағы бар.
Активтерді жекеменшікке беру сенімді ме?
Соңғы жаңалықтарда айтылған жалған компаниялар арқылы қаржы ұрлау оқиғаларын ескерсек, халықтың сенімінің азайғаны орынды.
Ербол Төлегенов мұны да атап өтті:
«Жекеменшік әрдайым тиімді деген сөз емес. Техникалық байқауды еске түсіріңіздер, мысалы, мемлекет жекеменшікке берді, ал ақырында адамдар станцияға бармай-ақ бірнеше мың теңге төлеп, анықтама алып жүрді», - деді ол.
Сарапшылардың айтуынша, шетелдік басқарушылар да қазақстандық заңнаманың лимиттері мен талаптарына бағынады.
Атап айтқанда,
-30%-ға дейін – мемлекеттік бағалы қағаздар;
-10%-ға дейін – «көк фишкалар» акциялары;
-шетелдік индекстерге (S&P 500, Nasdaq және т.б.) ETF сатып алу мүмкіндігі.
Жоғары табыс жоғары құбылмалылықпен қатар жүреді. Мысалы, акциялар мен криптовалюталарға қаржы салатын Норвегияның зейнетақы қоры нарық төмендеген кезде құнсызданады, бірақ ұзақ мерзімде ұтады.
Пікірталас барысында БЖЗҚ ішінде мультипортфель жасау бастамасы да сөз болды. Ол бойынша жас салымшылар тәуекелі жоғары стратегияны, ал зейнет жасына жақындағандар консервативті нұсқаны таңдай алады. Бұл идея әзірге жүзеге аспаса да, компромисс болуы мүмкін.
Қорытындылай келе, екі тарап та өз пікірлерін дұрыс санайды. Экономист мемлекет зейнетақы жинақтарының кепілі болып қалуы тиіс деген ойда.
«Сенімгерлік басқарушылардың тізімін кеңейтуге болады, бірақ қаражатты аудару әр салымшының еркі».
Ал Жәнібек Айғазинның сөзінше, жекеменшік бастама мен бәсекелестік табыстың өсуіне мүмкіндік береді.
«Ең бастысы – нақты ережелер мен қатаң бақылау».
Халық таңдаудың алдында тұр. Біз консервативті үлгіні сақтаймыз ба, әлде бәсекелестікке жол ашамыз ба?
Мемлекет әрине, сенімділіктің кепілі, ал жекеменшік жоғары табысқа мүмкіндік береді. Осы екі мүдденің теңгерімі Қазақстанның зейнетақы жүйесінің болашағын айқындамақ.