Қазіргі таңда «финтех» терминін естімеген қазақстандық кемде-кем. Алайда оның қарапайым банк қызметінен айырмашылығы неде және еліміз неліктен бұл салада дамыған мемлекеттерді басып озды? Финтех – бұл жай ғана қосымша емес, қаржы әлемін түбегейлі өзгерткен технологиялық төңкеріс. Finratings.kz-тің бас директоры Болат Маханалин осы саланың қыр-сырына үңіліп көрді, деп жазады Ozgeris.info.
Бұрын банкке барып, кезек күтіп, апталап құжат жинайтын шаруалар бүгінде смартфондағы бірнеше батырма арқылы шешіледі. Бұл үдеріс біздің тұрмысымызға қалай енді және оның пайдасы мен қаупі қандай? Сала мамандары «финтех» ұғымының тарихы тереңде жатқанын алға тартады.
«Финтех термині алғаш рет 1990 жылдардың басында Citicorp жобасында пайда болды. Америка банкі ішкі технологиялық бағдарламасын осылай атады. Бірақ индустриялық термин ретінде бұл сөз тек 2008 жылғы дағдарыстан кейін ғана бекіді. Дағдарыс күтпеген акселератор (жеделдеткіш) болып шықты. Банктер миллиондаған адамның сенімінен айырылып, қызметкерлерді қысқартып, несие беруді тоқтатты. Осы пайда болған вакуумға технологиялық стартаптар ағылып келіп: «біз дәл сол қызметті бюрократиясыз, кезексіз және жасырын комиссиясыз жасаймыз» деп ұсынды. Дәл сол кезде PayPal жаңа кейіпте пайда болды, алғашқы p2p (адамнан адамға) несиелік платформалары, кейінірек алғашқы необанктер (бөлімшесі жоқ цифрлық банктер) дүниеге келді», деп түсіндіреді Б.Маханалин.
Бүгінгі таңда финтехтің жұмыс істеу механизмі өте күрделі алгоритмдерге негізделген. Мәселен, 2 минут ішінде несие алу – бұл жай ғана цифрлық жарнама емес, фондық режимде іске қосылатын автоматтандырылған скоринг (төлем қабілеттілігін бағалау) жүйесі. Алгоритм қас-қағым сәтте несие бюросына жүгінеді, транзакциялар тарихын талдайды және клиенттің мінез-құлқын бағалайды. Классикалық банк мұны 3-5 күн істесе, алгоритмге 90 секунд жеткілікті. Сол сияқты, бүкіл Қазақстанды жаулаған QR-төлемдер де қарапайым квадрат емес, Ұлттқы банк жүйелері арқылы 3 секундта өтетін көпдеңгейлі архитектура.
«Финтехтің нақты пайдасы – жылдамдық пен қолжетімділікте. Бұрын ипотеканы қайта қаржыландыру дәстүрлі банкте 2-4 аптаға созылса, финтех-брокерлерде бұл 3 күн. Сонымен қатар, бұл сала бағаның ашықтығын қамтамасыз етеді. Финтех-қосымшалар, әдетте, транзакцияға дейін барлық комиссияларды көрсетеді. Традициялық банктер тарихи түрде шотқа қызмет көрсету, смс-хабарлама немесе «бөтен» банкоматтан ақша алу сияқты жасырын алымдар арқылы табыс тауып келген», дейді сарапшы.
Дегенмен, технологияның да өз қаупі бар. Сарапшының айтуынша, деректер қауіпсіздігі мен «алгоритмдік дискриминация» мәселесін ұмытпаған жөн. Финтех-компаниялар сіздің геолокацияңызды, қосымшадағы мінез-құлқыңызды банкке қарағанда көбірек біледі. Сондай-ақ, заңнаманың технологиядан қалып қоюы («регуляторлық вакуум») және BNPL (қазір сатып ал, кейін төле) сияқты құралдардың адамды қарызға батыру қаупі де жоқ емес. Қазақстанның бұл бәйгеде алға шығуы кездейсоқтық емес. Маханалин мырза мұны бірнеше фактормен түсіндіреді:
«Бұл кездейсоқтық емес, мұнда бірнеше құрылымдық факторлар түйісті. Біріншіден, жас және мобильді халық. Қазақстандағы медиандық жас шамамен 31 жас. Бұл ұрпақ банк бөлімшелеріне ешқандай ностальгия сезінбейді. Екіншіден, дәстүрлі инфрақұрылымның әлсіздігі артықшылыққа айналды. Дамыған елдерде (Германия, Жапония) адамдар үйреніп қалған чек кітапшалары мен карталардан бас тартуға қиналады. Ал Қазақстан бұл кезеңнен бірден аттап өтіп, бірден мобильді шешімдерге көшті. Үшіншіден, Kaspi.kz сияқты мықты ойыншының айналасында нарықтың шоғырлануы және мемлекеттік цифрландыру (eGov, ЭЦП) деңгейінің жоғары болуы психологиялық кедергіні жойды».
Географиялық фактордың да маңызы зор. Еліміз жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында, ал халық тығыздығы төмен. Шағын ауылдарға банк бөлімшесін салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз, сондықтан финтех мұнда ешқашан болмаған банктің орнын басты.
«Глобалдық финтех нарығы шамамен 340 миллиард долларға бағаланады және өсуін жалғастыруда. Келесі кезең – кіріктірілген қаржылар: қаржылық қызметтер өз алдына бөлек өнім болудан қалып, басқа сервистерге ендіріледі. Кредит маркетплейсте тапсырыс берген сәтте рәсімделеді, сақтандыру таксиге отырғанда іске қосылады. Қазақстан үшін бұл бәсекелестіктің банктер арасында емес, экожүйелер арасында болатынын білдіреді. Және бұл жерде еліміздің форасы бар, бізде бұл модель әлдеқашан сынақтан өткен», деп түйіндейді маман.