МАҢЫЗДЫ

Көлік арзандай ма, әлде тіркеу қиындай ма? 1 қыркүйектегі өзгерістер туралы толығырақ

Көлік арзандай ма, әлде тіркеу қиындай ма? 1 қыркүйектегі өзгерістер туралы толығырақ

Әлеуметтік желілерде соңғы күндері «1 қыркүйектен бастап шетелден көлік әкелуге тыйым салынады», «Қазақстанда көлік бағасы арзандайды», «көлік сатып алу жеңілдейді» деген ақпараттар кеңінен тарады. Алайда бұл мәлімдемелердің барлығы бірдей шындыққа жанаспайды. ҚР Ішкі істер министрлігі мен өзге мемлекеттік органдардың түсіндірмелеріне қарағанда, сөз көлік әкелуге толық тыйым салу туралы емес, оны тіркеу мен заңдастыру талаптарын күшейту туралы болып отыр, деп жазады Ozgeris.info тілшісі.

1 қыркүйектен бастап не өзгереді?  

Көпшіліктің алаңдауына себеп болған өзгеріс – Қазақстанға сырттан әкелінетін көліктерді тіркеу тәртібіне қатысты. Шынымен елімізде 1 қыркүйектен бастап автокөліктерді заңсыз әкелуге қарсы жаңа талаптар күшіне енеді. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті мемлекеттік органдарға аз уақыт ішінде бұл бағыттағы заңсыз әрекеттердің жолын кесуге арналған кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды.

Мамандардың сөзінше, елге заңсыз әкелінетін көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы жаңа талаптарға өзгеріс енгізу қажет. Бұған дейін Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақтың ақпараттық жүйелерін біріктіру бойынша келісім жасалған болатын. Соның нәтижесінде көлікті бастапқы тіркеу кезінде электрондық паспорттың (ЭПТС) болуы міндеттіталапқа айналмақ. Бұл талап заңсыз әкелінгеннемесе құжаттары күмәнді көліктердің тіркелуіне жол бермеуге бағытталған. 

Көлік мәселесіне қатысты төмендегілерді ескеру қажет:

  • шетелден көлік әкелуге толық тыйым салынбайды;
  • бірақ барлық автомобиль белгіленген техникалықжәне құжаттық талаптарға сәйкес болуы тиіс;
  • электрондық паспортсыз көлікті тіркеуқиындайды немесе мүмкін болмайды.

Сондықтан әлеуметтік желілердегі «көлік әкелуге толық тыйым салынады» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.  

ІІМ нақты не айтты?  

ІІМ түсіндірмесінде басты мақсат – Қазақстан аумағына заңсыз әкелінетін көліктерді азайту және тіркеу жүйесін цифрландыру екені айтылды. Соңғы жылдары елімізде «конструктор» көліктер, жалған құжатпен кіргізілген автомобильдер, шетелдік есепте тұрған көліктер мәселесі жиі көтерілді.  

Электрондық паспорт жүйесі дәл осы заңсыз схемаларды азайтуға мүмкіндік береді.  

Қазақстанның автонарығында тағы қандай өзгерістер бар? 

2026 жылы Үкімет автонарықты реттеу бағытында бірнеше маңызды шешім қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, биыл елімізде 190 мыңға жуық автокөлік шығарылған. Сонымен қатар 19 университетте автоөнеркәсіп мамандарын даярлау қарқынды жүргізілуде. Елімізде үшінші елдерден әкелінетін, шығарылғанына үш жылдан аспаған автомобильдерді сәйкестіктен өткізу тәртібі жаңартылды. Бұл қауіпсіздік талаптарын күшейтуге және ресми импортты қолдауға бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, мемлекет бірнеше мақсатты қатар көздеп отыр. Атап айтар болсақ, заңсыз импортты азайту, техникалық қауіпсіздікті күшейту, ресми дилерлердің үлесін арттыру, көлік туралы деректерді толық цифрландыру.  

Көлік алу расымен жеңілдей ме?  

«Көлік сатып алу жеңілдейді» деген пікірдің нақты құқықтық негізі әзірге жоқ. Бүгінде Қазақстандағы негізгі мәселе – автонесиенің қымбат болуы. Екінші деңгейлі банктердің автонесиелері нарықтық мөлшерлемемен берілсе, жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін қаржы шектеулі. Соның салдарынан мыңдаған азамат кезек күтеді.

Сарапшылардың айтуынша, егер ресми импорт көлемі артып, ұсыныс көбейсе, бәсекелестік күшейеді. Сонда ғана кейбір модельдердің бағасы тұрақтануы мүмкін. Бірақ бұл автоматты түрде барлық көліктіңарзандауына әкелмейді.  

Шетелден көлік алған тиімді ме?  

Бұл сұраққа нақты бір ғана жауап жоқ. Артықшылықтарына тоқталсақ, бағасы кей жағдайда Қазақстандағыдан арзан, таңдау көп, жақсы комплектация табуға мүмкіндік бар. Кемшіліктері де жоқ емес. Мысалы, кедендік төлемдер, утильалым, алғашқы тіркеу төлемдері, сәйкестік сертификаты, электрондық паспорт рәсімдеу, жеткізу шығындарын атауға болады.

Осы мәселеге қатысты 10 жалдан астам уақыт шетелдік көліктерді сатумен айналысатын Мирас Қарасай былай дейді:

«Мен көбіне көліктерді шетелден айдап әкелемін. Барлық маршрутты білемін. Кейде аукциондарға қатысамын. Себебі шетелден келетін көліктердің бағасы қолжетімді. Мен елімізге кіргізген көліктерімнің барлығын отандық есепке қойдым. Бірақ оның шығындары көліктің бағасынан да қымбат болатын кездері болады. Шетелдік транзиттік нөмірмен ұзақ жүре алмайсың. Аз уақыт ішінде барлығын реттеу үшін біраз қаражатың кетеді. Ал елімізде көлік бағасы тым қымбат. Автонесие де тиімсіз. Төменгі пайызбен алайын десең, ұзақ күтуге тура келеді. Кезегің келген сәтте көлікті бағасы үлкен өзгеріске ұшырайды. Әрине Заң бәріне ортақ, тек шетелден келетін көліктерге шығынды төмендетсе дейміз. Сол кезде басқа да көліктердің бағасы қолжетімді болады деп ойлаймын».

Рас, кей жағдайларда бастапқыда арзан көрінген көлік барлық төлемдерді қосқанда Қазақстандағы бағамен бірдей болып шығады.  

Жүргізушілерді не алаңдатады?  

Автокөлік иелері мен жүргізушілер бірнешемәселеге жиі назар аударады:

  • автонесиенің жоғары пайызы;
  • жаңа көліктің қымбаттауы; 
  • қосымша алымдардың көптігі; 
  • қосалқы бөлшектер бағасының өсуі; 
  • шетелден көлік рәсімдеу процедурасыныңкүрделілігі. 

Көпшілік жүргізушілер әлеуметтік желілерде мемлекет заңсыз импортпен күрескенімен, адал сатып алушылар үшін рәсімдерді барынша жеңілдету қажет екенін айтып жүр. Сонымен бірге ресми дилерлер арасындағы бәсекені күшейту бағаны төмендетудің маңызды тетігі болуы мүмкін деген пікір де жиі айтылады.  

Көлік нарығы реттеле ме?  

Қазақстанның автонарығы жаңа кезеңге қадам басып келеді. Мемлекет цифрлық бақылауды күшейтіп, көлік әкелудің ашық әрі заңды тетіктерін қалыптастыруға ұмтылуда. Сондықтан 1 қыркүйектен бастап шетелден көлік әкелуге толық тыйым салынады деу дұрыс емес. Негізгі өзгеріс – тіркеу талаптарының күшеюі мен электрондықпаспорт жүйесінің енгізілуі. Ал көлік бағасының арзандауы немесе несие алудың жеңілдеуі әзірге нақты қабылданған шешім емес, ол нарықтағы ұсыныс, бәсекелестік және мемлекеттік саясаттыңәрі қарайғы қадамдарына байланысты болады.

Барлық жаңалық