Жаңалықтар

«Бізге қатысы жоқ»: «Қазақмыс» Тараздағы фосфор зауытындағы даудан кейін ресми мәлімдеме жасады

«Бізге қатысы жоқ»: «Қазақмыс» Тараздағы фосфор зауытындағы даудан кейін ресми мәлімдеме жасады

«Қазақмыс корпорациясы» әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған Тараздағы «НДФЗ» ЖШС-не (Жаңа Жамбыл фосфор зауыты) қатысты ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Корпорация өкілдері Тараздағы фосфор зауытында болып жатқан соңғы оқиғаларға ешқандай қатысы жоқ екенін кесіп айтты.

«Корпорация зауыттың қызметіне, оны басқаруға, кадрлық шешімдер қабылдауға және кәсіпорын қызметкерлеріне қатысты қандай да бір оқиғаларға қатысы жоқ», – делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар, компания басшылығы БАҚ өкілдері мен желі қолданушыларын тексерілмеген, жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тараздағы фосфор зауытының жұмысшылары жаппай наразылыққа шыққан болатын. Жұмысшылардың ашуын тудырған басты себептердің бірі – зауыт ішіндегі қатаң тексеріс.

Жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, кәсіпорында «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейд жүргізілген. Тексеріс барысында зауыт аумағында есірткі заттарын сақтаған адамдар анықталып, олардың кейбірі жұмыс орнында есірткіге еліткен масаң күйде болғаны расталды.

Желідегі түсініспеушілік екі бөлек компанияның атауларындағы ұқсастықтар мен бұрынғы меншік иелеріне байланысты туындаған. EGov порталының 11 маусымдағы ресми деректеріне сәйкес, жағдай мынадай:

  • Фосфор зауыты Kaz Chemicals компаниясына тиесілі. Өз кезегінде бұл компанияның үш құрылтайшысы бар: Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары — Нұрхан және Нұржан Нұрлановтар, сондай-ақ АХҚО-да тіркелген Kazakhmys Resources B.V. компаниясы (бұл актив Владимир Ким мен Эдуард Огаймен байланыстырылады).

  • Ресми мәлімдеме жасап, зауыттан іргесін аулақ салған корпорация қазіргі таңда кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа тиесілі Qazaq Acquisition Corp. Ltd. жеке компаниясының құрамына кіреді. Артықбаев бұл активті 2025 жылдың қараша айында Владимир Ким мен Эдуард Огайдан толықтай сатып алған болатын.

Осылайша, құжат жүзінде қазіргі «Қазақмыс корпорациясының» Тараздағы фосфор зауытына да, оның құрылтайшыларына да ешқандай заңды немесе басқарушылық қатысы жоқ екені расталып отыр.

Барлық жаңалық