Хакім Абай жетістікке бірден жеткісі келетін жандарды қалай шебер суреттейді. «Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп мертігеді жатады». Ел экономикасын ұшпаққа бір-ақ шығарамын деп тақырға отырғызып кеткен эконоистер жетерлік, деп жазады Ozgeris.info.
1980 жылы сондай «қиялшыл экономистер» тобы АҚШ президенттігіне үміткер Рональд Рейганға табыс салығын жаппай төмендету идеясын ұсынды. Олардың пайымынша, салық азайса, адамдар көбірек табыс табуға ұмтылады, көбірек еңбек етеді, соның нәтижесінде бюджетке түсетін қаражат та артады. Алайда кәсіби экономистердің басым бөлігі бұл болжамды тым әсіре оптимистік деп бағалады. Иә, салықтың төмендеуі еңбек белсенділігін арттыруы мүмкін, бірақ бұл өзгеріс бюджет кірісін толықтай өсіретіндей деңгейде болатынына дәлел жоқ еді.
Мәселен, қарапайым бір Ерлан деген жігітті алайық. Ай сайын тұрақты жалақы алып, отбасын асырап отыр. Салық азайды екен деп, Ерлан ертеңінен бастап екі есе артық жұмыс істеп кетпейді ғой. Оның уақыты да, күші де белгілі. Қолына түскен ақшасы сәл көбейгенімен, табысын күрт өсіретіндей мүмкіндік бірден пайда болмайды. Адамның еңбегі тек салыққа қарап емес, жағдайына, кәсібіне, нарықтағы сұранысқа байланысты. Сондықтан бір ғана салықты төмендету арқылы бүкіл елдің табысын еселеп, қазынаны толтырамыз деу – өмірдің күрделі заңдылығын тым жеңілдетіп түсіну.

БАҚ жүзінде сарапшылар бір-бірімен күнде талас-тартысқа түсіп жатқанын көріп, халық экономиканы тұрлауы жоқ ғылым деп ойлап қалады. Бірақ бұл көбіне сыртқы әсер ғана. Шын мәнінде, кез келген саланың өзегінде көп жылдан бері өзгермей келе жатқан берік қағидалар бар. Мәселен, математикада қанша кереғарлықтар болса да, бүкіл ғалымның пікірі екінің екіге көбейтіндісі – төрт дегенге тоқайласады.
Экономикада да осы заңдылық қайталанады. Күрделі мәселені оңай шешіп беретін «жаңа теориялар» жиі ұсынылады. Бірақ олардың бәрі бірдей ғылымға сүйенбейді. Кейбірі әдемі сөзбен көмкерілгенімен, нақты дәлелге жұтаң келеді. Сондықтан экономистер арасында шын мәнінде терең қайшылық бар ма, әлде біреулер көпшілікке «оңай жолды» өткізуге тырысып жүр ме – соны ажырата білу маңызды. Өйткені экономикада да «сиқырлы таяқ» жоқ: әрбір нәтиже ұзақ мерзімді есепке, нақты дерекке және салмақты талдауға сүйенеді.