Шымкентте City Park аумағында әдепсіз әрекет жасаған жас жігіт жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласындағы City Park аумағында түсірілген видео тарады. Кадрларда жас жігіт тыйым салынған белгіге қарамастан, сәндік құрылымның үстіне шығып, оны тербеткен. Сонымен қатар, ол қоғамдық орында қатты дауыстап, былапыт сөздер айтқан.
Видеоның таралуынан кейін бұл жағдай құқық қорғау органдарының назарына ілікті.
Шымкент әкімдігінің мәліметінше, полиция қызметкерлері 2007 жылы туған жас жігіттің жеке басын анықтап, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырған.
«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасады», – деп хабарлады Шымкент әкімдігі.
Бұған дейін Шымкентте вандалдар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған белгіні сындырып кеткені туралы хабарланған болатын.