Жаңалықтар

«Ел мақтанышы»: Головкин World Boxing президенті болмақ

Атақты боксшы, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Геннадий Головкин халықаралық World Boxing федерациясының президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Ozgeris.info

 

«Достар, мен маңызды шешім қабылдадым World Boxing халықаралық федерациясының президенті қызметіне өз кандидатурамды ұсынамын. Менің миссиям бокстың олимпиадалық болашағын сақтау, спортшылар мен жаттықтырушыларға қолдау көрсету және олардың спортты дамытуға деген ұмтылысын нығайту», — деді Головкин әлеуметтік желідегі жазбасында.

 

Ол сондай-ақ, басты мақсатының бірі Халықаралық олимпиада комитетінің толық мойындауына қол жеткізіп, бокстың Олимпиада ойындарында өз орнын сақтау екенін атап өтті.

 

«Біздің мақсат бокстың Олимпиада бағдарламасында Лос-Анджелес-2028, Брисбен-2032 және кейінгі жылдары да болуы. 23 қараша күні біз спорттың жарқын болашағына маңызды қадам жасаймыз», — деді спортшы.

 

Айта кетейік, World Boxing федерациясының президентін сайлау Рим қаласында өтеді. Дауыс беруге ұйымға мүше 125 елдің өкілдері қатысады.

Барлық жаңалық