💰 Экономика

Экономиканы әртараптандыру – Үкіметтің басым бағыты

Экономиканы әртараптандыру – Үкіметтің басым бағыты

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Жиында инвестициялық саясатты жаңғырту, терең өңдеуді кеңейту, импортқа тәуелділікті төмендету бағытындағы нақты тетіктер талқыланды. Сондай-ақ отырыста өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика салаларындағы ірі жобалардың іске асырылу барысы баяндалды, деп жазады Ozgeris.info.

 «Мемлекет басшысы біздің алдымызға өнімділікті арттыру мен технологиялық жаңару есебінен өсімді қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл экономикалық саясатты түпкі нәтижеге, яғни халықтың табысын ұлғайту мен экономикалық дербестікті нығайтуға қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Дәл осы тұста өңдеу саласын әртараптандыру және оны белсенді дамыту маңызды рөл атқарады», деді отырысты ашып берген Премьер-министр.

Үкімет 2029 жылға қарай 400 млрд доллар жиынтық инвестиция тарту арқылы экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуді қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған міндеттерін жүзеге асыру тетіктері туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.

Оның айтуынша, ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың ІЖӨ-ге қатынасы қазіргі 14-15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғаяды. Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс.

Металлургия, мұнай химиясы, газ өндірісі мен фармацевтиканы дамытуға баса назар аударылатын болады. Мемлекет инвесторларды шақырумен ғана шектелмей, экономикалық өсудің проактивті саясатын енгізіп жатыр. Яғни, Үкіметтің өзі жергілікті бизнестің қажеттіліктеріне «инвестицияға тапсырыс» қалыптастырады. Сондай-ақ жаңа өндірістерді іске қосу мақсатында дайын технологиялармен шетелдік серіктестерді тартады.

«Бұл саясаттың мәні – мемлекеттің тек инвесторларды шақырумен ғана шектелетін үлгіден нақты инвестициялық жобаларды қалыптастыру мен іске қосуға мемлекет белсенді қатысатын модельге көшу. Инвестиция тартудың бұл тәсілі экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Аталған жобаларды жүзеге асыру елдегі еңбек өнімділігінің орташа деңгейін арттырады. Бұл «орта табыс тұзағын» еңсеру мен жан басына шаққандағы ІЖӨ-нің одан әрі өсуіне қажет негізгі шарттардың бірі», деді С.Жұманғарин.

Импортқа тәуелділікті төмендету мен ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет қаржылық қолдаудың жаңа құралдарын қолданады. Вице-премьер «Инвестицияға тапсырыс» тетігін енгізу мен «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру жөніндегі жоспарлар туралы хабарлады.

Оның айтуынша, экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады.

Инфляцияның себептерінің бірі – базалық тауарлар тапшылығын жоюға баса назар аударылады. Қазір азық-түлік секторында 12 бағыт, азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалды. 2030 жылға дейін «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы шамамен 100-120 млрд долларға өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру жоспарланып отыр.

«Ішкі нарықты отандық тауарлармен жүйелі түрде қамту үшін «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі – тұтыну мен тұтыну емес сегменттерде отандық өндірістегі бірқатар базалық тауарлардың тапшылығы. Біздің мақсат – ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті төмендету. Экономикалық өсудің проактивті саясаты Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете отырып, экономиканы индустрияландыру мен әртараптандырудың негізгі құралына айналады», деді С. Жұманғарин.

Ал елдегі автомобиль өнеркәсібінің дамуы туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндама жасады. Ол автомобиль өндірісі былтыр рекордтық өсім көрсетіп, машина жасау секторының 41,7%-ын құрағанын айтты. 171 мыңнан астам көлік шығарылды, оның 159 мыңы – жеңіл автомобильдер. Екі жаңа жоғары технологиялық өндіріс іске қосылды, олар –  Chery, Haval, Changan брендтері бар Алматыдағы мультибренд зауыты мен Қостанайдағы Kia Qazaqstan зауыты.

«Осындай зауыттардың іске қосылуы автокомпоненттер өндірісін локализациялауға серпін беріп отыр. Мысалы, өткен жылы Алматы индустриялық аймағында автокомпоненттер технопаркі іске қосылды. Онда автокөліктерге арналған мультимедиа жүйелері мен орындықтар өндіріледі», деді министр.

Бүгінде Саран қаласындағы «Tengri Tyres» зауыты автомобиль шиналарын шығарады. Қостанайдағы «KamLitKZ» зауытында шойын құятын заманауи технологиялар мен автоматтандырылған жүйелерді пайдаланатын шойын құю өндірісі  іске қосылды. Сонымен қатар «Allur» компаниясы автокомпоненттер өндірісін локализациялау орталығының құрылысына кірісті. Одан бөлек алдағы үш жылда жылыту мен кондиционерлеу жүйелері, тежегіш, салон мен еденге арналған пластикалық бөлшектер сияқты  автокомпоненттерді локализациялау бойынша жаңа жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар отырыста Ерсайын Нағаспаев республикадағы сирек металдар секторының әлеуетіне тоқталды. Министр сирек металдар секторының экономиканы әртараптандыру мен жоғары технологиялық өндірістерді құруға әлеуетті екенін атап өтті. Бүгінде отандық өнім экспортқа шығарылады. Олар әлемдік ірі өндірушілердің авиация, теңіз техникасы, электроника мен электр көліктері өндірісінде қолданылып жүр. Соңғы екі жылда отандық өндіріс ассортименті жаңа өнімдермен толықты. Мәселен, техникалық селен мен жоғары таза марганец сульфатының моногидраты баламалы энергетика саласында қолданылады.

«Биыл галлий шығаратын өндіріс іске қосылады. Өткен жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Жапонияға сапары кезінде ERG мен Mitsubishi Corporation арасында аталған металлды жеткізу жөнінде офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар жылына 2,4  мың тонна тазартылған сурьма өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша, еліміз металлургияның midstream сегментіндегі негізгі елдер қатарына кірді», деді Е.Нағаспаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңдеу өнеркәсібінің одан әрі дамуын айқындайтын 17 ірі жоба таңдалды. Қазір министрлік 9 жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың екеуі өткен жылы іске қосылды. Барлық 9 жоба толық қуатқа шыққанда өндіріс көлемі 7,3 млрд долларға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Бұл импортқа тәуелділікті азайтуға, экспорт әлеуетін арттыруға жол ашады.

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы тұрақты әрі серпінді дамып келеді. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді кеңейту мен тереңдету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Министрдің мәліметінше, былтырғы жылдың қорытындысында азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9 трлн теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы деңгейден 8,1%-ға жоғары. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2 есе өсіп, 389,4 млрд теңгеге жетті. 2025 жылғы 11 айда өңделген өнімнің экспорты 3,2 млрд доллар болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 33,8%-ға артық.

«Бұдан бөлек, аграрлық-өнеркәсіптік кешен экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 52%-ды құрайды. Мұның бәрі өндірісті әртараптандыруға, қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі», деді А.Сапаров.

Сондай-ақ ол елімізде тері мен жүнді қайта өңдеуге қатысты өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру мен жаңғырту жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, былтыр бірқатар ірі нысандар пайдалануға берілді. Олар: Ақтөбе қаласындағы қуаты 2,2 мың тонна «Қазфельтек» жүнді қайта өңдеу жобасы; Ақмола облысындағы қуаты 2,4 мың тонна «Агро Протеин» жемшөп қоспаларын өндіру жобасы.

«Саланы одан әрі дамыту мақсатында 9,9 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар қосымша 1,3 млн тонна өңдеу қуатын іске қосады», деді А.Сапаров.

Отырыста сөз сөйлеген Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқыщбаев елдің энергетикалық секторын нығайтуға бағытталған шаралар туралы айтты. Осы мақсатта Үкімет мұнай өңдеу қуатын қазіргі 18,4 тоннадан жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) жаңғырту, қуаты 10 млн тонна жаңа зауыт салуға дайындық жүріп жатыр.

Қайырхан Тұтқышбаевтың сөзінше, жұмыс істеп тұрған МӨЗ-дерді жоспарлы түрде кеңейту 2030 жылға қарай дизель отынының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Ал 2033 жылы төртінші зауытты іске қосу авиакеросинге деген қажеттілікті толық өтеп, К5 стандартындағы жоғары сапалы мұнай өнімдерін экспортқа шығаруды қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ Қашаған кен орнында газ өңдеу қуаттарын арттыру жұмыстары жүріп жатыр. 2026 жылдың соңында ГӨЗ-1-дің іске қосылуы жылына 2,5 млрд текше метр тауарлық газ өндіруге жол ашады. Мұнай-газ химиясы секторында басты назар терең өңдеуге бағытталған. Полиэтилен, бутадиен мен карбамид шығару туралы жобалар іске асса, шикізатпен салыстырғанда өнім құнын 20 есеге дейін арттыра алады. Биыл Павлодар облысындағы алкилат өндіретін зауыттың құрылысы одан әрі қарқынды түрде жалғасады. Бұл зауыт еліміздің ішкі қажеттіліктерін 100% өтейді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2026-2033 жылдары елімізде қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа МӨЗ-дің техникалық-экономикалық негіздерін әзірлеу, жобалау, салу мен іске қосу жұмыстарын жүзеге асыра отырып, қайта өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген. Кеңейту жобалары мұнай өнімдерінің тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді. 2033 жылы төртінші зауыт есебінен авиакеросин тапшылығы жойылып, көрші елдерге жанар-жағармай материалдары экспорты басталады. Жұмыс істеп тұрған зауыттарда қайта өңдеу үлесі 94%-ға дейін өседі, ал отын сапасы К5 стандартына дейін артады», деді Қ.Тұтқышбаев.

Мемлекет басшысының экономикалық өсімнің жаңа моделіне көшу жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Үкімет ішкі нарықты отандық тауарлармен толық қамтуға назар аударып отыр. «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин өз кезегінде «терең қайта өңдеу» жобаларын іріктеу тетіктері туралы баяндады.

Оның айтуынша, даму институттары ресурстарды 15-20 негізгі индустриялық алпауыттарды іске қосуға жұмылдырмақ. Ал шағын бизнесті қолдау 7 млрд теңгеге дейінгі мемлекеттік кепілдікпен екінші деңгейдегі банктерге өтеді. Бұл мемлекетке металлургия, химия, АӨК импорттарын алмастыра алатын зауыттар жобасын тезірек қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге баса мән беріліп келеді. Салалық министрлікпен бірлесіп ет комбинаттары мен сүт зауыттарынан бастап тері мен жүнді қайта өңдеу цехтарына дейін 2,3 трлн теңге сомасына 208 жоба іріктелді. Индустриялық блокқа келсек, металлургияда 3,9 трлн теңгеге 23 жоба жөнінде жұмыс жалғасып жатыр. Оның ішінде кальцийленген және каустикалық сода шығаруды қоса алғанда, химия өнеркәсібін дамыту жобалары бар.

«Қазіргі уақытта 3,4 трлн теңге сомасына 449 инвестициялық жобаның тізбесі қалыптастырылды. Негізгі басымдық  – қосылған құны жоғары өнімді шығаруға көшу. Атап айтқанда, Қазақстан Даму банкі шикізаттық емес экспортты қолдауға 2 трлн теңге бағыттайды. Ал Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы тамақ өнеркәсібі жобаларын 1 трлн теңгеге қаржыландырады», деді Р.Қарағойшин.

Үкімет отырысында сөз алған KazFoodProduckts бас директоры Әлихан Талғатбек компанияның агроөнеркәсіптік кешендегі өндірісті әртараптандырудағы табысты тәжірибесі туралы айтып берді. KazFoodProduckts компаниясы 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында жұмыс істемейтін «Биохим» зауытын сатып алған. Қысқа мерзім ішінде ауқымды жаңғырту жүргізіліп, технологиялық процестер қалпына келтіріліп, кәсіпорын іске қосылған.

«Қазір біз жыл сайын 300 мың тонна астықты жоғары өңделген өнімдерге – крахмал, бидай глютені мен биоэтанолға бөліп өңдейміз. Осының арқасында жай астық экспортымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары қосылған құн қалыптасады. Нәтижесінде өндірілген биоэтанол Еуропа елдеріне экспортталады. Ал глютен бізге алыс шетелдердің, соның ішінде АҚШ пен Жапонияның нарықтарын ашты. Өз кезегінде крахмалды ТМД мен Азия елдеріне негізгі жеткізуші болып отырмыз», деді компания басшысы.

Ол сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» және америкалық серіктестермен ынтымақтастықта ТМД-да экологиялық таза автомобиль мен авиациялық отын (SAF) өндіретін алғашқы зауыт салу жөніндегі жоба жұмысы басталғанын айтты. Зауыттың қуаттылығы – 50 мың тонна, ал инвестициялар шамамен 200 млн долларды құрайды.

Ізінше сөз сөйлеген OrdaGlass компаниясының өкілі Ғалымжан Қуатов өңдеу өнеркәсібін дамыту шеңберінде табақ шыны импортын алмастыру үлесі 50,2%-ға дейін ұлғайғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл газ бағасын жеңілдікпен пайдаланғанның әрі инженерлік инфрақұрылымды дамытудың арқасында мүмкін болды. 

«China Glass Holdings Limited» халықаралық холдингімен бірлесіп іске қосылған кәсіпорын жылына 197,1 мың тонна өнім шығарады. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 42 млрд теңге. Өндірісте 347 адам жұмыс істейді, оның 292-сі – жергілікті тұрғындар. Отандық кварц құмын пайдалану мен жүйелі қолдау арқасында зауыт жыл сайын өнім шығару көлемін ұлғайтып жатыр. Қазір кәсіпорын ішкі қажеттіліктерді ғана қамтып қоймай (70%), өнімдерді (30%) ТМД елдеріне, сондай-ақ Польша, Эстония, Латвия мен Швейцария нарықтарына экспорттап отыр.

«Бізге мамандарды тарту мәселелерін шешуді, газ құнын төмендетуді қоса алғанда, тұрақты жұмысты қамтамасыз етуге елеулі көмек көрсетілді. Бұл соңғы үш жылда шамамен 500 мың тонна шыны өндіруге мүмкіндік берді, бұл ретте көрсеткіш 12,9%-ға, 2023 жылғы 155 мың тоннадан 2025 жылы 175 мың тоннаға дейін өсті. Нәтижесінде 2025 жылы экспорт көлемі 95 мың тоннаға жетті, бұл 2023 жылғы деңгейден 30,5%-ға жоғары», деді Ғ.Қуатов.

Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын тілге тиек етті.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін атап көрсетті. Жалпы ішкі өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі кен өндіруші сектордан асып түсті. Осы қарқынды сақтап қана қоймай, одан әрі еселей түсу керек. Жаңа кластерлерді құру өнімді жоғары деңгейде өңдеу жүйесіне көшуге мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі биыл 4,4%-ға артқанын атап өтті. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш (2025 жылдың қаңтар айында – 3,7%).

«Экономиканы әртараптандыру мен өсім жоспарларын орындау үшін өндірістік қуаттарды арттырып, шикізаттық емес секторда терең өңдеуді дамытатын нақты іс-шаралар қажет. Ең перспективті бағыттарды айқындап, мол өнім беретін әрі экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аталған шаралар сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан экономиканың тұрақтылығын күшейтіп, экспорттық әлеуетті арттырады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға, ұзақмерзімді ұлттық мүдделерге сай келетін заманауи индустриялық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар ол Президенттің нақты өндірісті қолдау, инвесторларды тарту, озық цифрлық технологияларды іске қосу бағытында шаралар қабылдау туралы тапсырма бергенін атап өтті.

«Өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту қажет. Кейбір бағыттарда әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым. Яғни, бұл қосылған құнның негізгі бөлігі экономикамыздың аясынан тыс қалыптасып жатқанын білдіреді. Біздің мақсатымыз – жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қою. Бұл орайда жинақтаушы бөлшектер шығару, локализация деңгейін арттыру, заманауи технологияларды қолдану, өндірісті автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне баса назар аудару керек», деді О.Бектенов.

Сөз барысында Олжас Бектенов Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне бір ай мерзімде қайта өңдеу саласында қосылған құны мен экспорттық әлеуеті жоғары өнімдер шығаратын жаңа өнеркәсіптік жобалардың нақты тізбесін ұсынуды тапсырды. 

«Іске қосылатын әр жоба өз алдына бөлек емес, экономикаға мультипликативті әсері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылуға тиіс. Салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер перспективті инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылымиен, ресурстармен, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етсін», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы «KazakhInvest» компаниясына мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Бәйтерек» холдингімен бірге осы жылдың 1 сәуіріне дейін ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ете отырып, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жобалардың өзекті пулын қалыптастыруды міндеттеді. Бұл қолданыстағы жобаларға қолдау шараларын көрсету барысында жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің дерегінше, қазір Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа базасында шамамен 80 трлн теңге сомаға 1 319 әлеуетті жобаның пулы бар. Алайда, бұл жобалардың дайындық деңгейі туралы ақпарат жоқ. Жобалардың 30%-ы бірін-бірі қайталайды. Әкімдіктермен жеке ұсынылған жобалар Платформада көрсетілмеген.

Үкімет басшысы сондай-ақ Энергетика және Өнеркәсіп министрліктеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, кейін отандық компаниялардың өңдеуіне қажетті ішкі нарыққа қолжетімді полимер шикізатын жеткізудің ашық әрі тұрақты шарттарын қамтамасыз етуді, Өнеркәсіп министрлігіне полимер өнімдерін одан әрі өңдеуге арналған жобалардың нақты пулын ұсынуды тапсырды.

Премьер-министр құрылыс саласы дәстүрлі түрде өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай үлес қосып келетінін, алайда, бұл салада, әсіресе нысандарды жеке қаржы көздерінің есебінен салу кезінде импорттық құрылыс материалдарының үлесі жоғары болып отырғанын атап өтті.

«Өнеркәсіп министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ірі нысандарды, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық материалдардың үлесін тұрақты түрде қадағалап отыруды тапсырамын», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар уәкілетті министрліктерге агроөнеркәсіп кешенін қолдау құралдарын кеңейту тапсырылды.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты құрылымында әлі күнге дейін астық пен ет сияқты шикізат түрлері басым. Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударды. Сондықтан терең өңделген өнімдер шығаруға күш салу қажет. Қазірдің өзінде мұндай жобалар бар және олар тиімділігін көрсетіп отыр», деді Премьер-министр.

 Нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын бизнесті қолдау құралдарын кеңейту, Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне айналым қаражатын несиелеу мерзімін екі жылға дейін ұзарту мәселесін шешу міндеттелді.

                                      

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу қажеттігі атап өтілді. Қазір Үкімет мемлекеттік қолдаудың арнайы шараларын жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, астықты терең өңдеу жобалары бойынша инвестициялық субсидиялар 50%-ға дейін ұлғайтылды. Жабдықтар импорты мен негізгі қызметті кейбір салықтардан босату көзделген. Қабылданған шаралар кешенінің шикізат экспортына тәуелділікті төмендетуге ықпал етуі күтіледі. Ал өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру экономиканың ұзақ мерзімді орнықты дамуына негіз болады.

Сонымен бірге Үкімет басшысы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика мпнистрі Серік Жұманғаринге әлемдік тәжірибеге сәйкес экономикалық өсімді ынталандыру жұмысын жалғастыруды тапсырды.

Сондай-ақ Премьер-министр елдің тамақ өнімдерін өндіру бағытындағы жоғары әлеуетін атап өтті. Мысал ретінде жақында жұмыс сапары барысында барған Астанадағы отандық компания келтірілді.

«Нәтижелер бар деп айтуға болады, бірақ осы тамақ өнімдерін өндіру бағытында әлеует өте жоғары. Біз әлі күнге дейін өз нарығымызды толығымен қамтамасыз ете алмай жүрміз. Сондықтан мүмкіндіктер бар. Мысалы, мен кеше Астанадағы «Тәп-тәтті» компаниясына бардым. Ол кішігірім кондитерлік цехтан бастап, 4-5 жылдың ішінде үлкен зауытқа айналды. 1,5 мың адам жұмыс істеп жатыр. Осындай кәсіпкерлерді насихаттап, қолдауымыз керек. Кәсіпкерлікпен айналысу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осындай таланты бар адамдарға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпкерлер – әрбір мемлекеттің негізгі тірегі. Оны дұрыстап түсіне білу керек. Барлық Үкімет мүшелеріне, әкімдерге айтатыным, осындай кәсіпкерлер барлық өңірде бар. Оларға барынша қолдау көрсетіңіздер», деді Үкімет басшысы.

Барлық жаңалық