💰 Экономика

Қазақстан мұнайының 80 пайызына қауіп төніп тұр: Қара теңіздегі шабуылдың салдары

Қазақстан мұнайының 80 пайызына қауіп төніп тұр: Қара теңіздегі шабуылдың салдары

Қара теңіздегі мұнай танкерлеріне екі күнқатарынан жасалған дрон шабуылдары Қазақстанның мұнай экспортына тағы да қауіп төндірді. Бұл шабуылдардың салдары Қазақстан экономикасына тікелей әсер етуі ықтимал. Себебі еліміздің экспорттық мұнайының шамамен 80 пайызы дәл осы бағыт арқылы әлемдік нарыққа шығарылады, деп жазады Ozgeris.info тілшісі.

Осы оқиғадан кейін Bloomberg Қазақстанның биылғы мұнай өндіру көлемі бұрын жоспарланған деңгейден төмен болуы мүмкін екенін хабарлады. Бұған негізгі себеп – экспорттық инфрақұрылымдағы қауіптердің күшеюі жәнемұнайды тиеу жұмыстарының баяулауы.  

Не болды?  

17 және 19 шілде күндері Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы (CPC) арқылы мұнай тиеугекелген бірнеше танкерге дрондар шабуыл жасады. Қазақстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, шабуылға ұшыраған кемелердің ішінде Қазақстан мұнайын тасымалдаған ASIA және NISSOS IOS танкерлері болған. Қазақстан бұл әрекетті халықаралық сауда мен энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндіретін жағдай деп бағалады. Энергетика министрілігінің хабарламасына сүйенсек, шабуыл салдарынан танкерлерде өрт шыққан. Алайда экипаждардың жедел іс-қимылының арқасында өрт қысқа мерзімде сөндіріліп, ешкім зардап шекпеген. №1 және №3 қашықтан тиеу құрылғылары да зақымданған жоқ. Теңіз акваториясына мұнайдың төгілуіне жол берілмеген.  

Шабуылды кім жасады?  

Украина соңғы апталарда Ресейдің теңіздегі мұнай логистикасына қысымды күшейтіп жатқанын жасырмай келеді. Киевтің мақсаты – Ресейдің мұнай экспортынан түсетін табысын азайту.

Financial Times дерегінше, соңғы күндері Украина Азов және Қара теңіз аймағында жүзденастам ресейлік кемеге соққы жасағанын мәлімдеген. Соның салдарынан Новороссийск маңындағы танкерлер де қауіп аймағына түсті. Алайда мәселенің күрделілігі – Каспий құбырконсорциумы арқылы тек Ресейдің емес, негізінен Қазақстанның мұнайы экспортталады.        

Қазақстан не деді?  

Қазақстан Энергетика министрлігі танкерлерге жасалған шабуылдарды қатаң айыптады. Министрлік мұндай әрекеттер халықаралық теңіз қатынасына қауіп төндіретінін және коммерциялық мұнай тасымалының үздіксіз жүруіне кедергі келтіретінін мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесі мынадай болды (MFA Qazaqstan):

Қазақстан Республикасы Сыртқы істерминистрлігінің МӘЛІМДЕМЕСІ  

Қазақстан Республикасының Сыртқы істерминистрлігі 2026 жылғы 17 және 19 шілдеде Қаратеңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптайды. Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жолберуге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз. Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу мақсатында кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық мүдделі тараптар бұрын келіскен тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді. Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдауды талап етеді. Серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырамыз және барлық мүдделі тараптарды нақты іс-жүзіндегі шараларды бірлесіп әзірлеуге үндейміз. Халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтау ғана осындай оқиғалардың қайталануына жол бермейді деп есептейміз. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізуде. Оның қорытындылары бойынша Қазақстан өзінің заңды мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, оның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар қою құқығын өзіне қалдырады.

Қазақстан Республикасы қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін атап көрсетеді, халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасы еркіндігіне және халықаралық көлік-логистикалық әрі энергетикалық бағыттардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бейілділігін растайды. Қазақстан халықаралық құқық нормаларының сақталуын және азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасамауды қолдайтынын жеткізді.  

Bloomberg неге өндіріс азаяды деді?  

Bloomberg пен басқа халықаралық қаржы басылымдарының бағалауынша, негізгі мәселе мұнай өндіруде емес, оны экспортқа шығара алмауда. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында өндіріледі. Бұл мұнайдың шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы Ресейдің Новороссийск портындағы теңіз терминалына жеткізіледі. Егер терминал жұмысы тоқтаса немесе танкерлер келуден бас тартса, мұнай қоймаларда жиналып қалады. Мұндай жағдайда өндіру көлемінуақытша қысқартуға тура келеді.  

Қазақстанның басты әлсіз тұсы қандай?  

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдай Қазақстанның ең үлкен энергетикалық мәселесін тағы бір мәрте көрсетті. Қазақстан мұнайы әлемдік нарыққа шығу үшін Ресей инфрақұрылымына тәуелді. Бұл тәуелділік бұрын да бірнеше рет байқалған. Дауыл кезінде терминалдың тоқтауы, техникалық ақаулар, сот шешімдері, геосаяси санкциялар, енді әскери шабуылдар мұнай экспортына кедергі келтіріп отыр. Әрбір осындай оқиға Қазақстан бюджетіне миллиардтаған теңге шығын келтіруі мүмкін.  

Балама бағыттар бар ма?  

Иә. Бірақ олардың өткізу қабілеті әзірге жеткіліксіз. Қазақстан бірнеше жылдан бері мұнай экспортын әртараптандыруға тырысып келеді. Негізгі бағыттар:

  • Әзербайжан арқылы Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры;
  • Ақтау порты арқылы Каспий теңізі; 
  • Қытай бағыты; 
  • теміржол тасымалы. 

Алайда бұл бағыттардың ешқайсысы Каспий құбыр консорциумының көлемін толық алмастыра алмайды. Сондықтан қысқа мерзімде Қазақстан бұрынғыдай CPC бағытына тәуелді болып қалабереді.  

Мұнай бағасына әсері қандай?  

Шабуылдардан кейін әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасы өсті. Нарық қатысушылары жеткізілімнің бұзылу қаупін бағасына бірден енгізе бастады. Егер Қара теңіздегі қауіпсіздік нашарлай берсе немесе экспорт ұзақ уақытқа тоқтаса, мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталуы мүмкін. Бірақ Қазақстан үшін жоғары баға әрдайым жақсы жаңалық емес. Себебі мұнайды қымбат бағамен сату үшін алдымен оны әлемдік нарыққа жеткізу қажет.  

Қазақстан экономикасына әсері қандай?  

Мұнай – Қазақстан экспортының және Ұлттық қорға түсетін кірістің негізгі көзі. Экспорттың баяулауы бюджет кірістерінің төмендеуіне, теңге бағамына қысымның артуына, мұнай компанияларының инвестициялық жоспарларының қайта қаралуына, өндірістің уақытша қысқаруына ықпал етуі мүмкін. Бұл тәуекелдерді халықаралық сарапшылар да атап өтуде. Экономист Заманбек Мәулен мұндай жағдай мұнай эскпорттайтын елдер өте ауыр соққы екенін атап өтті.

Оның пайымдауынша, осындай соққылардың жиі орын алуы ел экономикасына кері әсер етеді. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін тиісті шараларды дер кезінде қолданып, альтернативті идеяларды жүзеге асыру керек.  

Сақтықта қорлық жоқ!  

Қара теңіздегі соңғы шабуылдар тағы бірмаңызды мәселені көрсетті: Қазақстан мұнай өндіру көлемін арттырғанымен, оны әлемдік нарыққа жеткізетін жолдардың қауіпсіздігі мен әртараптандырылуы әлдеқайда өзекті мәселеге айналып отыр. Егер геосаяси шиеленіс жалғаса берсе, Қазақстан үшін басты қауіп мұнайдың таусылуы емес, оны экспортқа шығаратын дәліздердің тұрақсыздығы болмақ. Сондықтан алдағы жылдары мұнай өндіруді ұлғайтудан бұрын, экспорт бағыттарын кеңейту елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шартына айналуы ықтимал.

Барлық жаңалық