Қоғам

Инвесторға 14,6 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды

Инвесторға 14,6 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды

Жетісу облысының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен кәсіпорынға артық төленген қосылған құн салығының (ҚҚС) 14,6 млн теңгеден астам сомасын қайтаруға ықпал етті, деп жазады Ozgeris.info.

Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жүзеге асырып жатқан Invest Caravan жобасы аясында инвесторға қолдау көрсетілді.

Текелі қаласында «Steelers» ЖШС құны 8 млрд теңгеден асатын арматура өндіретін металлургиялық зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба іске асырылғаннан кейін 160 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Жобаны сүйемелдеу барысында прокуратура технологиялық жабдықтарды импорттау кезінде кәсіпорынның ҚҚС-ты артық төлегенін анықтады. Заңнамада көзделген салықты есепке жатқызу тетігіне қарамастан, кәсіпорын бюджетке 14,6 млн теңгеден астам қаражат аударған.

Инвестордың құқықтарын қорғау мақсатында прокуратура аталған мәселені Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қарауына енгізді. Нәтижесінде инвестордың уәждері расталып, артық төленген қаражат кәсіпорынға толық көлемде қайтарылды.

Осылайша, стратегиялық маңызы бар өнеркәсіптік жобаны іске асыру әкімшілік кедергілерсіз жалғасуда.

Прокуратура органдары инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде инвесторларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді жедел жою және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырады.

 

Барлық жаңалық