Әлемдік экономикадағы көрсеткіштер көбіне доллар арқылы бағаланады. Қор нарығы өсіп жатыр ма, жалпы ішкі өнім қанша болды, елдің табысы қанша миллиард долларға жетті? Осы сауалдар алдыңғы қатарға шыққан. Бірақ экономист Айдархан Құсайынов бұл тәсілдің шынайы жағдайды толық көрсетпейтінін айтады, деп жазады Ozgeris.info.
Ол алдымен АҚШ қор нарығын мысалға келтіреді. Сырттай қарағанда америкалық акциялар өсіп жатқандай көрінеді. Бірақ өлшемді өзгерткен кезде жағдай мүлде басқаша көрінеді.
«АҚШ қор нарығы доллармен есептегенде ғана өсіп тұрғандай көрінеді. Егер оны алтынмен есептесек, кейінгі жылдардағы ең төмен деңгейде тұр. Бұл технология немесе жасанды интеллект көпіршігі емес. Негізгі көпіршік доллардың өзінде. Индекстердің өсуі валютаның әлсіреуін жасырып отыр», дейді Айдархан Құсайынов.

Экономистің айтуынша, активтердің бағасы өсіп жатқандай көрінгенімен, бұл көбіне валютаның құнсыздануымен байланысты. Ақша арзандаған сайын, бағалар қағаз жүзінде ұлғая береді. Ал нақты байлық бұрынғы деңгейде қалуы мүмкін немесе төмендейді. Осыдан келіп табысты өлшеу мәселесі туындайды. Қазіргі қоғамда жалақыны, жалпы ішкі өнімді, табысты доллармен санау қалыпты әдетке айналған. Бірақ А.Құсайынов мұның дұрыс еместігін айтады.
«Табыс пен жалақыны, жалпы ішкі өнімді доллармен өлшеу алтынның килограмымен немесе мұнай баррелдерімен санағанмен бірдей. Мұның бәрі шартты өлшемдер ғана. Ал нақты маңыздысы теңге. Біз осы валютамен өмір сүреміз. Доллармен ойлау сананың отарлануының айқын белгісі», дейді ол.

Экономист бұл жерде тек қаржыны емес, қоғамның ойлау жүйесін де айтып отыр. Адамдар өз жағдайын үнемі доллармен салыстырып үйренген. Бұл ұлттық экономиканы өз өлшемімен бағалауға кедергі келтіреді. Елдерді бір бірімен салыстырар болсақғ, мемлекеттерді үнемі бір шкаламен өлшеу табиғи құбылыс емес. Бұл салыстырулар отаршылдық пен неоколониализм кезеңінде пайда болған.
«Ежелгі адамдар бағаны жай ғана салыстырудың дұрыс еместігін түсінген. Бір жерде су арзан, бір жерде су тапшы. Бір жерде финик үшін жарты патшалық береді, бір жерде ол тегін жатыр. Олар экономиканы айырбас бағамымен өлшеуге болмайтынын білген. Қалыпты тәжірибеде бәрі сатып алу қабілетінің паритеті бойынша есептеледі», дейді экономист.

Сатып алу қабілетінің паритеті нақты адамның өмір сүру деңгейін көрсетеді. Бұл әдіс абстрактілі сандарды емес, нақты тұрмысты салыстыруға мүмкіндік береді. Сондықтан кәсіби ортада экономика көбіне осы тәсілмен өлшенеді. Жалпы ішкі өнім көрсеткішінің тарихы да маңызды. ЖІӨ негізгі өлшемге тек ХХ ғасырдың соңында айналған. Екіполярлы әлем ыдырағаннан кейін ғана елдер бір-бірімен жаппай салыстырыла бастады. Бұған дейін әр мемлекет өз әдістемесін қолданған. Салыстыруға онша мән берілмеген. Бұл үрдіс мемлекеттік саясатқа да әсер етті. Көп жағдайда басты мақсат ЖІӨ өсімі болып кетеді. Ал бұл көрсеткіш халықтың нақты тұрмысын толық көрсете бермейді.
«Мемлекеттік саясат халықтың мұқтажына бағытталуы керек. Негізгі мақсат қоғамның әл ауқаты болуы тиіс. Ал өзге елдің валютасымен өлшенетін ЖІӨ-ні басты бағдар ету тәуелсіздік пен кәсібиліктің күмәнді үйлесімі. Бүгінде бұрынғы ережелер әлсіреп жатыр. Көптеген жүйелер жұмыс істемей қалды. Осындай кезеңде ескі тәсілдерге сүйену қауіпті. Біз қазір ескі ережелер бұзылып жатқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Шынайы серпіліс тек батыл ойлау арқылы болады. Егер бұрынғы қағидаларға ғана сүйенсек, артта қаламыз», дейді Айдархан Құсайынов.
Демек ескі нормаларды бұзып, жаңа ойлау жүйесін қалыптастыру қажет. Нағыз серпіліс тек осындай жағдайда мүмкін болады. Осы тұрғыда ол Қазақстанның стратегиялық мақсаты қандай?
«Қазақстанның ЖІӨ-ін 450 млрд долларға жеткізу мақсаты бұл жай ғана сан емес. Бұл ескі түсініктерге қарсы шыққан батыл қадам. Мұндай шешімді тек өте мықты саясаткерлер ғана қабылдай алады. Бұл мақсат сырттай қарағанда классикалық өлшемге ұқсайды. Бірақ ішкі мазмұны бөлек. Бұл халықаралық ережелерді пайдалана отырып, сол жүйенің өзіне сын айту тәсілі. Басты өлшем сандар емес. Бастысы адамдардың қалай өмір сүріп жатқаны. Табыс жеткілікті ме? Қызметтер қолжетімді ме? Болашаққа сенім бар ма? Теңгемен ойлау деген ұғым да осыдан шығады. Бұл – өз экономикасына сену, өз нарығына арқа сүйеу, өз даму жолын өзі таңдау», дейді Айдархан Құсайынов.