Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры өңірлік экономикалық шолуын ұсынды. Қордың бағалауынша, аймақ елдерінің экономикасы кейінгі жылдары өсімді сақтап қалды. Алайда алдағы кезеңде инфляция мен бюджетке түсетін салмақ негізгі сынға айналмақ, деп жазады Ozgeris.info.
Қор дерегіне сәйкес, қор құрамына кіретін елдердің экономикасы 2022 жылдан 2025 жылға дейін тұрақты өсім көрсетті. Бұл өсімге ішкі сұраныстың күшеюі, инвестициялық белсенділіктің артуы және ынталандырушы бюджеттік саясат әсер еткен. Дегенмен орта мерзімді кезеңде экономикалық қарқынның баяулауы күтіледі. Бұған жоғары инфляция, сыртқы тәуекелдердің күшеюі және фискалдық шектеулер себеп болып отыр.
2024 пен 2025 жылдары өңір экономикасындағы басты үрдістер айқын көрінді. Экономикалық өсім көптеген елде ішкі тұтыну мен мемлекеттік шығындардың есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Беларусь елдерінде баға өсімі сұраныстың қызып кетуімен, бюджеттік ынталандырумен және реттелетін тарифтердің қымбаттауымен байланысты. Ал Армения мен Тәжікстанда инфляция нысаналы деңгейге жақын болды.
Ақша несие саясаты да елдер бойынша әртүрлі қалыптасты. Ресей, Қазақстан және Қырғызстан орталық банктері қатаң саясатты сақтап отыр. Ал Армения мен Тәжікстанда мөлшерлемені жұмсартуға белгілі бір мүмкіндік бар екені атап өтілді. Сыртқы саудада да жағымсыз үрдіс байқалады. Экспорт өсімі баяулады немесе қысқарды, ал импорт ұлғайып, тауарлық тапшылық кеңейді.
Зерттеуде 2026 пен 2028 жылдары экономикалық өсім барлық елде баяулайтынын айтады. Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда өсімнің ең жоғары шегі 2025 жылы қалып қойды. Алдағы жылдары инфляция біртіндеп төмендеуі тиіс, бірақ бұл процесс оңай болмайды. Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Беларусь орталық банктері үшін бағаны нысаналы деңгейге қайтару күрделі міндетке айналады.
Бюджетке түсетін салмақ та күшеймек. Ресей, Қазақстан және Армения үшін фискалдық тұрақтандыру өзекті болса, Қырғызстан мен Тәжікстан ірі инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік кәсіпорындарға байланысты шығындарға тап болады. Қордың бағалауынша, тәуекелдер негізінен сыртқы факторлармен байланысты. Ресей экономикасының баяулауы, шикізат бағасының нашарлауы және геосаяси жағдай өңірге әсер етуі мүмкін.
«Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорына мүше елдердің көпшілігі жоғары тұрақтылық көрсетіп отыр, экономикасы сенімді өсіп келеді. Алайда бірқатар теңгерімсіздіктер байқалады. Қазақстан мен Қырғызстанда экономикалық белсенділік қызып тұр, бұл қатаң ақша несие саясатын талап етеді. Ал Армения мен Тәжікстанда инфляция нысаналы деңгейге жақын, сондықтан жұмсағырақ саясатқа мүмкіндік бар. Болжамды айтарлықтай қайта қараған жоқпыз, бірақ тәуекелдер балансы теріс болып қалып отыр және сыртқы факторлар басым. Соған қарамастан орта мерзімді кезеңде макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп көріп отырған жоқпыз», дейді қор сарапшысы.
Қордың 2025 жылғы өңірлік шолуында Қазақстан экономикасына жеке тоқталады. Құжатта Қазақстан мен Қырғызстанда экономикалық белсенділіктің жоғары екені атап өтілген. Қазақстан 2025 жылы өңірдегі ең жылдам өсіп жатқан экономикалардың бірі саналады. 9 айдың қорытындысы бойынша өсім 6,3% болды, ал жыл соңында жалпы ішкі өнім 6,1% өседі деп күтілуде.
Бұл өсім ең алдымен ішкі сұраныс пен мемлекеттің инвестициядағы белсенді рөлімен байланысты. Сонымен қатар бюджеттік жағдайдың жақсарғаны да көрсетілген. Бюджет тапшылығы қысқарып, бұл алдыңғы жылдардағы жылдам өсім кезеңдерінен ерекшеленіп отыр.
Алайда жоғары қарқын белгілі бір салдарсыз болмайды. 2025 жылдың қыркүйегінде инфляция 12,9% жетті. Осыған байланысты базалық мөлшерлеме 18% дейін көтерілді. Ақша несие шарттары қатаң күйінде қалып отыр, себебі ішкі сұраныс бағаға қысым жасауда. Төлем балансының тапшылығы ұлғайды, ал үшінші тоқсанда теңге әлсіреді. Қор бұл құбылыстарды жоғары экономикалық белсенділіктің табиғи салдары ретінде бағалайды.
Өңір елдерімен салыстырғанда Қазақстанның жағдайы айқын көрінеді. Ресейде өсім 0,6% дейін баяулап, инфляция 8% түсті. Арменияда өсім шамамен 6,1% болса да, инфляция 3,7% дейін төмендеген. Беларусь экономикасы 1,5-1,6% деңгейінде өсіп, сыртқы сұраныстың әлсіздігін сезінуде. Қырғызстан мен Тәжікстанда өсім жоғары, шамамен 9% және 7–8%, бірақ бұл елдердің экономикасы сыртқы және бюджеттік факторларға көбірек тәуелді.
Қордың бағалауынша, Қазақстанда алдағы жылдары өсім баяулайды. 2026 мен 2028 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,2-4,5% деңгейінде болады. Инфляция біртіндеп төмендеп, 2026 жылы 10%, 2027 жылы 8,4%, 2028 жылы 7% деңгейіне жетеді деп болжануда. Ақша несие саясаты кемінде 2026 жылдың ортасына дейін қатаң күйінде қалады. Баға тұрақтанған жағдайда базалық мөлшерлеме 2026 жылдың соңына қарай 15% дейін төмендеуі мүмкін. Теңге бағамы 2026 жылы 554 теңге шамасында болып, кейін біртіндеп әлсірейді деп күтіледі.