Бүгінде IT саласы көпшіліктің арманына, болашаққа деген сенімді жоспарына айналды. Бұл жай ғана сәнге айналған мамандық емес, бұл – ертеңгі күннің басты мәселесі. Неліктен дәл қазір IT саласына баруға ең қолайлы уақыт? Университеттер шын мәнінде не үйретуі керек? Студенттерге жасанды интеллект не үшін қажет? Бұл маңызды сұрақтардың жауабын "Astana IT University" ректоры Альтаир Ахметов "Ulysmedia.kz" бас редакторы Самал Ибраеваға берген көлемді сұхбатында тарқатып айтып берді деп жазады ozgeris.info сайты.
Әңгіме барысында бірқатар өзекті тақырыптар талқыланды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындары неге бұдан былай құрғақ "диплом беретін фабрика" бола алмайтыны сөз болды. Студенттердің қағаз жазудың орнына дайын стартап жобаларын қорғауы, оқу орны түлектерін қандай компаниялар жұмысқа шақыратыны нақтыланды. Сонымен қатар елімізге цифрлық журналистер мен мемлекеттік басқару мамандары не үшін қажет екені түсіндірілді. IT бағытында өзгелерді қуып жету стратегиясының неліктен тиімсіз екені, жастарды киберқауіпсіздікке қалай оқытатыны да назардан тыс қалмады.
Сұхбатта басқа да қызықты мәліметтер айтылды. Мәселен, қазақстандықтардың ChatGPT, Grok, Perplexity AI сияқты құралдарды тегін қолдану мүмкіндігі сөз болды. Түлектердің тоқсан алты пайызға жұмысқа тұру көрсеткіші мен оқытушылардың нақты жалақысы ашық талқыланды. Қатерлі ісікті анықтайтын немесе есту және сөйлеу қабілеті төмен жандарға арналған жасанды интеллект аватарлары сияқты бірегей стартаптар көпшіліктің назарын аударды.
Бүгінде "Astana IT University" үш жылдық оқу жүйесіне, ағылшын тіліндегі бағдарламаларға және мықты киберқауіпсіздік мектебіне басымдық беріп отыр. Ең бастысы – тек теориямен шектелмей, нақты тәжірибеге сүйену. Оқу орны шаң басқан дипломдардың орнына жастарға нақты жобалар, заманауи стартаптар жасап, нарықпен тұрақты байланыста болуға зор мүмкіндік береді.