Жаңалықтар

"Эмоциямды ұстай алмадым": Шығыс Қазақстандағы ауыл әкімі тұрғындарға не себепті боқтағанын түсіндірді

"Эмоциямды ұстай алмадым": Шығыс Қазақстандағы ауыл әкімі тұрғындарға не себепті боқтағанын түсіндірді

Шығыс Қазақстан облысының Шіліктілі ауылдық округінің әкімі ауыл тұрғындарынан желіде үлкен дау тудырған бейнежазба үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты stan.kz-ке сілтеп. 

Әңгіме Зайсан ауданының Шіліктілі ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеухан туралы болып отыр. Ол жергілікті тұрғындармен кездесуде сөзге келіп, өз эмоциясын ұстай алмай, бейәдеп сөздер айтқан. Видео авторының айтуынша, әкімнің дөрекі сөйлеген сәтінде полиция қызметкері де сол жерде болған, бірақ бұл жағдай шенеунікті тоқтатпаған.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі әлеуметтік желілерді бақылау барысында аталған видеоны назарға алып, әкімнен ресми түсініктеме беруін талап еткен.

"Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл материалдарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің этика жөніндегі кеңесіне жолдады. Онда мемлекеттік қызметшінің қызметтік этика нормаларын бұзу мәселесі қаралады", – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі 7 қазан күні.

Әкімдік басшылығы кез келген этикалық емес мінез-құлыққа қатаң теріс көзқарас танытатынын және мұндай жағдайларға ең қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті. Қуаныш Төлеухан халыққа бейнеүндеу жасап, жағдайды түсіндірді. Оның айтуынша, ол осы ауылда туып-өскен, ешкімді ренжіткісі келмеген және қоғамдық тыңдау кезінде эмоциясын тежей алмай қалды.

"Жиналыс шамамен бес сағатқа созылды, пікірталас қызу жүрді. Сол сәтте өзімді ұстай алмай, дөрекі сөздер айтып қойдым. Бұл ісімнің дұрыс еместігін мойындаймын және ауыл тұрғындарынан кешірім сұраймын", – деді әкім.

Ал ШҚО полиция департаменті әкімге қатысты әкімшілік іс қозғалғанын растады.

"ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы, 1-бөлігі (“Ұсақ бұзақылық”) бойынша 36 жастағы азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс сотқа жолданды", – деп мәлімдеді департамент.

Аталған бап бойынша айыппұл мөлшері 20 АЕК (78 640 теңге) немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Барлық жаңалық