Шоу-бизнес

"Жазушы боламын деп шештім": Нұртас Адамбай отбасымен АҚШ-қа қоныс аударды (ВИДЕО)

"Жазушы боламын деп шештім": Нұртас Адамбай отбасымен АҚШ-қа қоныс аударды (ВИДЕО)

Желіде “Келінка Сабина” фильмінің авторы Нұртас Адамбайға қатысты пікірталас қызды. Қазақстандықтар оның кезінде “Барби” фильміне қарсы шығып, “Базз Лайтер” мультфильмін сынағанын және дәстүрлі құндылықтарды жиі сөз еткенін еске салып, кейін АҚШ-қа қоныс аударуын сөз етіп жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

Актер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Видеода актер ағылшын мектебіне сұхбат беріп, Америка Құрама Штаттарында жарты жылға жуық, бәлкім, бір жылдай уақыттан бері тұрақты тұрып келе жатқанын айтқан.

Сондай-ақ режиссер шетелге көшу туралы шешімді саналы түрде қабылдағанын жеткізді. Ол өзінің атасы, белгілі жазушы Балтабай Адамбаев туралы айтып, атасының жолын жалғап, кітап жазуға кіріскенін бөлісті.

“Фильмдеріме сценарий жаза бастағанда, атамнан дарыған белгілі бір қабілетім бар екенін сездім. Шамамен он жыл бұрын алғаш рет жазушы болу туралы ойладым”, – дейді ол.

Нұртас Адамбай жаңа кітабының “Тимми Дженнер” деп аталатынын айтты. Шығарма тоғыз жастағы мейірімді, ақылды әрі дарынды бала туралы жазылған.

Актер кітап оқу тіл үйренуге көмектесетініне сенетінін жеткізді. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеріп, болашақта жазушы болғысы келетін жастарға қорықпай әрекет етуге кеңес берді.

“Жаңа нәрсе бастаудан қорықпау керек. Алға қойған мақсатыңа жете алатыныңа сен. Өзіңе тым қатал болма, өзіңді жақсы көріп, құрметте және арманыңның соңынан ер”, – деді Нұртас Адамбай.

Барлық жаңалық