Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі толықтай онлайн форматқа көшіп жатыр. Енді кейбір құжаттарды бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталығына барып рәсімдеу мүмкін болмайды. Цифрлық даму министрлігі электронды цифрлық қолтаңба беру қызметі толықтай электронды форматқа ауысқанын хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Бұған дейін электронды цифрлық қолтаңба алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке басын растау міндетті болатын. Әсіресе есеп беру кезеңдерінде немесе мемлекеттік қызметтерге сұраныс көбейген уақытта орталықтарда ұзын-сонар кезек қалыптасатын. Енді жаңа жүйе азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді әлдеқайда ыңғайлы етуге бағытталған.
Министрлік мәліметінше, алдағы уақытта тағы бірнеше маңызды қызмет толық цифрлық форматқа көшіріледі. Соның бірі – автосалоннан сатып алынған көлікті алғашқы тіркеу қызметі. Болашақта азаматтар жаңа көлікті рәсімдеу үшін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына бармайтын болуы мүмкін.
Сонымен қатар тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын рәсімдеу де онлайн жүргізіледі деп жоспарланып отыр Бұдан бөлек, келешекте жылжымайтын мүлікті тіркеу, шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін беру, еңбек мигранттарына рұқсат рәсімдеу және кадастрлық паспорттарды беру қызметтері де электронды жүйеге ауыстырылады.
Осы өзгерістер халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жүктемені азайтып қана қоймай, өңір тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Себебі кей ауыл тұрғындары қарапайым анықтама алу үшін аудан орталығына қатынауға мәжбүр болатын. Қазақстанда цифрландыру тек мемлекеттік қызметтермен шектелмейді. Ұлттық геологиялық қызмет те 2026 жылы толық цифрлық форматқа көшуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 80 жыл бойы жиналған геологиялық деректердің 83 пайызы цифрланған. Биыл бұл көрсеткіш 97,5 пайызға дейін жетеді деп күтілуде. Ал келесі жылы барлық архив толықтай электронды жүйеге ауыстырылады.
Сонымен қатар салада жасанды интеллект негізіндегі үлкен деректер жүйесі енгізілмек. Бұл технология геологиялық ақпараттарды интеллектуалды талдауға, тарихи материалдарды жылдам өңдеуге және жер қойнауын пайдалану платформасымен біріктіруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын цифрландыру жобасы да басталады. Жаңа жүйеде пайдалы қазбалар қоры, техногендік нысандар және жер қойнауын пайдалану объектілері туралы мәліметтер біріктіріледі.