Қоғам

ЭКСКЛЮЗИВ | Елжан Біртанов: «Мені емес, платформаны соттады»

Бес жылға созылған тергеу мен сот процесінен кейін Елжан Біртанов алғаш рет өз оқиғасын ашық айтты. YouTube әлеуметтік желісіндегі Қасқа жол арнасына берген сұхбатында бұрынғы министр өзін емес, жүйенің салғырттығы мен екіжүзділігін айыптады, деп жазады Ozgeris.info.

Сот ақиқатқа сенбеді

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзіне тағылған айыптардың артында жүйелі әділетсіздік пен шенеуніктер арасындағы жеке мүдделер тұрғанын ашық айтты. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіндегі шешуші тұлғалардың бірі – Бейбіт Есенбаев – сол істің басты куәгері болған, әрі сол кездегі платформаға қарсы куәлік берген жалғыз адам.

«Соттағы 20-дан астам сарапшы платформаның жұмыс істеп тұрғанын дәлелдеді. Бірақ сот тек Есенбаевтың сөзіне сенді. Қалған жиырма адамның пікірі ескерілген жоқ»,  дейді Біртанов.

Біртановтың сөзінше, тергеу басталған кезде Есенбаев бастапқыда шындықты айтқан. Алайда шілде мен тамыз айларында өз куәлігін өзгертіп, “платформа жұмысқа жарамсыз” деп көрсеткен. Министрліктегі кейбір кабинетке тыңдау құрылғылары орнатылғаны да айтылды.

«Оған қысым жасалды ма, қорықты ма – нақты айта алмаймыз. Бірақ куәлікті өзгерткені – факт. Біз Есенбаев шындыққа қарсы куәлік берді деп есептейміз. Бұл – Қылмыстық кодекстегі “көрінеу жалған айғақ беру” бабына жатады»,  дейді экс-министр.

Цифрлық платформа жұмысы туралы нақты техникалық дәлелдер де бар. Мысалы, дәрігерлік анықтамалар жүйесі 2019 жылдан бері электронды түрде жұмыс істеп келген. Жүйе eGov арқылы интеграцияланған.

«Қазір де eGov-та жазылып тұр – бұл анықтама Денсаулық сақтау министрлігінің платформасы арқылы беріледі. Яғни жұмыс істемейді деген платформаны халық күнде қолданып жүр. Сот кезінде бұл дәлелдерді ешкім ескермеді», деп қынжылады Біртанов.

Қазіргі таңда Бейбіт Есенбаев Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты стратегиялық маңызды құрылымда жұмыс істеп жатыр. Біртановтың мәлімдеуінше, ол тергеу кезінде берген куәлігіне қарамастан, сол салада белсенді қызмет атқаруда.

«Сол адам қазір де цифрландыру бағыты бойынша басшылық қызметте. Яғни біз сотталған жүйе қазір де дәл сол платформамен жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл қандай парадокс?»,  деп сұрақ қойды экс-министр.

Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев Бас прокуратураға ресми өтініш жолдап, аталған заңбұзушылықтарды тергеуді сұраған.

«Біз көп арыз жаздық. Сот кезінде де, одан кейін де. Бірақ көбіне жауап болмады немесе тек ресми жауаппен шектелді. Қазір әділеттілікті талап етіп, ашық түрде айтуға мәжбүрміз»,  дейді Біртанов.

Цифрландырудағы саботаж. Бес жылда  нәтиже нөл

Экс-министр Елжан Біртанов цифрлық платформаның іске аспауын техникалық қиындықпен емес, жүйелі түрде жасалған ішкі саботажбен байланыстырады. Оның айтуынша, кейінгі бес жылда мемлекет бұл мәселені шешуге бірнеше рет уәде берген, бірақ соңы – үнсіздік пен нәтижесіздік.

«Бұл мәселеде ешқандай техникалық кедергі жоқ. Бар мәселе  орындаушыларда. Ең жауапты орындаушылар  сол баяғы Есенбаев сияқты адамдар. Олар кезінде түк бітірмеген, қазір де сол күйі отыр», дейді Біртанов.

2021 жылдан бері Үкімет өкілдері мен вице-премьерлер бірнеше мәрте цифрлық денсаулық сақтау платформасын іске қосамыз деп мәлімдеген. Оның ішінде Ерaлы Тоғжанов, Тамара Дүйсенова, тіпті Мемлекет басшысының жолдауларында да бұл мәселе көтерілген.

«Тамара Дүйсенова былтыр Парламент жабылар кезде барлық депутатқа уәде берді, “жыл соңына дейін бітіреміз” деді. Қазір 2025 жылдың ортасы, ештеңе жоқ. Тіпті талпыныстың өзі жоқ», дейді экс-министр ашынған үнмен.

Біртановтың сөзінше, бұл цифрлық шешім мемлекетті кем дегенде 600 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берер еді. Бірақ осы бастамаларды қолдау орнына шенеуніктер түрлі сылтаумен технологияны шетке ысырып келеді.

«Мысалы, жасанды интеллектке қатысты жобаларды министр құптады. Бірақ тапсырма берілген орындаушылар  Есенбаев пен оның тобы  кездеспейді, жұмыс істемейді. Олар “жұмыс істеп жатқан” кейіп танытады. Ал шын мәнінде  саботаж»,  деп кесіп айтты экс-министр.

2020 жылдан бері цифрлық платформаны іске қосуға бюджеттен жүздеген миллион теңге бөлінді. Бірақ, Елжан Біртановтың айтуынша, нәтижесіз жұмсалған бұл қаражат пен аяқсыз қалған жобалардың барлығы – басқару дағдарысының көрінісі.

«Жаңа министр жауапкершілікті түсініп, жұмыс істеп жатыр. Бірақ оған да кедергі  сол баяғы команда. Қалайша бес жыл бойы бір платформаны іске қоса алмаймыз? Масқара ғой», дейді ол.

Экс-министрдің сөзіне сүйенсек, қазіргі жүйе жұмыс істемей тұрған жоқ,  ол жұмыс істейді, тек оны мойындауға кейбіреулер мүдделі емес.

«Президенттің өзі цифрландыруды бірнеше жыл қатарынан Жолдауларында айтып келді. Бірақ сол тапсырмалар іске аспай жатыр. Себебі төменгі буындағы орындаушылар өз креслосын, өз схемаларын қорғап отыр»,  дейді Біртанов.

Платформа іске қосылса, миллиардтар ұрланбайтын еді

Экс-министр Елжан Біртановтың айтуынша, егер мемлекеттік цифрлық платформа іске қосылғанда, қазіргі жүйедегі дәрі-дәрмек үлестіру, МӘМС қаржысы, аурухана қарыздары сияқты мәселелердің дені болмас еді. Бүгінде медициналық сақтандыру қоры көптеген ауруханаларға қарыз, себебі қордың өзінде қаражат тапшы. Неге? Себебі бақылау жоқ, есеп бұлыңғыр, «приписка» көп.

«Егер платформа жұмыс істесе, 100% сенімдімін – бұл мәселелердің бәрі шешілер еді. Біз осыны 2018 жылы-ақ Парламентте айтқанбыз. МӘМС пен цифрландыру бір-бірінен ажырамайтын егіз реформа», дейді Біртанов.

2018-2019 жылдары Парламент депутаттары МӘМС енгізілгенде, 1997 жылғы сәтсіз мысалды алға тартқан: сол кезде де медсақтандыру жүйесі енгізіліп, ақыры көп ақша ұрланып, жоба тоқтап қалған еді. «Бұл қайталанбай ма?» деген заңды сұрақ қойылған. Біртанов сол кезде депутаттарға нақты жауап берген: бұл жолы цифрландырумен бірге енгізіледі.

«Бүкіл қаражатты қазынашылыққа жинадық. Заңға түрлі бақылау механизмдерін енгіздік. Бірақ ең бастысы  цифрлық жүйе еді. Біз дәрігерлерді үйреттік, барлық медициналық ұйымдарды қағаздан электронды жүйеге көшіруге бұйрық шығардық. Халық ақшасының әр тиыны қайда кеткенін бақылау үшін»,  дейді ол.

Жұмыс істейтін жүйе дайын тұрған

Біртановтың айтуынша, 2020 жылдың 17 маусымында мемлекеттік комиссия цифрлық платформаны іске қосуға рұқсат берген. Жүйе барлық тексеруден өткен. «Промышленная эксплуатация» деп аталатын соңғы кезеңге дайын болған. Бірақ бір айдан соң тергеу басталды және жүйе тоқтап қалды.

«Бұл платформа жай жоба емес  бұл "боевой", яғни нақты жұмыс істейтін жүйе еді. Ішінде сіздің, менің медициналық деректерім бар. Ол модель емес, фейк емес. Бірақ іске қосылмады»,  дейді Біртанов.

Содан бері бес жыл өтті. Басқа шешім қабылданған жоқ. Басқа платформа жасалған жоқ. Жеке компаниялар келіп, «тегін жасаймыз» деп уәде беріп кетті. Бірақ нәтиже жоқ. Тіпті бағдарламалауды білмейтін, код жазбайтын мемлекеттік қызметкерлерге жоба сеніп тапсырылған.

«Бұл айқын саботаж. Бұл профанация. Біз жұмыс істеп жатырмыз деген – жалған көрініс. Мамандар жоқ, интеграция жоқ, басқару жоқ»,  дейді экс-министр.

Қазақстандағы ақпараттық жүйелер – зоопарк

Біртановтың айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау саласында кем дегенде жиырма түрлі ақпараттық жүйе бар: Damumed, Ақгюн, Жарқын Болашақ, ОдинС және басқалары. Әрқайсысын әртүрлі компания жасаған. Код қайда? Жауап жоқ. Енді соның бәрін бір платформаға біріктіру керек сол үшін әлгі жүйе жасалған еді.

«Бұл платформа тек денсаулық сақтау емес, бүкіл экономиканы бақылауға мүмкіндік беретін еді. Ақпараттың көлемі терабайттар. Ол тіпті eGov жүйесінен асып кетуі мүмкін», – дейді экс-министр.

Жоба негізін 2015 жылы марқұм Талғат Сәдуақасов бастаған. 2017 жылы платформа қабылдануға тиіс болған. Бірақ сол кездегі вице-министр Сүлейменов «дайын емес» деп тоқтатқан. Біртанов оны ұзартуға келіседі. Кейін сотта соның бәрі «сіз тапсырма бергенсіз» деген айыпқа айналған.

Елжан Біртановтың айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы түйткілдің түбі  цифрландыруда емес, биліктің бөлшектенуінде. Бір министрлік дәрі-дәрмек сатып алады, ал фармацевтикалық нарықтың жартысы – жеке сектордың қолында. Баға белгілеу, сапаны бақылау, сырттан келетін өнімнің қай партия екенін анықтау  бәрі әр мекемеге таратылған, ал министрліктің өзінде қажетті өкілет те, ақпарат та жоқ.

«Фармкомпаниялар өзара келісіп, бір-екі теңгелік айырмашылықпен тендерге түседі. Ал заң бойынша біз ең арзанды таңдаймыз. Бірақ шын мәнінде, ол картель. Оны дәлелдеуге біздің министрліктің шамасы келмейді»,  дейді Біртанов.

Бұл тек маска мен перчатка мәселесі емес. Құны 1,2 трлн теңгеден асатын фармацевтикалық нарықтың жартысы  мемлекеттікі, ал қалған бөлігі  бақылаусыз. Аптекалар бағаны өзі қояды. Тексеру мораторийге ілінген. Ал өңірлердегі бақылау органдарында 5-6 адам ғана жұмыс істейді. Осы жағдайға қарап, Біртанов:

«Біз шулатып, Денсаулық сақтау министрлігінен жауабын талап етеміз. Бірақ бұл  министрдің қолынан келмейтін жүйелік мәселе»,  дейді.

Сөз арасында Елжан Біртанов Бейбіт Есенбаевқа деген ренішінің жоқ екенін айтып қалды. Ол оны «өзінің отбасын ойлаған, қорыққан адам» деп сипаттайды. Біртановтың айтуынша, бастапқыда Есенбаев платформаның дайын екенін ашық айтқан. Бірақ бір сәтте – шілде-тамыз айларында – куәлігін өзгертіп, тергеу органдарының ыңғайына жығылған.

«Денсаулық сақтау министрлігінің кабинеттеріне прослушка орнатып, адамның мінезі өзгерді. Мен түсінбеймін. Бірақ бір нәрсе анық – бұл жобаға қарсы күштер бар еді. Есенбаев солардың қысымынан қорықты», – дейді ол.

Елжан Біртановтың айтуынша, бұл проблема тек денсаулық сақтау министрінің немесе бір лауазымды тұлғаның деңгейінде шешілмейді. Мұндай жобалар тек ведомствоаралық қатаң келісіммен, Үкімет пен Парламенттің нақты шешімімен жүзеге аспақ.

«Жаңа келген министр Әлназарова тырысып жатыр. Ол саясаткер, мәселені түсінеді. Бірақ оның айналасындағы орындаушылар баяғы сол ескі жүйеден қалғандар. Олармен нәтиже болмайды», – деп кесіп айтады экс-министр.

Оның ойынша, егер бақылау болмағанда, пандемия кезіндегідей маскалар сыртқа тасылып, халық үш есе бағамен дәрі-дәрмек алған ахуал тағы да қайталануы мүмкін. Сондықтан денсаулық сақтау саласын цифрландыру – жай «IT жоба» емес, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе.

Барлық жаңалық