Қазақстанда шағын несие тақырыбы бүгінде жастардың өмірімен тығыз байланысты болып отыр. Студенттік кезең, алғашқы табыс, тұрақсыз жұмыс, осындай жағдайда алынған микрокредит көп жастың мойнына ауыр жүк болып ілінді, деп жазады Ozgeris.info.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сәйкес, 21 жасқа дейінгі 36,2 мың азаматтың микроқаржы ұйымдарынан алған несиесі бар. Соның ішінде шамамен 19 мың жас 3 айдан астам уақыт бойы қарызын төлей алмай жүр. Бұл деректер агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова Сенат депутаттарына берген ресми жауабында көрсетілген.
Мемлекеттік кредиттік бюроның мәліметі жағдайдың ауқымын одан әрі айқындай түседі. Қазіргі таңда 18-21 жас аралығындағы 136 239 жас микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған. Солардың 18 638 адамының берешегі 90 күннен асып кеткен. Бұл 13,7 пайыз деген сөз. Яғни әрбір 7 жастың 1-і проблемалық қарыз алушы санатына кіріп отыр.
Мәселенің түп-төркіні жастардың табысында. Көпшілігі студент. Негізгі кірісі шәкіртақы. Кейбірі уақытша жұмыс істейді. Бірақ бұрын шағын несие беру кезінде осы факторлар толық ескеріле бермеген.
Осыған байланысты агенттік соңғы жылдары микрокредит беру тәртібін қатаңдата бастады. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, 2024 жылғы маусымда арнайы заң қабылданып, микроқаржы нарығына бірқатар маңызды шектеулер енгізілді.
90 күннен артық мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа микрокредит беруге тыйым салынды. Бұрын алынған микрокредиттер бойынша 90 күннен кейін сыйақы есептелмейді. Интернет арқылы микрокредит рәсімдеу үшін міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру талап етіледі. Сонымен қатар микроқаржы ұйымдары қарыз алушылар туралы мәліметті кредиттік бюроларға нақты уақыт режимінде жіберуге міндеттелді.
Заңда мерзімді әскери қызметшілерге қатысты да жеңілдік қарастырылған. Әскери қызмет өткеру кезеңінде және ол аяқталғаннан кейін 60 күн ішінде негізгі борыш пен сыйақы төлеу кейінге қалдырылады. Бұл уақытта микрокредит бойынша сыйақы есептелмейді.
Пайыздық мөлшерлеме де қайта қаралды. Ұлттық Банкпен бірлесіп қабылданған қаулыға сәйкес, микроқаржы ұйымдары беретін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайыздан 46 пайызға дейін төмендетілді. Ал 45 күнге дейінгі және 45 АЕК-ке дейінгі микрокредиттер бойынша күндік мөлшерлеме 0,3 пайыздан төмен, бірақ 179 пайыздан аспауы тиіс.
Биыл халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында тағы бір қаулы қабылданды. Енді қарыз алушының банктік қарызы 30 күннен артық кешіктірілсе немесе микроқаржы ұйымындағы қарызы 1 күннен асып кетсе, оған жаңа шағын кредит берілмейді. Соңғы 3 жыл ішінде қарызы толық кешірілген азаматтар да микрокредит ала алмайды. Егер соңғы 12 айда қарыз қайта құрылымдалып, бірақ бұл төлем қабілетін жақсартпаса, шағын несиеге жол жабылады. Ал кепілсіз тұтынушылық микрокредиттің мерзімі 5 жылдан асқан жағдайда да жаңа қарыз берілмейді.
Агенттік басшысы қабылданып жатқан шаралар жастар арасындағы қарыз алушылар санын біртіндеп азайтып келе жатқанын айтады. Бірақ мәселе әлі де өзекті.
Жалпы Қазақстан азаматтарының банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы қарызы 49 трлн теңгеден асады. Оның ішінде микроқаржы ұйымдары ғана биыл халыққа 3,1 трлн теңге қарыз берген.
Осы ахуал аясында сенаторлар микрокредит беру жасын 21 жасқа дейін көтеру туралы бастама көтерді. Агенттік бұл ұсынысқа жауап беріп, ресми статистиканы алға тартты. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елімізде 18-21 жас аралығында 847 430 адам бар. Соның 136 239-ы микроқаржы ұйымдарының қарыз алушылары.
Проблемалық берешек деңгейін төмендету үшін агенттік 52 микроқаржы ұйымына арнайы хат жолдады. Онда кредит беру лимиттерін қайта қарау және қарыз алушыларды бағалау тәртібін өзгерту қажеттігі көрсетілген.
Мәдина Әбілқасымова жастардың табысын нақты есепке алу басты талапқа айналатынын атап өтті:
«18-21 жас аралығындағы жастардың басым бөлігінде тұрақты табыс жоқ. Көпшілігі оқуда жүр, негізгі кірісі шәкіртақы немесе уақытша жұмыс. Осындай жағдайда алынған шағын несие борыш жүктемесін арттырады. Біз жастардың қарызға батпауын бірінші орынға қоюымыз керек. Сондықтан микрокредит беру кезінде олардың нақты және ресми табысы міндетті түрде ескерілуі тиіс».
Оның айтуынша, жақын арада 20 жасқа толмаған қарыз алушылардың кірісі тек ресми құжаттармен анықталатын болады.
«Жиырма жасқа толмаған азаматтардың борыш жүктемесін есептеу кезінде жұмыс орнынан алынатын табыс туралы анықтама және оқу орнынан берілетін шәкіртақы мөлшері туралы анықтама ғана негізге алынады. Бұл талаптар жастар арасындағы проблемалық қарыз деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп сенеміз», дейді ол.
Бұған дейін сенаторлар онлайн және офлайн форматта 18 жастан бастап қосымша тексерусіз берілетін микрокредиттерді шектеу қажет екенін айтқан еді. Олардың пікірінше, несиенің ең төменгі жасын 21-ге дейін көтеріп, жастардың табысын, шығынын және қаржылық мінез-құлқын жан-жақты бағалау маңызды.
Бүгінгі көрініс бір нәрсені анық көрсетіп отыр. Шәкіртақыға қарап алынған шағын несие оңай шешім сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ол шешім кейде ұзаққа созылатын қаржылық қиындықтың бастауы болып шығады. Сондықтан енгізіліп жатқан жаңа талаптар жастарды шектеу емес, олардың ертеңгі өмірін қорғауға бағытталған қадам ретінде қабылдануы тиіс.