🤖 Digital

Егіс алқабын енді жасанды интеллект бақылайды

Егіс алқабын енді жасанды интеллект бақылайды

Қазақстан агроөнеркәсіп саласын цифрландырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Енді елдегі егіс науқанының барысы жасанды интеллект көмегімен бақыланып, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі алдын ала болжанбақ, деп жазады Ozgeris.info.

 

Жаңа цифрлық платформаны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп әзірлеген. Қазір жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Ал келесі кезеңде платформаға жасанды интеллект элементтері енгізіліп, деректерді автоматты түрде талдау және өндіріс көлемін болжау тетігі іске қосылады.

 

Үкімет отырысында баяндама жасаған ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жаңа жүйе егіс науқаны туралы мәліметтерді жедел жинауға мүмкіндік беретінін айтты.

 

«Қазір платформа тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Негізгі мақсат – егіс жұмыстары туралы деректерді бір жерге шоғырландыру. Алдағы уақытта жүйеге жасанды интеллект енгізіліп, өндіріс көлемін талдау және болжау мүмкіндігі пайда болады», деді ол.

 

Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе арқылы мемлекет нақты уақыт режимінде қай өңірде қанша жерге егін егілгенін, қандай дақыл көлемі артқанын және қандай тәуекелдер бар екенін көре алады. Бұл әсіресе құрғақшылық, су тапшылығы немесе логистикалық қиындықтар кезінде маңызды болмақ.

 

Цифрландырумен қатар егіс науқанын қажетті ресурстармен қамту жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл ел бойынша тұқымға деген жалпы қажеттілік 2,3 миллион тоннаны құрайды. Оның басым бөлігі бірінші және екінші класс стандартындағы тұқымдар. Сонымен қатар ішкі нарықта тыңайтқыш бағасы бекітілген. Бұл фермерлер үшін шығынды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Өйткені соңғы жылдары аграршылар үшін жанар-жағармай, тыңайтқыш және техника бағасының өсуі негізгі мәселелердің біріне айналған еді.

 

Бұдан бөлек, сәуір айынан бастап элеватор салу және қолданыстағы астық сақтау нысандарын жаңғыртуға арналған жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған. Ауыл шаруашылығы министрлігі элеваторларды қаржыландыруға арналған арнайы жол картасын әзірледі. Құжатта қаржыландыру талаптары мен негізгі көрсеткіштер белгіленген. Егер қаржы толық бөлінсе, елдегі астық сақтау қуатын қосымша 1 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

 

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үшін бұл өте маңызды мәселе. Өйткені соңғы жылдары егін көлемі артқанымен, астық сақтау инфрақұрылымы барлық өңірде бірдей дамымаған. Соның салдарынан кей аймақтарда өнімді сақтау мен тасымалдауда қиындықтар туындайды.

 

Мамандар жаңа цифрлық жүйе мен жасанды интеллект технологиялары агросекторды басқару тәсілін өзгертуі мүмкін екенін айтады. Егер платформа толық іске қосылса, мемлекет егіс құрылымын нақты бақылап, өнім көлемін алдын ала болжай алады. Ал бұл ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, агробизнеске жоспарды дәлірек құруға көмектеседі.

 

Барлық жаңалық