💰 Экономика

Экономист сияқты ойлансаңыз, не болады?

Экономист сияқты ойлансаңыз, не болады?

Қоғамдағы әрбір ғылым өзіне тән тілмен сөйлейді және өзіндік ойлау жүйесін талап етеді. Математик аксиома мен интеграл арқылы, психолог сана мен когнитивті қайшылық арқылы, заңгер құқықтық нормалар арқылы дүниені түсіндіреді. Ал экономист үшін әлем – сұраныс пен ұсыныстың, шектеулі ресурстар мен таңдау мүмкіндігінің кеңістігі. Көпшілікке бұл терминдер құрғақ ұғымдардай көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы сана адамға шынайы өмірді тереңірек ұғынуға жол ашады. Экономикалық ойлау – тек сандарды есептеу емес, ол – дүниеге басқа қырынан қарау, деп сараптайды Оzgeris.info

 Сарабдал сана

 Экономист сияқты ойлау дегеніміз не? Бұл, ең алдымен, құбылыстарды эмоциямен емес, дерек пен заңдылық арқылы түсіндіру. Экономист қоғамдағы әрбір өзгерісті кездейсоқтық деп қабылдамайды. Ол оның артында себеп барын, ал себептің артында белгілі бір жүйе жатқанын іздейді. Сол арқылы қарапайым адам байқамайтын байланыстарды көреді. Мәселен, бағаның өсуі тек «қымбатшылық» емес, ол – ақша массасының өзгеруі, өндіріс көлемінің қысқаруы немесе сұраныстың артуы секілді күрделі үдерістердің көрінісі.

 Экономикалық ойлау ғылыми әдіске сүйенеді. Бұл әдіс үш негізгі кезеңнен тұрады: бақылау, теория құру және қайта бақылау. Күнделікті өмірдегі қарапайым құбылыстың өзі үлкен теорияға бастау болуы мүмкін. XVII ғасырда Исаак Ньютонның алмаға қарап ойлануы гравитация заңын ашуға себеп болды. Дәл сол сияқты, экономист инфляцияны байқап, оның себептерін түсіндіретін теория жасайды. Егер деректер теорияны растаса, ол уақытша шындыққа айналады. Егер қайшылық табылса, теория қайта қаралады. Демек, экономика – қатып қалған догма емес, үнемі жаңарып отыратын тірі ғылым.

 Жоғары жауапкершілік

Бірақ экономиканың жаратылыстану ғылымдарынан айырмашылығы бар. Физик зертханалық тәжірибе жасай алады, ал экономист қоғаммен «тәжірибе» жүргізе алмайды. Ешбір мемлекет тек ғылыми қызығушылық үшін ақша саясатын өзгертіп көрмейді. Сондықтан экономистер табиғи жағдайларды, яғни өмірдің өзі ұсынған «тәжірибелерді» зерттейді. Мысалы, мұнай жеткізілімі күрт қысқарған кезде бағаның шарықтауы бүкіл әлемге белгілі заңдылықты көрсетті: ресурстың азаюы оның құнын арттырады. Мұндай тарихи оқиғалар экономикалық теорияны тексеретін тірі зертхана іспетті.

 Болжай біліңіз

Экономикалық ойлаудың тағы бір маңызды құралы – болжам. Күрделі әлемді түсіну үшін оны жеңілдету қажет. Физик ауа кедергісін елемей есеп жүргізсе, экономист те кей факторларды уақытша назардан тыс қалдырады. Мәселен, халықаралық сауданы зерттегенде әлемді екі ел мен екі тауарға ғана бөліп қарастыруы мүмкін. Шынайы өмірде елдер мен тауарлар әлдеқайда көп. Бірақ дәл осындай қарапайым модель негізгі заңдылықты анық көруге мүмкіндік береді. Яғни, қарапайымдандыру – шындықтан қашу емес, керісінше, оның өзегін тану тәсілі.

 Осыдан экономикалық модель ұғымы туындайды. Экономистер шынайы әлемнің толық көшірмесін жасамайды, олар маңызды элементтерін ғана іріктеп алады. Бұл анатомиядағы пластикалық модель секілді: барлық бөлшек жоқ, бірақ негізгі құрылым айқын. Диаграмма, график, теңдеу – бәрі де күрделі экономикалық үдерістерді түсіндірудің құралдары. Олар өмірді дәлме-дәл қайталамайды, бірақ оны түсінуге жол ашады.

 Бас тарта білу

Экономистік ойлаудың тағы бір қыры – таңдау мәселесі. Әрбір шешім белгілі бір мүмкіндіктен бас тартуды білдіреді. Бұл – экономиканың негізгі қағидаларының бірі. Мемлекет тиімділікті арттырғысы келсе, теңдіктің белгілі бір деңгейінен бас тартуы мүмкін. Бүгінгі ұрпақтың әл-ауқатын көтеру үшін болашақ ресурстарды жұмсауға тура келеді. Сондықтан экономистердің жауабы көбіне «бір жағынан..., екінші жағынан...» деп басталады. Бұл олардың әлсіздігі емес, керісінше, шынайылыққа адалдығы.

 Сайып келгенде

Экономистердің қоғамдағы рөлі де айрықша. Олар тек теориямен шектелмейді, мемлекеттік саясаттың қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Қаржы, еңбек, әділет жүйелерінде жұмыс істейтін сарапшылар салық, жұмыссыздық, бәсеке секілді мәселелерді талдап, нақты ұсыныстар береді. Экономикалық идеялар кейде саясаткерлерден де ұзақ өмір сүреді. Джон Мейнард Кейнс айтқандай, «әлемді идеялар басқарады». Көп жағдайда бүгінгі шешімдердің артында кешегі ғалымдардың ойлары тұрады.

 Экономист сияқты ойлау – бұл тек мамандарға ғана қажет қабілет емес. Бұл – әр адамға пайдалы дүниетаным. Ол адамды асығыс қорытындыдан сақтайды, әр құбылыстың астарына үңілуге үйретеді. Бағаның өсуін көргенде кінә іздемей, себеп іздеуге, саясаттағы шешімдерді бағалағанда эмоцияға емес, салдарға назар аударуға баулиды.

 Ойымызды тиянақтай келе, экономикалық ойлау – әлемді түсінудің қуатты құралы. Ол бізге қарапайым көрінетін құбылыстардың артында күрделі заңдылықтар жатқанын көрсетеді. Бұл ойлау жүйесін меңгеру бір күннің ісі емес. Бірақ оны игерген адам дүниеге басқа көзбен қарай бастайды. Экономист сияқты ойлау – бұл есеп жүргізу емес, бұл – саналы таңдау жасайтын, себеп пен салдарды ажырата білетін, болашақты болжай алатын ойлау мәдениеті.

 

Барлық жаңалық